6 Сәуір, 2019
АЛАШЫН АРДАҚТАҒАН АЗАМАТ

Ұлтымыздың қалыптасып ел болуына зор үлесін қосып, Алашым, елім, жерім деп кеткен үлкен жүректі арыстарымыз бен алыптарымыз, елдің тарихы мен мәдениетіне ықпал еткен қайраткерлеріміз, ел қорғаған батырларымыз, ғылым мен еңбек салаларында қозғаушы күш болған дара тұлғаларымыз қаншама.


ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлтымыздың басынан өткен үлкен өзгерістер мен әлеуметтік қозғалыстар  ұлт үшін қызмет ететін көптеген тұлғалардың қалыптасуына әсер етті. Міне, осындай кесек тұлғалы азаматтарымыздың бірі – Мұстақым Малдыбаев.



Мұстақым Малдыбаев 1880 жылы бұрынғы Егіндібұлақ ауданының киелі өңірі Үшқара тауының баурайындағы Сарықияқ қыстауында дүниеге келген. 1927 жылы желтоқсан айында 47 жасында Семейде қайтыс болып,  Сарықияқ қыстауына әкеліп жерленген.  Уақыттың қатал сынына қарсы төтеп беріп, болаттай суырылып, жарқырап шыққан Алаштың арқалы алыптарының бірі Мұстақым Малдыбаев кешегі Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов  сынды қазақ зиялыларымен, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермеков т.б.  сынды халқымыздың аяулы азаматтарымен бірге жүріп, Мәди  Бәпиұлының сыйлас, пікірлес досы болған. Сондай-ақ қоғам қайраткері, публицист, ақын, өз еліндегі алғашқы ағартушылардың бірі, өзі туған өңірде алғаш мектеп ашушы,  яғни бір басында сан-салалы өнер тоғысқан ардақты азаматтың бірі деп айтуымызға болады. Арғы атасы қазақ тарихындағы көрнекті тұлғаның бірі Еңсегей бойлы ер Есім ханның кеңешісі болған халық Абыз атаған Шаншар, өз атасы Қаз дауысты Қазыбек би мен бірге туған Құланшы атанған Үсен болса, аталары – Матықұл, Малдыбай кезінде сол өңірге белгілі, сыйлы адамдар. Мұстақымнан бір ұл, екі қыз қалған. Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның құрметіне ұлының атын Әлихан деп атаған. Әлихан Алматыда, кіші қызы Талдықорғанда, тұңғыш қызы Сүйімбике Семей қаласында тұрған. Асылдың тұяғы Әлихан Малдыбаев танымал ақын, белгілі журналист Кәрім Сауғабаевқа жазған хатында былай дейді: «Әкем бес жаста, оның ағасы Сәулей жеті жаста жетім қалыпты. Шешелерінің қарауында жүріп, жерлестерінің қойын бағып, күн көріпті.  Троицкіге жылқы айдаушылармен барып, сонда оқуға түсіпті. Кейінірек Уфада «Ғалия»  медресесінде оқып, ауылында өзінің ағайындарының, жерлестерінің балаларын оқытыпты. Семейде де мектепте сабақ берген болу керек. Уфада оқып жүргенде Ғазиза Ғайнулла деген татар қызына үйленіп, елге алып келіпті. Шешеміз Ғазиза 1891 жылы туып, 1928 жылы қаңтар айында әкеміздің қырқының алдында қайтыс болыпты. Күйеуінің сүйегін еліне апарып қайтқанда, өкпесіне суық тиген болу керек»[1,6].





