3 Қазан, 2017
Ақмоланың тарихи жерлері «Қазақстанның киелі географиясы» картасынан орын тапты

Көкшетауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Киелі Қазақстан» бағдарламасын орындауға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


М. Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған шара Қазақстанның киелі орындарын анықтап, тізбесін жасауға бағытталған. Оған аудан әкімдерінің орынбасарлары мен мәдениет бөлімдерінің және музейлердің басшылары қатысты.



Шараны ашып, жүргізген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева Мемлекет басшысының мақаласында көтерілген еліміздің киелі орындарының географиясын жасау мәселесіне арнап облысымызда бірнеше мәжіліс өткізілгендігін және осы бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылғандығын айта келе,  еліміздің киелі орындары картасына енген 100 тарихи ескерткіштің 10-ы біздің Ақмола облысының аумағында екендігін айтты. Сәуле Бөрібаеваның айтуынша, десе де, бұл бағытта атқарылар шаруа әлі де көп.  



Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев мәлім еткендей, биылғы жылдың соңына дейін Астана қаласы мен Ақмола облысының тарихи танымал тұлғалары мен тарихи ескерткіштерін қамтитын  энциклопедия басып шығарылады. Онда облысымыздың барлық өңірлеріндегі тарихи ескерткіштер жан-жақты қамтылатын болады. «Киелі орындары мен тарихи ескерткіштері мүлде жоқ өңірлер де бар, осыған орай бұндай өңірлерде зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет» деген ғалым Ақмола өңірі аумағындағы тарихи ескерткіштер  мен киелі  орындар жайлы жан-жақты айтып берді.





Қорғалжын, Ерейментау, Атбасар, Бурабай аудандарының аумағында орналасқан тарихи ескерткіштер мен киелі орындар жақсы зерттелген және халыққа біршама танымал. Тарихшының сөзінше, Астрахан, Ақкөл, Жарқайың сияқты аудандарда тарихи, киелі жерлер жоқ деп айтуға болмайды. Себебі қазақтың елді мекендері мен жер-су атауларының бәрінің астарында аңыз және тарихи шындық жатыр. Мәселен, тарихи ескерткіштері жоқ саналып келген Аршалы ауданының аумағындағы Домбыралы, Моншақты деген жер атауларының арғы негізінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырындағы Айбас батырдың сапарға шығып, жолда әртүрлі заттарын қалдырып кетуінен туған аңыз жатыр деп санайды ғалым. Аталмыш жырда Домбыралы, Моншақты атаулары бар. Яғни, аңыз әңгімелерді зерттеп, зерделей отырып, сол өңірдегі тарихи ескерткіштер мен киелі орындарды табуға болады деген сөз.



Тарихи ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Қуаныш Шақшақов республикалық киелі орындар картасына облысымыздан енген нысандарға жан-жақты тоқталды. Ондай ескерткіштердің қатарында Ерейментау ауданының аумағында орналасқан Құмай ескерткіштер кешені, Бытығай кесенесі, Бурабай ауданындағы Абылай хан алаңы мен кешенге кіретін тарихи орындар, аңыз әңгімелерге негіз болған Оқжетпес шыңы, Целиноград ауданындағы Қабанбай батыр кесенесі, Жақсы ауданының аумағындағы Баубек батыр мазары сияқты орындар бар. Киелі орын деп айтылғаннан кейін мұндай жерлерге халық көп барып, мінәжат етуі керек. Өкінішке орай, облысымыздың аумағында орналасқан осындай қастерлі жерлерге баратын адамдар онша көп емес. Тіпті, Ерейментау ауданының тұрғындары сол өңірде орналасқан Құмай тарихи ескерткіштер кешені туралы ешнәрсе білмейтін болып шықты.





Осы орайда, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерейментау аудандық мәдениет бөлімі мен музей басшылығына  барлық аудандарға хат жазып, тарихи ескерткіш туралы мәліметтерді жіберуді тапсырды. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен оқу орындары студенттерін аталмыш тарихи орынмен таныстыру үшін саяхаттар ұйымдастыруды ұсынды.





 


http://www.inform.kz