13 Наурыз, 2019
Алаш тарихына арналған жиын

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «ТІЛ – ҚАЗЫНА»  ұлттық ғылыми-практикалық орталығында қоғам қайраткері, көрнекті алаштанушы-ғалым, әдебиет теоретигі, филология ғылымының кандидаты, профессор Ербол Тілешовтың «Алаш қозғалысы – ұлт ренессансы» тақырыбындағы рухани дәрісі болып өтті.




Кездесу формасында өткен тағылымды шарада  ХХ ғасыр басындағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының білгірі Ербол Ерденбекұлы зор дүмпу тудырған қоғамдық-әлеуметтік ұранның мақсаты мен міндеті, ерекшелігі хақында тарихи деректерді талдап, Алаш азаматтарының тегеурінді істеріне жоғары баға беріп, құрмет көрсетті. Ғалым жиналған жұрт үшін Алаш қозғалысының негізгі кезеңдерін, әр кезеңнің ерекшелігі мен маңызын жіті түсіндірді. Ренессанстық алапат жарылыс тудырған қазақтың оқыған азаматтарының қазақылығы, ұлттық болмысы, ұлттық санасы мен гені, қаны туралы асыл қасиеттерін санамалап, түрлі тарихи мысалдармен дәлелдеп көрсетті. «Ұлтты сүю білімнен емес, мінезден» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқан рухты оятар аталы сөзді тілге тиек еткен ғалымның келесі тағылымды әңгімесі «Мінез революциясы» тақырыбымен жалғасатын болады.  Пассионар тұлға болған Алаш қайраткерлерінің өмір жолы, өнегесі мен тағылымы ұрпақтан ұрпаққа мәңгі мұра, қасиет болатынын айтып өтті.





  Кездесуге белгілі қоғам қайраткері, медименеджер Мәди Манатбекұлы, жас ғалым Ержан Еңсебай, жас ақын Ербол Алшынбай сынды азаматтар, студент жастар қатысты.



 



Айнұр Нұрманғалиева,



Ruh.kz



 


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz