5 Ақпан, 2018
Ақтөбе облысында латын графикасына көшуі бойынша телехабарлар, лингвистикалық сағаттар, сабақтар циклі өткізіледі

Ақтөбе облысында 2018 жылы ақпараттық-түсіндіру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Бұл туралы тілдерді дамыту басқармасының басқарма басшысы Гүләйім Төлебаева облыс аудандары тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.


Кездесуде қазақ тілінің латын графикасына көшуі туралы айтылып, сұрақтарға жауап берілді.



Бекітілген әліпби нұсқасын презентациялау мақсатында барлық аудандарда оқыту-әдістемелік бұрыш ашуға тапсырма берілді.



Басқарма қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің негізгі принциптерін түсіндіруге бағытталған бірқатар жобаларды жоспарлап отыр. Бұл презентациялық сағаттар, әлеуметтік акциялар, жобалар, телехабар, лингвистикалық сағаттар, айдарлар, сабақтар циклі, т.б. шаралар жүйесі.



Гүләйім Төлебаеваның  айтуынша, қазақ тілінің жаңа графикадағы грамматикалық және орфографиялық ережелері әзірленгеннен кейін қазақ тілін тез игеру үшін жаңа әліпбидегі әріптердің аталуы мен дыбысталуын, жазылуын мультимедиалық интерактивті сипатта дайындау қолға алынатын болады.




«Атап айтқанда, тұрғындардың барлық топтарына латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін интернет ресурстары мобильді қосымшалар арқылы қашықтан оқыту технологиясымен курстар ұйымдастыру жоспарлануда», - деді ол.




Сонымен қатар, смартфондарға, телефондарға арналған «Жаңа әліпби – гаджет әлемінде» латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін, орфографиялық ережелер мен орфоэпиялық нормаларды үйрететін мобильді қосымшалар дайындалып, іске қосылатын болады. Арнайы жоспарға сәйкес реформаның саяси маңыздылығын арттыру мақсатында «Қош келдің, жаңа әліпби» жобасы аясында презентациялық сағаттарды өткізуді жалғастыру, «Тіл жаңғыруы – жаңа әліпби»латын графикасына негізделген қазақ тілінде сауат ашу парақшалары, көмекші көрнекі өнімдер әзірлеу, «Тілтану және тілші» әлеуметтік акция ұйымдастыру, «Менің тілім – ғажап тіл» патриоттық жобасы аясында ашық диктант, ақпараттық сүйемелдеу мақсатында «Латын әліпбиі – өркениет жолы» телехабары, «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік» телесабағы, баспа бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы айдарын ашу, мақалалар, сабақтар циклін жариялау көзделіп отыр.



Айта кетейік, Ақтөбе облысында 2017 жылы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру мәселесін ақпараттандыру-түсіндіру бағытында 72 мекеме-кәсіпорындарда 6000-нан астам адамды қамтыған кездесулер ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында белгілі қоғам, зиялы қауым, сала мамандары, тұрғандардың басқа да санаттары өкілдерінің пікірлері жарияланды, электронды бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбаттар берілді. Бірқатар мекемелер мен аудан орталықтарында тақырыптық семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Басқарманың, орталықтың мамандарының қатысуымен ақпараттық сағаттар өткізілді.



С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында оқыту бұрышы ашылды. «Қош келдің, жаңа әліпби» жобасы аясында презентациялық сағат ұйымдастырылды. Тақырыптық кітапшалар, буклеттер әзірленіп, шығарылды. «Латын әліпбиі – заман талабы»тақырыбында слайд-шоу, роликтері әлеуметтік желілер арқылы ротацияланды. Халықтың пікірін зерделеу мақсатында облыс тұрғындары арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап арнайы «AktobeLatyn» ақпараттық парақшасы, 1 маусымынан «#латынграфикасы» хэштегі құрылып, олардың контенті тақырыптық материалдармен толықтырылып отырды.



Халықпен «кері байланысты» қамтамасыз ету  мақсатында #латынграфикасы хэштегін, «AktobeLatyn» ақпараттық парақшасын өзектендіру, ахуалға қатысты әлеуметтік зерттеу жүргізу, атқарылып жатқан жұмыстарға мониторингтік талдау, сараптама жасау жалғасатын болады.



 


ruh.kz...