1 Ақпан, 2018
Ақмола облысында кітап алмасу акциясы өтті

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Буккроссинг - саяхатшы кітаптар» атауымен жүзеге асырылып жатқан шараның мақсаты әлеуметтік желіге байланған жастардың кітап оқуға деген талпынысын ояту.


Ақмола облысының Степногор қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №5 көпсалалы мектеп-лицейі қабырғасында мектепшілік еркін кітап алмасу акциясы өткізілді.



Шараның өтуіне қалалық білім бөлімінің маманы Алтын Оспанова, Ирина Сташенко және қаладағы білім ошақтарындағы кітапхана қызметкерлері атсалысты.



С.Сейфуллин атындағы №5 көпсалалы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Ақылбекованың пайымынша, осындай акция өткізу арқылы жастардың білімінің берік қазынасы кітап оқуға қызығушылығын арттыруға болады.




«Кітап - біздің асыл досымыз. Жыл санап жаңа технологиялар қанша дамып жатыр десек те, қай заманда болмасын кітаптың орны биік тұрары сөзсіз. Сол үшін барша тұрғындар, әсіресе, оқушылар қауымын кітап әлеміне баулу мақсатында аталмыш буккроссинг өткізіп отырмыз», - деді ұстаз.




Кішкентай оқырмандар акцияға құр алақан келмей, әр шәкірт өз атынан түрлі кітаптарды мектеп кітапханасына сыйға тартты.



Сонымен қатар, қалалық білім бөлімінің әдіскері Ирина Сташенко кітапханалар арасында қалалық деңгейінде өткен «Ең үздік өлкетану бұрышы» сайысының жеңімпаздарын құттықтады. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 3 орынға № 9 және 8 орта мектептері лайық деп танылса, 2 орын № 2 орта мектеп ұжымына бұйырды. Ал,  1 орынды № 6 мектеп гимназиясы жеңіп алса, бас жүлде № 5 көпсалалы мектеп-лицейіне берілді.



Айта кетейік, кітап оқырмандарына тура жол тапқан акция мектепшілік кітапханада «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған көрмеге ұласты.


ruh.kz...