14 Қараша, 2017
Ақтауда ұстаз Орын Сариевтің еңбегі еске алынды

Білім басқармасының іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Арман» жастар орталығы мәдени-демалыс кешенінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында «Маңғыстаунама - 2017» танымдық шарасы ұйымдастырылды.



«Бүгінгі шара қазақ өнерінің мақтанышы, талай алқалы аламан бәйгенің шашасына шаң жұқпас жүлдегері, туа біткен талант иесі, дүлдүл домбырашы, дарынды дирижер, Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері, Маңғыстау облысының Құрметті Азаматы Орын Құлсариевтің еңбек жолына арналған», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.



Екі бөлімнен тұратын танымдық шараның алғашқы бөлімі «Өмірім – өнерім» деген атпен әдеби-сазды танымдық кеш түрінде өтті. Аталған шараға кеш кейіпкерінің жолдасы мен балалары, ардагер ұстаздар мен замандастары, өнердегі шәкірттері, мен облыстағы өнер мектептерінің, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері және оқушылары, Республикалық «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Маңғыстау облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің мамандары, БАҚ өкілдері, барлығы 150-дей адам қатысты.



Облыстың білім беру жүйесінде мәдени және саяси-әлеуметтік өзіндік қолтаңбасы бар, ой-өрісі кең, жан-жақты дамыған, ұйымдастыру қабілеті жоғары ұстаз келбетін жас ұрпаққа таныту мақсатында өткізілген шараның шымылдығы  «Отаным отбасынан басталады» тақырыбында дайындалған Орын Құлсариевтің өмірбаяндық фильмімен ашылды.



 Білім басқармасы басшысының орынбасары А.Тұржанова мен Республикалық «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Маңғыстау облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры И.Жұмағалиева құттықтау сөз сөйлеп, шараны ашып берді.



Орын Құлсариев Маңғыстау және Қарақия аудандарының  өркендеуі жолында тынымсыз еңбек етіп, өлке өнерпаздарының атын айдай әлемге танытқан біртуар тұлға.



 Осы тұрғыда Маңғыстау және Қарақия аудандары мектептерінің мұғалімдері зерделеу жүргізіп, шара барысында түрлі форматтағы жұмыстарын, атап айтсақ, Маңғыстау ауданы, Шетпе лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жаңабаева Жұлдыз «Жұмыстан қол босағанда...» тақырыбында ұстаздың хоббиі туралы слайдты әңгіме; Маңғыстау ауданы, Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Теңізбаева Меруерт «Азаматты жолдасынан таны...» тақырыбында Орын Құлсариевтің жары, досы, әріптесі туралы сұхбатты-бейнеролик; Қарақия ауданы, №5 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Нұрсолтанова Ақмарал өнер иесінің өз аулына, қызметіне жасаған 5 асыл ісі, өмірде оған кездескен 5 кедергісі туралы «Ұстаз туралы сыр» тақырыбында баяндама; Ө.Қалмамбетұлы атындағы Жетібай балалар өнер мектебінің әдіскері Маңғыбаева Бағила «Менің қуанған да қиналған сәттерім» тақырыбында ұстаз қолжазбалары туралы презентация ұсынды.


ruh.kz
МО ІСБ