Осы хатта жазылғандай Троицк қаласындағы орыс-қазақ мектебін, сонымен бірге қазақтың көптеген көрнекті тұлғалары оқыған Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған. Ғалия медересесін аяқтағаннан кейін 1910-11 жылдар аралығында елімізге танымал Жетісу өңіріндегі Есенқожа Мамынов сияқты танымал азамат негізін қалаған Мамания мектебінде оқытушы әрі басқарушы қызметін атқарғаны туралы деректер кездеседі. 1912 жылдан бастап Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқытушы болып қызмет істейді. ХХ ғасыр басындағы әлемдегі өзгерістер мен төңкерістерден қазақ даласы да тыс қалған жоқ. Осы кезеңде ұлт зиялыларының алдында ел болу, ұлттық бірлікті нығайту идеясы тұрды. Осынау алмағайып кезеңде қазақ халқының ұлттық санасын оятып, өз дәуіріндегі көкейкесті мәселелерді көтерген алаш көсемдерінің қасынан Мұстақым Малдыбаевта табылды. 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Семей облысында Қазақ комитеті ұйымдастырылғанда, ол сол комитеттің құрамына енеді. Қазақ комитеттері ұлттық мәселелерді көтеріп, халыққа жетекшілік ететін ұйымға айналады. Семейде облыстық қазақ сиезі ұйымдастырылады. Сиезді ұйымдастырған зиялы топтың жуан ортасында М.Малдыбаевта болды. Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. Мұнан соң М.Малдыбаевтың  ұлттық мәселелерге деген танымы айқындала түседі. Қазақ халқының болашағы тәуелсіздікте екенін білген ол Алаш партиясының Семейдегі комитетін құруға ерекше еңбек сіңіреді.



1917 жылы наурыздың 7 жұлдызында Семей қаласында Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков т.б. ұлт зиялыларының ұйымдастыруымен қазақ комитетін құруға қатысты өткен бірінші жиында, қаланың «Заречная Слободка» деген бөлігін Алаш қаласы деп атау туралы шешім қабылданды [2,9]. Осы жылдың қараша айының 21-22 жылдызында болған жиында Алаш қаласы Думасының төрағасы болып Алашқа ерен еңбек сіңірген азаматтың бірі Биахмед Сәрсенов, ал оның орынбасары болып Мұстақым Малдыбаев сайланады. Ал аталмыш қаланың басшысы болып



П.Я. Шевченко сайланады. Сонымен қатар Алаш әскерін жасақтауға да атсалысады. Мысалы, Семей қаласындағы қазіргі заман тарихының құжаттама орталығы қорындағы «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти в  1918 г. Правительства Алаш-Орды» деген ресми құжатта, яғни Әлихан Бөкейханов бастаған алашқа танымал қырыққа жуық көрнекті тұлғалардың ішінде Мұстақым Малдыбаевтыңда аты-жөні көрсетілген [2,87]. Сонымен қатар ел аралап, халыққа Алаш партиясының мақсатын түсіндіреді. Қазақ елінің елдігін, жерінің тұтастығын қорғайтын бірден-бір үкімет Алаш екеніне халықтың сенімін қалыптастыру үшін жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына белсене атсалысады. 1918 жылы Алаш милициясының алғашқы бастығы Қазы Нұрмұхамбетұлы большевиктердің қолынан қаза табады. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Семей қаласында қаралы жиын өтеді. Бұл жиында Алашорда үкіметінің үлкені Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков, Жүсіпбек Аймауытов сияқты ұлт зиялылары мен бірге Мұстақым Малдыбаевта сөз сөйлеп, өз қайғысын білдіреді.





"Мамания" мектебі. Қарағаш қаласы. Мұстақым директорлық қызмет атқарған



М.Малдыбаев  жоғарыда  айтқандай, Алаш қозғалысы кезінде  халыққа қызмет істей білген, қазақ даласындағы оқу-ағарту ісінің дамуы мен баспасөз қызметінің қалыптасу жолында аянбай еңбек еткен көрнекті алаш қайраткерінің бірі. Семейдегі мұғалімдер даярлайтын семинарияда, Губерниялык халық ағарту бөлімінде жұмыс істеді, баспасөзде редактор болды.



