7 Қараша, 2018
Академик Рымғали Нұрғалидың құрметіне мемориалды-тақта орнатылды

Астана қаласы әкімдігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен аса көрнекті әдебиеттанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Рымғали Нұрғалидың құрметіне өзі тұрған үйге орнатылған ескерткіш-тақтаның салтанатты ашылуы өтеді.


Рымғали Нұрғали 1940 жылы 1 маусымда Семей өңіріндегі Абыралы ауданының Қайнар ауылында туған.



С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бітірген соң ол еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінде бастап, кейін Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді.



Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, филология факультетінің деканы болды.



1986-1996 жылдарда Қазақ энциклопедиясының бас редакциясына басшылық етті.



2000 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі болып қызмет істеді.



Р.Нұрғали қазақ театры мен драматургиясының тарихы, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және басқа қазақ әдебиеті классиктерінің шығармашылығы туралы іргелі монографиялық еңбектер жазды.



Ол белсенді ғылыми-педагогикалық қызметін әдеби шығарма­шылықпен қатар алып жүріп, роман, көркем әңгімелер мен повестер жазды. Әлем және орыс әдебиеті классиктерінің бірқатар еңбектерін қазақ тіліне аударды, өз еңбектері мен көркем шығармалары да біраз елдердің тілдеріне тәржімаланды.



Р.Нұрғали республикадағы энциклопедия ісін дамытуға айрықша үлес қосты.



Мемлекет алдындағы еңбегі үшін ол бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болды. «Парасат» орденінің иегері, «Қазақстанның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.





Әдебиеттану саласы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.



Астана қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 8 қаңтарындағы №105-7 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, әдебиеттанушы-ғалым Рымғали Нұрғалиға өзі тұрған үйге – Астана қаласы Абылай хан даңғылы 6/5 ұйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылды.



Салтанатты іс-шараға қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев академик Рымғали Нұрғалидың қазақ әдебиетінің дамуына және шәкірт тәрбиелеуде, елордамыз Астананың руханиятына қосқан үлесі туралы айтып өтті.




«Мен де ағамыздың шәкіртімін. Рымғали ағамыздың арқасында университет қабырғасында жүріп Мағжанның өлеңдерін, Міржақып пен Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерімен таныса бастадық. Ағамыздың қазақ ғылымына, өркениетіне қосқан үлесі орасан зор. Ағамыздың Елордаға алғашқылардың бірі болып көшіп келіп, осы қаланың мәдениетіне, руханиятына қосқан үлесін атап айтпау мүмкін емес», - деді Ермек Аманшаев.




Сонымен қатар, ол өзінің де ғалым Рымғали Нұрғалидың жетекшілік етуімен кандидаттық қорғағанын айтып өтті. Р. Нұрғали қазақ театры мен драматургиясының тарихы, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезов және басқа қазақ әдебиеті классиктерінің шығармашылығы туралы іргелі монографиялық еңбектер жазды.




«Бұл іс-шараның тәлімдік, танымдық, тәрбиелік мәні зор. Ағамыз ғылымға ынтасы бар әр қазақтың баласына қамқор бола білді. Әдебиеттегі еңбегі бір бөлек ағамызды театр танушы деп толық айта аламыз. Ағамыз Алматы төрінен Астанаға келгендегі мақсаты - Елордаға қазақи рухты енгізу, оның тарихы мен дәстүрін осы қалаға сіңіру болды. Қаладағы даңғылдар мен көшелерге берілген тамаша атауларда да ағамыздың қолтаңбасы бар», - деді Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.




Салатанатты іс-шараға академик Сейіт Қасқабасов, теледраматург Сұлтан Оразалин, Еуразия Ұлттық университетінің ұстаздары мен студенттері және шәкірттері қатысты.


Ruh.kz
Ruh.kz