30 Маусым, 2018
Ақтөбенің қасиетті жерлері басшылық назарында

Қос кітапқа жергілікті қасиетті нысандар ретінде Ақтөбе облысының 34 нысаны кірді, ал жалпыұлттық нысандар қатарына облыстың 10 нысаны енді.


Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.



Аталмыш шараға «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Анар Екімбаева, «Қазконтент» АҚ, National Digital History интернет-жобасының рекдакторы Алтынбек Құмырзақұлы және де жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар, ЖОО оқытушылары, облыстық мәдениет басқармасының мамандары қатысты.  



Кітаптардың тұсауын кескен «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Анар Екімбаева Ақтөбе облысынан қос кітапқа енген қасиетті орындар туралы айтты. Кітаптардың жарыққа шығуына жергілікті өлкетанушыларда бір кісідей ат салысқан.



Өз кезегінде, Анар Срайылқызы жергілікті өлкетанушыларға кітаптарға еңбей қалған қасиетті жерлер туралы жұмыстарын толықтырып, әрмен қарай зерттеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, жергілікті өлкетанушылар мен тарихшыларды қос еңбектің жарыққа шығуына атсалысқандары үшін алғысын білдірді.



«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы өткен жылы ауқымды жобаларды сәтті аяқтады.  Өткен жылдан бері орталық қызметкерлері Қазақстанның қасиетті нысандары бойынша республикалық мәдени экспедициялар ұйымдастырды. Ақтөбе облысында тұсауын кесіп отырған қос кітаптың әзірлік жұмыстары пысықталды. Соның арқасында жыл басында Астана қаласындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жобалық басқарма офисінде кітаптардың алғашқы таныстырылымы және тұсаукесері өтті.  



Қос кітапқа енген Ақтөбе облысындағы тарихи нысандарға тоқталып өтсек. Жергілікті қасиетті нысандар ретінде Ақтөбе облысының 34 нысаны кірді, ал жалпыұлттық нысандар қатарына облыстың 10 нысаны енді. Бұл - жергілікті өлкетанушылардың еңбегі. Дегенмен, 34 нысанды әрі қарай зерттеуге өлкетанушылардың көмегі қажет. Ақтөбедегі қасиетті жерлер жайлы тек Ақтөбе емес, бүкіл Қазақстан білуі тиіс. Қос кітаптың жарыққа шығуына жергілікті өлкетанушылардың да сіңірген еңбегі зор. Сондықтан да, барлықтарыңызға рақметімізді айтамыз. Алдағы уақытта да бірігіп, қасиетті жерлерді тізімдеуде еңбек ете береміз деген ойдамыз», — деді Анар Екімбаева.



Жергілікті қасиетті мекендерді аралау барысында Анар Срайлқызы бірқатар мәселелерге тап болған. Соның ішінде жол мәселесін шешу – ең өзекті тақырыптардың бірі.



«Тексеріс барысында 10 қасиетті нысанға жолдың жоқтығы туралы айттық. Яғни, туризмді дамыту қиынға соғып тұр. Атап айтсақ, Хан моласына, Жаманшың кратеріне, Есет Дәрібай, Бопай ханым, Ойсылқара, Абат-Байтақ, Исатай Тайманұлы, Досжан Исжан қорымдарына жол салу мен бизнес-орталықтар ашу туралы мәліметті облыс әкімдігі мен президент әкімшілігіне жеткіземіз», - деді бөлім меңгерушісі Анар Екімбаева.



Астана қаласынан келген мамандар Ақтөбе облысындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын тексеру жұмыстарымен жүр. Олар облыстың бір қатар аудандарында болып, тарихи жерлерге барып, тағзым жасады.



«Өткен жыл еліміз үшін рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға жол ашқан жыл болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланған күннен бастап, жан-жақта, нәтижелі, табысты жұмыстар атқарыла бастады. Ақтөбе облысында да «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында біраз жоспарлар жүзеге асты. Ақтөбе облысының Қобда, Алға, Мұғалжар аудандарында болдық. Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары қатарына кірген Есет Көкіұлы, Абат-Байтақ кесенелерін көрдік. Облыстағы бірқатар тарихи орындарды, тарихи тұлғалардың кесенелерін көрдік. Оларға тағзым жасадық», - деді комиссия мүшесі National Digital History порталының редакторы Алтынбек Құмырзақұлы.



Сондай-ақ, Қазақстанның қасиетті орындары туралы ақпараттар жүйеленіп, порталда туристерге қолжетімді түрде 3 тілде жарияланатыны туралы National Digital History порталының редакторы Алтынбек Құмырзақұлы айтты.



«Қазконтент АҚ, National Digital History порталы Қазақстанның қасиетті орындары жайында үш тілде ақпарат тарататын бірегей бағыт. Сондай-ақ портал журналистері мен редакторлары Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттемелерді жүзеге асыру бағытында тарихи-мәдени экспедициялар ұйымдастырды. Алматы облысы, Ақмола облысы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қызылорда облысы, Жамбыл облысыстарында болып, тарихи жерлерді тізімге алып, олар туралы видео, фото, архивтік материалдар жинады. Жергілікті өлкетанушылар мен тарихшылармен сұхбат жасады. Бұйыртса келесі жылы Ақтөбе облысына да экспедиция ұйымдастырып қалуымыз мүмкін. Еліміздің тарихына, қасиетті жерлеріне, өлкелердің жер-су атауларына қатысты эксклюзивті материалдар, архивтік құжаттар, қызықты бірегей фотосуреттері бар жарияланымдар жолдайтын болсаңыздар, портал гонарар қарастыруға әзір. Қазақстанның жалпыұлттық және өңірлік қасиетті орындарының толық тізіміне енбеген материалдарыңыз болса, бізге жолдауға болады. Біз оларды үш тілде жарыққа шығаруға әзірміз», - деді А.Құмырзақұлы.  



Бұл кітаптардың тек 20 данасы ғана С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхана мен облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды. Сонымен «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту ғылыми-зерттеу орталығының бір жылдық жұмысының нәтижесінде жарық көрген қос кітаппен қысқаша таныстырар болсақ:



Бірінші – «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» деп аталатын кітап үш тілде 1000 данадан басылған. Онда тізімге енген 185 киелі нысан – «Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері», «Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар», «Діни және ғибадат орындары», «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар», «Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» қатарлы бес топқа жіктелген.



Екінші – «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабы екі тілде 1000 данадан жарық көрді. Бұл еңбек арнайы жүргізілген экспедиция нәтижесінде еліміздің өңірлік нысандарын аралап, тарихымен танысып, бүгінгі жағдайын, маңызын көзбен көріп, жете танысу арқылы дайындалды. Кітапқа 500 жуық нысан енгізілген.


ruh.kz
Aktobe.gov.kz