Сонымен бірге Мұстақым Малдыбаевтың журналист ретіндегі атқарған қызыметі де ересен. Ол 1911-1918 жылдар аралығында, сол кезеңдегі мерзімді басылымдарда, яғни «Қазақ», «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттері мен «Айқап» журналында жиырмадан астам мақала жариялап, көсемсөзші қырымен де көрінді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуде үлкен еңбек сіңірген әдебиетші ғалым Үшклтай Субханбердинаның еңбектерінде М.Малдыбаев газет -журналдардағы жарық көрген мақалаларын өз атымен жарияламай,  көбінде «М.М», «Азамат Қорықбасов»,  «Мұстақым Ризабек»,  «Сәулей»  т.б. бүркеншік аттармен жариялағанын жазады. Мақалаларында сол кезеңдегі қазақ халқының әлеуметтік мәселелерін, оқу-ағарту, қазақ тілін дамыту т.б. қоғамдық  мәні зор мәселелерді көтереді. Оның ішінде қазақ әйелінің қоғамдағы орны, сондай-ақ ислам дінінің рөлі туралы өзіндік талдаулар жасады. «Айқап» журналында жарияланған мақалаларын мынадай тақырыптарға бөліп қарастыруға болады: қазақ елінің елдермен қарым-қатынасы; оқу-ағарту, тәрбие мәселелері; тіл және әдебиет мәселелері.



Қазақ халқының басқа елдермен, халықтармен қарым-қатынасына байланысты «Айқап» журналының №10 басылымында «Қарқаралы жайынан» деген мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада автор Қарқаралы қаласындағы тұрғылықты халықтар қазақ, татар, өзбек, орыстар туралы сөз қозғай отырып, қаладағы оқу орындары, ондағы оқулықтар жайында баяндайды. Оқу-ағарту, тәрбие мәселелері тақырыбында «Семейпалат қазақтары жайынан», «Қайырлы ниет, жақсы ырым», «Семейпалаттан»,  «Қазақша бастапқы ойын», т.б. мақалалары жарияланған. 1911 жылы «Айқап» журналының №6 санында «Семейпалат қазақтары» деген мақаласында Семей қаласындағы оқу жағдайына жан-жақты тоқталған. Сондай-ақ төте жазудың  пайдасын айта отырып, мектеп-медресе салу керектігін сөз етеді.



1912 жылы «Айқап» журналының №1 басылымында «Қайырлы ниет, жақсы ырым» деген мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада Семей қаласында ашылған мектеп жайында баяндап, оны ашуға жәрдем берген зиялы азаматтарға алғысын білдіріп былай дейді: «Шаһарымыздың қымбатты адамдары осы алдыңғы жазға мектеп салуға тиісті орынға арыз беріп, рұқсат сұрады. Бұл мектепке Есіркепов, Андамасовтар да жәрдем етпекші дейді һәм сол мектептің керек-жарағы үшін тұтынарға бір жүз сомдық құрбан терісі жиналыпты. Орынсыз жерге кетіп жүрген қайыр садақалар, құрбан терілері, підия малдары осындай ғылым жолына тұтылса, қаншама сауапты, уа пайдалы болар еді. Бірақ қара басы пайдасын ойламай халыққа түсіндірілсе, қабыл ететіні ашық көрініп тұр. Сөз басында қайырлы ниет дегенім осы мектеп еді... Құрметті Ахметжан қажы Андамасовтың жәрдемі арқасында Асылабөдкеде қыздар мектебі ашылып, елуден артығырақ қыз балалар оқып жатыр. Жоғарыдағы жақсы ырым дегенім осы кісінің ісі. Бұдан басқа жақсы ырым, қайырлы іс болар ма?.. хақ мұндай адамдарды көбейтіп, дүние мен ақиретте бақытты етсін... Мұндай халық қараңғы тұман ішінде адасқан уақытта қызмет еткен мырзаларымыздың қадірі білінбесе де келешекте қадір-қасиетке жолығады, тарих беттерінде есімдері қалады. Өздері жоғалған, біткен уақытта да аттары жоғалмас, бітпес...». Сөз соңында халықтың оқу, білім алу ісін көпшіліктің қолдауын сұрай отырып, «Соңғы жұрағатыңның көз жасына, қарғысына қалмайын десең, жиылып отыр бір жерге! Сал мектеп, оқыт балаңды, басқалары істеген егін, сауда кәсібіне кіріс. Біраздан кейін өзіңізге осылардың бәрін істерсіз. Бірақ қолдан  жер-суың кеткен соң аш-жалаңаш қалғанда не іс келеді?..», - деп түйіндейді.



