11 Желтоқсан, 2017
Ақтөбеде баршаға ортақ Алаш идеясы талқыланды

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе қаласының әкімдігі мен «Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш идеясы – Мәңгілік елдің ұстанымы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.


Конференцияны өткізудегі мақсат - «Алаш» партиясының идеяларын және елді тәуелсіздік мұратына ұйыстырған Алаш арыстарының мұраларын насихаттау, азаттықты аңсаған, сол жолда қызмет атқарған күрескер бабаларымыздың ұлы мұраты Елбасы алға тартқан «Рухани жаңғыру» идеясы және Алаштың негізгі ұстанымдарының тығыз сабақтасып әрі жалғасып жатқанын, мемлекет тарихын көпшілікке дәріптеу, патриоттық қоғамды қалыптастыру.



Конференцияға  мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары, ғалымдар, ғылыми орталықтар мен шығармашылық қауымдастық өкілдері, оқытушылар мен тіл мамандары, журналистер шақыртылды.



Сонымен қатар,  конференция филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың,  филология ғылымдарының докторы, профессорАйгүл Ісімақованың,  филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Сейсенбекұлы Қапалбектің, ҚР Мәдениет және Спорт Министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Лингвистикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлмира Құбашева, сондай-ақ өңіріміздің ғалым-профессорларының қатысуымен өткізілді.



Аталмыш конференцияда «Алаш ғылымы және Мәңгілік Ел идеясы», «Алаш және қазақ тіл білімінің мәселелері», «Алаштың Біртұтас идеясы», «Алашорда:Тәуелсіздік идеясы»,«1921-1922 жылдардағы ашаршылық және Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеті», «Ахмет Байтұрсынұлының грамматикалық категорияларды жіктеудегі ұстанымдары» және т.б. тақырыптар қозғалды.



Конференцияға қатысушыларға оқу-әдістемелік жинақтар, кітаптар, аудио-дискілер таратылды. Ғылыми-практикалық конференцияны Қалалық тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айша Мұқанбетқазықызы Құлбатыр қорытындылады.


ruh.kz
АО ІСБ