1 Наурыз, 2019
АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНІҢ ТАРИХЫ

Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін еліміздің ең «жас» мейрамдарының бірі – Алғыс айту күні. Бұл мейрам – 2016 жылы Елбасымыздың қолдауымен дүниеге келген. Алғыс айту мейрамын еліміздің кейбір азаматтары Америкалық алғыс айту күнімен шатастырады. Біздің редакциямыз айтылуы бірдей, алайда мағынасы әр түрлі мейрамдардың аражігін ашып көру мақсатында осы мақаланы жариялап отыр.


Америкада аталып өтетін Алғыс айту күні. Американдықтар үшін бұл мейрам өте маңызды. Голливудтық кино мен сериалдарда Алғыс айту мейрамына қатысты жақындарына және Жаратушыға алғыс айту сценалары өте жиі кездеседі. АҚШ-та бұл мейрам қараша айының төртінші бейсенбісінде тойланады. Есептеп келгенде, биыл бұл мейрам қараша айының 28-не келіп тұр. Алғыс айту күні 1789 жылы ұлттық мейрам болып енгізілді. Бұл жылдары АҚШ мемлекеті ресми түрде құрылды. Ал, жаңа құрылған әр мемлекет үшін өз төл мерекесі қажет.  Мейрамның даталары елдің президенттері Джордж Вашингтон, Авраам Линкольн, Франклин Рузвельттермен бірнеше рет өзгертіледі. Американдықтар бұл күнді отбасымен бірге қарсы алады. 



Канададағы Алғыс айту күні қазан айының екінші дүйсенбі күнінде тойлайды. Мейрамды Мартин Фробишер есімді теңізжүзушісі алып келді. Өзінің теңіз саяхатының барысында Қытай мен Үндістан елдеріне жол сапарында теңіздің үлкен мұз құрсауына түседі. Сол құрсаудан ол қазіргі Канада елінің территориясына жетіп қана аман қалады. Осы оқиғадан алғыс айту күні бастауын алады.  Биыл мейрам 14 – қазанға келіп тұр және де бұл күн  ұлттық мәртебеге ие. Канадалықтар бұл күнді жақын адамдармен бірге тойлайды. Алғыс айту күні ресми түрде 1931 жылы бекітілді. Тек, Канаданың Принц Эдвард аралы, Ньюфаундленд, Лабрадор, Нью-Брансуик және Жаңа Шотландия жерлерінде Алғыс айту күні аталып өтпейді.



Англия елінде де алғыс айту күні тойланады. Бұл елдің мейрамы егін жиналып, егістік адамзатқа мол несібе берген уақытта тойланады. Жер-ананың мол байлығын жинау  күні болған соң, қалаларда, ауыл-аймақтарда түрлі жәрмеңкелер өтеді. Мейрамды тамашалау үшін Англия жеріне көптеген туристер ағылады. Алғыс айту күнін ағылшындардың жеріне жер аударғандар алып келді. Жаңа жерге қоныс аударғандар қыстан аман-есен шығып, егістікті егіп, ал күз мезгілінде оны толықтай мол жинап алғандары үшін алғыс айту күнін тойлады. Уақыт өте бұл күн Жаратушыға, ата-анаға, жақындарға алғыс айту мейрамына ұласып кетті.



 



Сонымен, оқып шыққаныңыздай АҚШ, Канада және Англия жерлерінде аталып өтетін алғыс айту күні отбасылық мейрам.



 Қазақстан халық ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келетін еліміздің Алғыс айту күні қандай? 1930-1945 жылдары сұрапыл Сталиннің режимінен зардап шеккен көптеген халықтар қазақ жеріне жер аударылады. Мысалы, 1944 жылдың 23 ақпан күні таңғы сағат 05.00-де шешен және вайнах ұлттары өз ауыл-аймақтарынан қуылды. Сол қаралы күні тыныш ұйқыда жатқан бейбіт халықтың жолға жиналуына бар болғаны 20  минут уақыт беріледі. Адамдарды еш түсіндірместен суық вагондарға тастайды. Аш, жалаңаш нәрестелер, жас балалар, аналар мен қарияларды солтүстік Қазақстанның қаһарлы қысына алып келеді. «Жыламаңдар! Біз Жаратушысы жоқ жерге бармаспыз!», - деген қарияның сөзі көпке үміт болады. Расында да, қысы өте қатал болғанмен, халқы жоқшылық пен соғыс жылдарына қарамастан «жер аударғандарды» бауырмалдықпен қарсы алады. Қазақтардың осындай қайсар мінезі мен бауырмалдық болмысына шүкір еткен шешен мен вайнах ұлты разы болады. Бұл адамшылдықтың, гуманизм мен жомарттықтың мыңның ішіндегі бір ғана оқиғасы. Қиын қырғын қан заманында жер аударғандары кеудесінен итермей, керісінше олардың рухын көтеріп, бір қара нанды бөліскен күндерді ұрпақтарға жеткізу мақсатында, елімізде 1 – наурыз Алғыс айту күні аталып өтетін болды.



 Елбасымыз айтып өткендей: Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді».



   Көпэтносты байтақ қазақ жеріміздің Алғыс айту мейрамының тарихы осындай, ағайын! Редакциямыздың дайындаған ақпараты пайдалы болады деген үміттенеміз...



 



 



Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,



Ruh.kz


Ruh.kz
Ғаламтор желісінен