1914 жылы Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанына 10 жыл толуына байланысты Семей қаласында Нәзипа Құлжанова, Нұрғали Құлжановтармен бірге әдеби кеш өткізеді. Осы шараны өткізуге Мұстақым Малдыбаев көп еңбек етті. Семинария оқушылары Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сияқты кейінгі қазақтың біртуар азаматтары да мәдени, рухани шараның басы-қасында болды. М.Малдыбаев ұстаз ретінде М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.Сәтбаев т.б. семинаристердің болашақта тұлға ретінде қалыптасуына өзіндік еңбек сіңіргенін байқаймыз. Міне, осы кеш туралы 1914 жылы «Айқап» журналының №4 басылымында М.Малдыбаев «Семейпалаттан» деген мақаласында жазады. Сондай-ақ,  «Қазақша бастапқы ойын» мақаласы 1915 жылы аталған журналдың №5 санында жарық көреді. Мақалада Семейде болған ойын-сауық кешінде Біржан-Сара айтыстарынан үзінді қойылғандығы, бұл ойынға қатысушылар жайында баяндайды.



ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінде ел мен жер тағдыры, тіл-әдебиет мәселелері туралы көптеген мақалалар жарияланды. М.Малдыбаевта осы келелі тақырыптарға өз үлесін қосты.Тіл және әдебиет мәселелеріне байланысты «Айқап» журналында «Уақиғалар», «Тіл турасында»,  және «Тағы да тіл турасында» деген мақалалары жарияланады.  Аталған журналдың №6 санында 1911 жылғы «Уақиғалар» мақаласында М.Дулатовтың 1911 жылы 2 маусымында Семей қаласында «Оян, қазақ» кітабы үшін түрмеге қамалғаны туралы баяндады. Қамау кезінде М.Дулатовтың қолында болған татар, қазақ газет-журналдары туралы қолжазбалар және қазақ ақындары Абай Құнанбаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Ғұмар Қарашевтің кітаптарын жандармдардың алып кеткені туралы деректер бар. Мақалада «Сағат 12-де Міржақып әпендіні түрмеге жөнелткен, Дулатовтың Семей түрмесінде тоғыз ай себепсіз һәм тексерусіз сарғайып отырып еді. Мұның халі нешік болар?!» деп, халқының қамын ойлап, ұлт үшін жанталасып жүрген азаматтың тағдырына алаңдаушылық білдіреді.



«Тіл турасында» мақаласы «Айқап» журналының 1912 жылғы №4 басылымында жарияланады. Бұл мақаласында М.Малдыбаев «тіл» деген сөздің мағынасына талдау жасап, тілдің өзгеру себептеріне тоқталады. Қазақ тілін таза сақтауды ұсынып, ол үшін бастауыш мектептер тек қазақ тілінде оқытылып, оқу құралдарын шығару керектігін жазған. Сөз соңында автор қазақ оқығандарынан ағарту жұмысына байланысты бірнеше сауалдарға жауап беруін өтінеді. Сондай-ақ, ана тілінің маңызы туралы «Айқап» журналының 1912 жылғы №11 басылымында «Тағыда тіл туралы» мақаласында қазақ тілінің жағдайына алаңдап, болашақта ұлт тілін жан-жақты дамыту жолдарында көрсетеді.





 



ХХ ғасыр басындағы Семей қаласы. Мұстақым қызмет еткен өлке



1915 жыл «Айқап» басылымында «Денсаулық» деген мақаласы жарық көреді. Бұнда адам денсаулығы жайында татымды пікірлер айтады. «Денсаулық деп айтылса, әр адамның көңіліне жылы, сүйкімді көрінеді. Ауру десең жүрек зуылдап, шаш үрпие бастайды... Денсаулықтың қадірін ауырған, көрген біледі...», - деп бастайды. «Аурудан қандай қашу керек болса, надан дәрігерлерден сондай қашу керек. Шын дәрігерлік оқып шыққан доктор, фельдшерлер қай дінде болса да жарайды. Ол бізге дұға үйретпейді, бәлки өзімізге керекті дуа береді», -дей келе жұртты алдап жүрген молдалардан, надан дәрігерлерден аулақ болуға шақырады. Сөз соңында жастарды дәрігерлік мамандықты таңдауға шақыра отырып, «Біздің қазақ арасында көксау, көкжөтел, тағы басқа жұқпалы аурулар көбейіп барады, дәрігерлеріміздің сықылы баяғы. Біздің қазақтың орысша оқыған жаңа талаптары писарлік, учительдік, адвокат болуды жаратады. Даугерліктен  дәрігерлік ұлтқа қызмет жағынан да, өзінің тіршілігі үшін де көп артық болса керек... Ауруды елемеген өледі, дауды елемеген төлейді», - деп қорытындылайды. Осы мақаланы оқып отырып, бұл мәселенің әлі де өзектілігін жоймағанын байқауға болады.



