2 Тамыз, 2019
Ақмола облысында Абылай хан заманының қабір тастары табылды

“Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері ұлт тарихындағы ұлы оқиғалар мен ұлы адамдардың терең зерттеліп жатқанын білеміз. Елбасы өткенімізді ардақтап, ата-баба ізін, солардың өсиет-өнегелеріне құлақ асып, оларды сақтап, қолданысқа енгізуге тиіс екенімізді жеткізді. Қасиетті жерлердің зерттелуі, көне қалаларға қазба жұмыстарының жүргізілуі - “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” кіші бағытының аясында атқарылып отырған игіліктер. Үш жүздің басын қосқан Абылай хан туралы құнды деректердің жарыққа шығуы - ұлт тарихына қосылған үлкен үлес. Абылайды дәріптеу арқылы Елбасы міндеттеген ұлттық болмысты ояту сынды жүгі ауыр міндеттемелер жүзеге аспақ. Жаңа ұрпақтың өз тарихынан тағылым алуы  болашақ үшін маңызды.  


Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тың бастамасына айналған мемлекеттік маңызға ие «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағыты аясында көптеген игі істер атқарылып, ұлт руханиятының көкжиегі кеңуде. Әсіресе тарих-кітабының ашылмай қалған беттерінің шаңы қағылып, асыл қазыналар жарыққа шығуда. Ақтаңдақ беттері қайта оқылуда. 



Соның бір дәлелі ретінде, Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданында (Қазақстан ауылына жақын орналасқан Уәли хан мазарынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде) егіс дала жұмысы барысында шаруалар ескі жерлеу орны болып келетін арабша жазылған гранит түріндегі екі тақта тасын тапқан. Бұл мемлекеттік маңызға жаңалық болып отыр. Бұл туралы «Азияагрохим» ЖШС-нің директоры Б.Б.Козлов жыртылған жерге өзі де барып көріп қайтқан. 



Ағымдағы жылдың 21-мамырында осы жерлеу орынды анықтау мақсатында Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ-нің инспекторлары, «Зеренді ауданының тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің» және «Ақкөл ауылдық округі әкімі аппараты» ММ-ніңмамандары мен жергілікті өлкетанушылардан құралған құрам аталмыш объектіге барды. Екі жерлеу орнынан басқа, сол жерден тағы 30 шақты белгісіз мұсылман зираты анықталды.  



Аталмыш тарихи орынды кәсіби деңгейде анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтынан (Алматы қ.) арнайы маманды шақырды. 



Арабша жазуды оқу барысында, жерлеу орын XVIII ғасырдың басы – XIX ғасырдың соңында жазылып, тастың біреуі – қажының, ал екіншісі – Абылай ханның қасында жүрген нөкерінікі деп топшыланды. 



Абылай хан туралы бірер сөз 



Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) - қазақ ханы, ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ даласының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы.   



Жәңгір қайтыс болып таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, Қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Шоқан Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек (онда Абылайдың 1710 жылы туған деуге негіз бар). 



Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатына, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай 20 жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-1733 жылдары аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде: күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. 



Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне  айналды. Содан кейін Абылай атанды. 



Абылайдың 20 жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады. Бұл, әрине Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, Абылайдың 1730-1733 жылдары болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1930-1931 жылдары бірнеше үлкен ұрыс болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайды 20 жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 1730-1740 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет  ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі. 



18 ғасырдың 30-шы жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.Левшин: «1739 жылы Орта жүзде Сәмеке (Орта жүздің батысындағы аз санды руларды биледі) ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген» - деп жазды. Шоқан Уалиханов та осы пікірді қолдайды. 



Абылай билігінің күшейе түсуінің жаңа кезеңі 1744 жылы Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды. 



Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломатиялық жолдарды да тиімді пайдаланды. 1740 жылы тамызда Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісімін білдірді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым-қатынасын суытпады. Петербор мен Бейжіңге елшіліктер аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесін пайдаланып отырды. Абылай 1745 жылы Қалдан Серен дүние салғаннан кейін Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және жоңғар-қытай соғысын Шығыс Түркістанмен іргелес өңірдегі ойраттардың уақытша билігінде қалған қазақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті. 



1745 жылы Орта жүздегі Әбілмәмбет, Абылай және Барақ сұлтандар қатар аталса 3-4 жылдан кейін мұндағы жағдай мүлдем өзгерді. 1749 жылы тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Барақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр», - деп көрсетті. 



1753-1754 жылдардағы шайқастарға Қабанбай, Бөгенбай Жанатай, Керей Жәнібек, Өтеген батырлар қысы-жазы үзбестен қатысты. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны (Давациды) шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген дипломатиялық әрекеттері Абылайды өз заманының ұлы қайраткерлері деңгейіне көтерді. Осының нәтижесінде Абылай әскері 1771 жылы Мойынты өзенінің бойында болған қалмақтармен ауыр шайқаста жаңа жеңіске жетті. 



Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754-1755 және 1764 жылдары қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарда шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ және Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755-1765 жылдары Қырғыз ұлысына жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздардың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды. 



Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-1767 жылдары Абылай қолының Қоқан билеушісі Ерденбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды. 



Абылай соғыс жағдайына сай қол астындағы елде, әсіресе әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болды. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбады және көбіне үстем шығып отырды.  



1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл қазақ ордасының ұлы ханы болды. Тарихи деректер, аңыз-жырлар да Абылайдың үш жүздің әміршісі ретінде ардақталғанын көрсетеді. Қытай императоры, Жоңғария хандығы, Орта Азия мемлекеттері Абылайды бүкіл қазақ ханы деп ресми түрде танығанымен оның беделінің өсіп бара жатқанынан сескенген Ресей патшасы Екатерина ΙΙ Абылайға Орта жүз ханы ретінде ғана сый-сыяпат көрсетті. Бұл бір жағынан «бөліп алда, билей бер» саясатының көрінісі еді.  



Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1991 жылы Алматының басты даңғылдарының біріне Абылай есімі беріліп, темір жол вокзалының алдына ат үстіндегі ескерткіші орнатылды. Хан ескерткіші Жезқазған, Павлодар қалаларында да бар. Қазақстанның 1993 жылғы ең бірінші төл теңгесінде бейнесі бедерленді. 2005 жылы Абылайдың өмір жолына арналған «Көшенділер» фильмі түсірілді. 2008 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Петропавлда «Абылай хан ордасы» кешені ашылып, алдына ескерткіші орнатылды. Оның есімі Алматыдағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне берілген. 


ruh.kz
Mfa.kz