30 Наурыз, 2019
Ақын Кенжебай Ахметов көркем фильм түсірді

Елімізде киноиндустрия қарқынды дамып келеді. Цифрлық жүйенің септігі болса керек. Қазақ кино нарығы жыл сайын авторлық фильмдермен толығуда. Жуырда қазақ кинофильмінің қоржынына тағы бір картина қосылды.


Жезқазғанда тұратын талантты ақын, жазушы, ғалым Кенжебай Ахметов жаңа қырынан танылды. Автордың режиссерлігімен көрерменге «Наза» кинотуындысы тарту етілді. Аталмыш фильмнің тұсауы 29 наурыз күні  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің концерт залында кесілді. Кенжебай Ахметов көзі қарақты жұртшылыққа етене таныс үлкен қаламгер. Республика орталығынан шалғайда жатқан тұйық әрі шағын қалада тұрып ақ, жыл сайын әдеби, ғылыми ортаны соны жаңалығымен қуантып, серпілтіп отыратын ірі талант. Міне, сегіз қырлы сабаз азамат тағы да жаңа қырынан танылып отыр.



Сонымен, авторлық фильм түсірген «су» жаңа режиссер Кенжебай Ахметовтың кино саласындағы алғашқы қадамына сәттілік тілеп, қуанышына ортақтаса келген көрермен қауымның кинофильм туралы пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз:



Аманжол Әлтаев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:  



Жұмыр басты пенденің фәни дүниеге қадам басып келгенінен кейінгі ғұмыры ата-ананың ақ батасына, асқар тау әке, аяулы ананың мейіріміне тікелей байланысты. Жастарымыз, бауырларымыз қамшының сабындай қысқа ғұмырда ата-әжені, әке-шешені аялап, ардақтай білуді жазсын. Наласыз, назасыз тағдыр кешіруді жазсын. Жаңа тамашалаған туынды осы құндылықтарды ескеруге, қадіріне жетуге үгіттейді, ой салады. Осындай дүниелер көрермен көзайымына айнала берсін.



Оралбай Әбдікәрімов, қоғам және мемлекет қайраткері:



Жақсы бір туындының куәсі болып отырмыз. Осы күнгі кинотуындылардың көбі атыс-шабыс, арзан күлкі болып кетті. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді жаңғыртуға, жалғастыруға деген ниетті, туған жерге деген, елге деген үлкен сағынышты, тамырдан айырылған адам трагедиясын көрсете білді. Өмір шындығын көрсете білді. Бастысы тамырды сақтап қалу. Бұл фильм Кенжебайдың көркемөнерінің басы ғана деп білемін. Үлкен жолда жолы болсын дегім келеді. Шығармашылық топқа сәттілік тілеймін. Қазіргі мүмкіндіктерді пайдалана отырып осы кинотуындыны бұқара елге жеткізсе екен. Олардың да осындай фильмдерді сағынғанына сенімдімін.



 



Әлихан Бәйменов, қоғам және мемлекет қайраткері, Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы:



Осы күнге дейін Кенжебай Ахметовты жазушы, драматург, ақын ретінде танып келсек, бүгін шынында да жаңа қырынан танып жатырмыз. Әдебиеттің, өнердің қай жанры болмасын ғасырлар бойы адамзатты тәрбиелеп келеді. Дінмен бірге адамзатты азғындау жолынан алып қалып, жүрегін тазартып, санасын жетілдіруде шығарманың кейбіреуі сезімді көрсетіп тәрбиелесе, кейбіреуі адамның табиғи жарасымен ерекше үйлесімді көрініс табу арқылы тәрбиелейді. Басты кейіпкер фильмде бірнеше ғана сөйлем айтады. Бірақ, осы үндемей жүргенінің өзінде өмірдің қаншама азабын, назасын көрсете білді. Кейіпкердің күрделі өмірімен бірге алысып шыққандай әсердеміз. Сол әсер үшін алғыс айтқым келеді. Осындай туындылар арқылы қоғамды, ұлтты тазалыққа, адалдыққа тәрбиелей берсін дегім келеді.