1921 жылы 8 наурызда «Қазақ тілі» газетінің 123-санында Мұстақым Малдыбаевтың «Мәди өлімі» деген мақаласы «Жолдасы» деген бүркеншік атпен жарияланады. «Осы жылы, 1 февральда Мәди Бәпиұлын күндізгі сағат 12-де, Қарқаралы қаласында, 5-учаскенің аудандық начальнигі Жасанов атып өлтірді. Мәдидің жасы 41-де, екі қатыннан баласыз еді. Өлімі былайша болды: декабрь басында Едірей еліне 20 процентті разверстканы бөлгенде,  Айқожа Теміржанов, Сыланбек Малаев дейтін волпредседательді қолына қондырып алып, малды ауылнайларға бөліп, кедейлерге аудара салды... Мәди Қарқаралыдан сескеніп, енді Семей кетемін деп жүргенде, Қарқаралының хакімшілік бөлімі Едірей елінің жерқұмар байлары Майтан Тұранов, Айқожа Теміржановтың доносымен Малдыбаевтардың малын конфисковат етеді. Осы малы туралы Қарқаралы барған Мұстақым Малдыбаевты жауып қояды. Осындай жұмыстар тақырыпты Мәди Бәпиұлы Қарқаралыға барады... Ертеңінде, 1 февраль күні, 2-ші аудан халық сотынан абақтыдағылармен амандасуға қағаз алып, түрмеге барады. Қасында 4 жолдасы бар. Түрменің бастығы рұқсат бермейді. Аттанып жатқан Мәдилерді қолына винтовка алып, түрме начальнигі қуалай бастайды, һәм аттанып жатқан Мәдиді үш мәртебе прикладпен ұрады. Біраздан соң қасындағы жолдастарымен  қайтып бара жатқан Мәдиді көшеде ұстап, түрме начальнгиі уисполкомға алып барады... Түрмеге таяна бергенде, алдында келе жатқан Мәди Бәпиұлын атып тастағанын бірнеше адамдар көріп тұрған. Оқ қарақұстан тиіп, маңдайынан шығып кеткен. Міне, бұл өлімді ақылдасып, тон жамылған соққандардың істеп отырғаны анық. Арыстан жүректі ер Мәди екі жылдан бері бұрынғы тентек мінезден тиылып, сенімді халық азаматтарының қатарына кірген еді.



Топырағың жеңіл болсын, жолдас!



Туысқан, жамағаттарыңа тәңірім сабыр берсін!» [3:132-134].



Міне осыдан,  жоғарыда айтқандай, Мәди Бәпиұлы мен Мұстақым Малдыбаев жақын араласып, дос болғанын көруге болады. Бұл жайында Әлихан Малдыбаев: «Бектасов Әшімбектің «Мәди» атты кітабында Мәди Қарқаралыға, түрмеде жатқан әкеме жолығуға барыпты. Егер олай болса, екеуі байланысты болуы керек. Мәдидің жүз жылдығына арнап жазған Әшімбек Бектасовтың мақаласы республика газетіне шығып еді. Осы мақалада Мәдидің оққа ұшуына байланысты Семейдегі газетке Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған әкемнің мақаласы бар деп көрсетілген», - деп  жазады Кәрім Сауғабаевқа жазған хатында[1:6].



