27 Қараша, 2017
Алаш мұрасын ардақ тұтқан ақындар (ФОТО)

Оңтүстік Қазақстан облыстық әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығының ұйымдастыруымен Алаш ардақтыларының 100 жылдық мерейтойына орай, әрі сан ғасырлық салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында «Алаш мұрасын ардақ тұтқан ақындар» атты облыстық жас ақындар айтысы болып өтті, деп хабарлады ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі. 



«Ақындар аламанының мақсаты - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Алаш қайраткерлерінің тұлғасын, олардың ел үшін сіңірген еңбегін танып білу. Қазақтың төл өнерінің бірегейі – айтыс өнері арқылы жастарды қоғамның белсенді азаматтары етіп тәрбиелеу, жас ақындарды анықтау, оларға қолдау көрсету. Сондай-ақ, Алаш ардақтыларына 100 жыл толуын кеңінен атап өту және халқымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен байланыстыра насихаттау», - деп хабарлады ұйымдастырушылар.






Байқауға өңірімізден тыс шет елдерге де танымал Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, айтыскер-ақын Бөрібай Оразымбетов, мәдениет қайраткері, айтыскер-ақын Әбдіхалық Әбдірайымов және ұлағатты ұстаз, жазушы, аудармашы Абай Қалшабек төрелік етіп, жас ақындарға әділ бағасын берді. Облыс көлемінде өткізілген айтыс аламанында 12 жас ақын өзара жұп құрып айтыс көрігін қыздырды.






«Байқау нәтижесінде бас жүлде – Мейіржан Жақыповқа (Отырар ауданы), бірінші орын – Жандос Мырзабековке (Сайрам ауданы), жүлделі екінші орын – Қытай Халық республикасынан келген қандасымыз Ардақ Орынбекке, үшінші орын – Нұрғали Әнапияға (Шымкент қаласы) бұйырды. Ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуге ат салысқан арқалы ақындарымызға орталығымыз тарапынан арнайы алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді», - делінген хабарламада. 



ruh.kz
ОҚО ІСБ