5 Ақпан, 2020
Әл-Фараби. Өнер категориялары

Әлемнің екінші ұстазының өнер мен бақыт категориялары туралы көзқарасы. 

Бақыттың түрлі категориялары үш белгісі бойынша: түрі, саны және сапасы жағынан бірінен-бірі асып түсіп отырады, сол сияқты төменде келтірілген өнер категориялары да бірінен-бірі артық. 

maxresdefault-1.jpg

Бір өнердің екінші өнерден артық болатыны – бұлар әр түрге жатады да, бірінен-бірі асып түседі, мәселен, тоқымашылык, мата жасау, әтір жасау, сыпыру өнері, би өнері және фиқһ өнері, сонымен қатар медицина мен риторика да осындай. Әртүрлі өнер бірінен-бірі, міне, осылайша асып түсіп отырады.

Бір түрге жататын өнер өкілдерінің арасында сан жағынан айырмашылықтар болуы мүмкін. Мәселен, екі хатшының бірінде жазу өнері жайындағы білімнің мол болуы, екіншісінде аз болуы ықтимал. Осы өнерді алатын болсақ, мұның өзі, мәселен, тіл, риторика, каллиграфия және арифметика жайындағы белгілі білімдердің қосылуынан келіп шығады. Бұлардың бірінде, мәселен, әдемі каллиграфияның және риторика жайында белгілі білімнің болуы, екіншісінің тілді, риторика мен каллиграфияның кейбір элементтерін жетік білуі, ал үшіншісінің осы төрт өнердің бәріне де жетік болуы мүмкін.

Сапа жағынан артықшылығы мынадай: жазу өнерінің белгілі бір элементтерін игерген екі хатшының бірі өзінің игерген саласын екіншісінен анағұрлым терең де жетік біледі. Сапа артықшылығы, міне, осындай. 

a63e9621c3e2e01f15857e58bf86127d.jpg

Бақыт категориялары да нақ осындай белгілері жағынан бірінен-бірі асып түсіп отырады.

Басқа қалалардың тұрғындарын алатын болсақ, өздері жаман адамдар болғандықтан, бұлардың іс-әрекеті жан жүйесіне де жаман әдет жұқтырады. Сол сияқты, жазу өнеріне қатысты жаман іс-әрекет осы өнердің жаратылысына сай келмейтін болса, осының салдарынан адамның жазу тәсілі нашар, сұмпайы және шалағай болады, сөйтіп, бұл әрекет неғұрлым көп қайталанса, оның өнері соғұрлым шалағай болады. Басқа қалалар тұрғындарының оңбаған іс-әрекеті олардың жан жүйесіне нақ осылайша сұмпайы, лайықсыз әдет жұқтырады, сөйтіп, кімде-кім осындай әрекетін неғұрлым көбірек қайталайтын болса, оның рухани халі соғұрлым нашарлай түседі де, олардың жан жүйесі дертке шалдығады. Міне сондықтан да олар осы әрекеттің нәтижесінде өздері бастан кешіретін рухани хал-жайынан рақат табады. Тәніндегі кеселден қасірет шегіп жүрген адамдар (мәселен, безгек ауруы меңдетіп жүргендердің көпшілігі) темпераменттің бұзылуы нәтижесіне жаратылысынан ешқандай рақат бере алмайтын тағамды сүйкімді деп есептейді де, мұның керісінше, жаратылысынан рақат келтірерлік тәтті тағамды нашар жейді. Дәл сол сияқты жарымжан адам да үрлі нәпсі мен әдет-ғұрыптан бұзылған қиялдың желігімен жексұрын ережелер мен іс-әрекетті рақат көреді де, тамаша және ізгі нәрседен азар да безер болады немесе одан ешбір түсінігі болмайды. Әдетте науқас адамдардың арасында өз ауруы жайында дәнеңе білмейтін адамдар болады, мұндайлар өздерін мүлде сау адамдар деп есейтейді де, бұған кәміл сенетіні соншалық, дәрігердің сөзіне құлақ аспайды, дәл сол сияқты жарымжан адамдардың арасында өздерінің кеселі жайында дәнеңе білмейтіндер бар, бұлар өздерін әрі ізгі, әрі рухани сау адамдар деп есептейді де, жетекшісінің, ұстазының немесе ақылгөйінің айтқанына мүлде құлақ аспайды.

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - ашық дереккөздерден