Мұстақым тек қана журналист болып қана қойған жоқ, сондай-ақ сол кезеңдегі қазақ ұлтына өзекті болған мәселенің бірі оқулық шығарыумен де айналысты. Оның 1912 жылы Семей қаласында «Қазақша оқу кітабы» атты кітабы «Жәрдем» баспасынан  жарық көреді. Бұл сол кезеңде қазақ даласында оқулық жоқтың қасы болып, қазақ балалары оқулыққа зәру кезеңде жарық көріп, көп адамның білім алуына жетекші құрал болған бірден-бір оқулық еді. 1912 жылы Қазан қаласында «Қазақша ең жаңа әліппе» деген еңбегі шықты. Алматы қаласындағы Ғылым Академиясы сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған осы кітапты қарасаңыз бұл еңбек өз кезінің сұранысына сай, дәл уақытында жазылған оқулық болды деп айтуға болады. Сонымен қатар «Иман һам намаз» деген кітабы да жарық көрген.




Мұстақым Малдыбевтың ақын болғаны да белгілі. Сол заманда мерзімді басылмыдарда біршама өлеңдері жарық көрген. Елеусін Бұйриннің «Ызың» жинағында оның  «Туған жеріме» деген өлеңі жарияланады.



Түрленткен масатыдай көк даласын,



Көбейттік һәм семірттік мал баласын.



Өзіңде емін-еркін жүрген шақта,



Асырдың қалпынан жұрт шаруасын.



Көкорай, көк шалғында жатушы еді,



Көлдердің жылқы қаптап айналасын.



Қасына жиырма-отыз жігіт ерткен,



Көруші ек құс аңдыған бай баласын.



Бүркітші, қаршығашы, тазы ерткен,



Байлардың арттырушы еді салтанатын.



Бай-байша адал ой, ақ көңілді,



Халықтың тартушы еді мейман асын, -



деген өлең жолдарынан Ыбырай мен Абайдың сарыны сезілсе, Мына бір өлеңінен өз замандастары Сұлтанмахмұт пен Жүсіпбектер сарынын байқауға болады:



Ақылсыз ағайыннан Алаш артық,



Көр болуды іздесең, ағаңа сен.



Тура сөздің тұзы ащы болса-дағы,



Ішіме сыймағасын айтамын мен.



 



Әр жерде жылатып жүр қазақ қызын



Дейтіндер ақылы қысқа, шашы ұзын.



Қасірет  түскен басыма мен бір зарлық,



Тағамның татқан білер ащы тұзын.



 



Сонымен қатар, «Айқап» журналының 1915 жылғы №7-8 сандарында «Біздің зар» деген өлеңінде қазақ елінің мұң-зары жайында айтылса, 1913 жылғы №7 санында «Жетім баланың мұң-зары» деген өлеңінде оқи алмайтын жетім бала туралы жырлайды.




Жалпы алғанда, М.Малдыбаевтың Алаш тарихындағы орны, атқарған қызметі, журналист-публицист ретіндегі істері, ұстаздық жұмыстары әлі толық зерттелген жоқ. Бірен-саран «Орталық Қазақстан» газетіндегі мақалаларды атап өтуге болады. Кәрім Сауғабаевтың «Тектінің теңі – Мұстақым» атты мақаласы жарық көрсе, араға төрт жыл салып Мұстақым Малдыбаевтың 125 жылдығына орай  Аманжол Қуанбайдың «Алаштың ардақтысы» деген мақаласы жарияланады. Сондай-ақ Ахмедия Сүлейменовтің  «Қазақтан шыққан Робин Гуд немесе Мәди – мәңгілік тұлға» мақаласында,  Ә.Бектасовтың  «Мәди»  атты кітабында да Мұстақым жайлы ойлар айтылады. Әлі де Мұстақымның артында қалған мол мұрасын зерттеп жинау кейінгі ұрпақтың еншісінде.



   



Пайдаланылған әдебиеттер:



1 Сауғабаев К.Тектінің теңі – Мұстақым...// Азия Транзит, 13-19 қаңтар,  2000 жыл.



2 Сыдықыов Е. Алаш қаласының тарихы. Семей, 2010, -214 б.



3 Бектасов Ә. Мәди. Астана, «Рух» баспасы. 2006, -160 б.



4 «Қазақ газеті». – Алматы, 1998. – 560 б.



5 «Айқап». «Қазақ энциклопедиясы». Алматы, 1995, – 364 б.



 



С. Такиров,



ф.ғ.к., доцент



 


Ғаламтор желісінен