10 Қараша, 2017
Ақтауда оқушылар арасында танымдық-зияткерлік ойын өтті

Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласында «Рухани жаңғыру-болашаққа бағдар» тақырыбында танымдық-зияткерлік сайыс өтті. Бұл —жоғары сыныптар оқушыларына дінді тереңдетіп түсіндіру үшін қолға алынған жаңа жоба, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.



«Ойыннан — білімге!» атты танымдық-зияткерлік ойыны ретінде өткен сайыс барысында оқушыларға Қазақстанның сәулет ескерткіштері мен тарихына, дәстүріне қатысты сауалдар қойылып, тың ақпараттар берілді.



«Деструктивті ағымдардың басты нысаны жастар екендігі белгілі. Олар жас буынға жат діни идеологияны насихаттап, төл тарих пен дәстүрді жеккөрінішті етуде. Діни ағымдарға қарсы күресте жастар сияқты күш-қуаты мол әлеуметтік топтың мүмкіндігін пайдаланудың өз уақытында мемлекетіміз үшін пайдасы орасан болары анық. Ол үшін еліміздің кез-келген жас азаматы халқының бай тарихынан, ғибраты мол рухани қазынасынан сусындағаны жөн. Біздің басты мақсатымыз — жастардың патриоттық тәрбиесі мәселесіне салғырт қарамай, осы бағыттағы жастардың бүгінгі проблемаларын жан-жақты зерттеп, олардың өз еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін жетілдіру, елдің тарихын, дәстүрін қастерлеуге тәрбиелеу» - деп ағынан жарылды Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығының» ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жұлдыз Аталықова.



Сонымен, сайысқа қатысқан 10 команда арасынан 1-орын №28 орта мектептің «Болашақ» командасы иеленсе, 2-орын №11 мамандандырылған физика математика мектебінің «Маната» командасына бұйырды. Ал, 3-орынға мамандандырылған экономикалық лицейдің «Жалын» командасы  табан тіреді.



Атап өтер болсақ, жүлделі орынға ие болған топтар енді облыстық сайыста бақ сынайды. 


ruh.kz
Маңғыстау облысының ІСБ