Қайрат Байбосынов, әнші, қазақ дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттаушы, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор:



Жастарға, болашаққа үлкен ой салатын, өз ұлтыңды, өз дәстүріңді қадірлеп, қастерлеуге шақыратын, тәлім-тәрбие беретін туынды. Қазақта «Атаңа не қылсаң, алдыңнан сол шығады» деген нақыл бар. Осыны сезінте білген дүние болды. Басында бұндай ештеңе күтпеп едім. Философиялық тұсын көрсететін арынға түскен бойда ғана сарынын түсіндім. Жүрегің елжіреп, іші-бауырың езіліп «Шіркін-ай! Баланы өсіресің, бағып-қағасың, жеткізесің. Ал, кейбіреуі ата-ананы тастап жан-жаққа кетеді де қалады» деп отырдым. Бір адамның тағдыры арқылы қаншама ұрпаққа сол қасіреттің табын түсіндіріп отыр. Ұлттқа деген махаббат отбасына деген махаббаттан басталса керек. Сондықтан, осы махаббатқа тәрбиелейтін туындыға құтты болсын айтамын.



 



Жантас Жақыпов, филология ғылымдарының докторы, Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры :



«Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген сөз бар еді ғой?! Кенжебай Ахметов осы сөзге кері кете туған адам. Жұрт орталыққа қарай ұмтылса, бұл кісі ешкімнің барғысы жоқ жақтарда жеке-жайлап жүргенді жөн көреді. Жалпы «қияли» дейін десең әдебиет теориясын бұл кісідей жазған адам жоқ. Демек, ғалым. «Нақты ойлаудың адамы» дейін десең жаңағындайы бар. Қысқасы әрқырлы азамат. Көзіқарақты оқырман Кенжебайды әуелі ақын ретінде, адан кейін прозайк ретінде, одан кейін драматург ретінде, ғалым ретінде таныды. Енді, мына киноның авторы ретінде танылып отыр. Бұны әркім әртүрлі қабылдайды. Меніңше бұл кісі психологиялық ойды бергісі келді. Басты кейіпкерді көп сөйлетпейтіні де содан. Демек, оқиғаның мазмұнын көрерменге тапсырады. Ал, арғы жағында «қанша жерден мықты болсаң да өзіңнің негізіңе, тамырыңа сатқындық жасама» деген ой жатты. Жаңағы Асанбектер әлі де бар. Асанбектердің кей элементі әрқайсымыздың ішімізде бар.  



Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын:



Техникалық жағында жетіспеушілік бар, әрине. Бірақ, біздің дастарханда отырғандағы, таксиде жүргендегі, жолда айтылатын оқиғаларды «шіркін, мынаны фильм қылып түсірсе ғой, кино қылса ғой» деп айтып отырамыз. Айтамыз да қоямыз. Өзіміз түсіріп көрмейміз. Қолдан келмейтін дүние іспетті, мүлде басқа әлем іспетті қараймыз. Бұл – мүлде басқа мамандық, басқа саладан келіп, жаңағы дастархан басындағы, жолдағы, таксидегі әңгімені кино қылды. Осыған тәуекел етудің өзі үлкен дүние. Одан кейін, фильмде өмір шындығы басымырақ. Себебі бас кейіпкердің, қараусыз қалған қарттың психологиясы және елесі арқылы оқиғаны оралтып отыруы бар. Оны ерекшелігі деп те айтуға болады. Бұл психологиялық ауытқу ма, не құлазудың бір түрі ме, әйтеуір миға сыймай кеткен жерлеріне де мін таға алмайсың. Өйткені бұл елестің ісі.



Ақжігіт Амангелді, Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті: Тұсаукесерге аяқасты келіп қалсам да, келгеніме, көргеніме еш өкінбеймін. Бүгінгі таңдағы, қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті мәселені көтере білген фильм. Кенжебай Ахметов ағамыздың алғашқы туындысы болса да, халыққа ой саларлық дүние болды. Осындай зор мәнді туындылар жақсы сапада түсіріле берсе деймін.



 



PS: Жазушы, зерттеуші, ақын, драматург, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Кенжебай Ахметовтың әдебиеттануға, әдебиетке қосқан еңбегі өте мол. Қайраткер қаламгердің бұл фильмі өз көрерменін табады деп ойлаймыз.



Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА,



Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz