23 Сәуір, 2019
Әлібек БАЙБОЛ: Таланттар – ел имиджі қалыптасуының тетігі

Қазақта:  «Ел іші – алтын кеніш», – деген аталы сөз бар. Аламан бәйгеде Алаш арғымағының алға озуына үлесін қосып жүрген әмбебап адамдар аз емес. Шүкір! Нағыз ер сегіз қырлы, бір сырлы келеді. 


Осы ретте, еліміздің шығармашыл жастары арасында көш бастап тұрған жазушы, драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы, көсемсөзші ретінде ойлы оқырманға кеңінен танылған талант иесі – Әлібек БАЙБОЛМЕН сұқбаттасқан едік. Соны назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.





Ruh.kz: Премьераңыз құтты болсын, Әлеке! Әңгімемізді сол «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты ертегіңізден бастайық.



Әлібек БАЙБОЛ: Ең алғашқы «Әріптер әлеміне саяхат» (режиссері ‒ Сағызбай Қарабалин) атты пьесам 2018 жылдың сәуірінде Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. Сол жылдың желтоқсан айында Қазақтың Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында (Режиссері – Болат Ұзақов) аудармам сахналанды. Ағылшынның атақты драмашысы Рэй Кунидың «Смешные деньги» («Туған күн») атты пьесасын орысшадан қазақшаға тәржімалаған едім. Ал, 2019 жылдың 5-6 сәуірінде «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты ертегім Қазақтың Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалық драма театрында қойылды (Режиссері – Әділет Ақан). Бұл – «Ұлы даланың жеті қыры» мемлекеттік құжатына орай жазылған дүние. Десек, одан тек негізгі-негізгі делінген атауларды ғана алдым. Қалғаны – тап-таза импровизация. Аллама алғысым шексіз, премьера сәтті өтті. Қазіргі тұрысында-ақ, өңірлердегі өзге де театрлар туындыма құда түсіп, қызығушылық танытуда.



Ruh.kz: Автор есебіндегі «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты ертекте қай нәрсеге басымдық берілді?



Әлібек БАЙБОЛ: Кез келген дүниені жазарда, одан тұтастықты іздеуге тырысамын. Әлеуметтік болсын, психологиялық болсын немесе діни жағын болсын, бәрін қамтуға бармын. Огюст Роденнің Бонопартқа арнап жасаған туындысы бар. Роден сол мүсінді ұстазына көрсетіп, ойын білгісі келеді. Сонда әлгі кісі қатты таңқалып, жаңағы мүсінді шедевр деп бағалайды. Алайда, Роденнің бұған көңілі толмайды. Сөйтіп, жанындағы қылышпен Бонопарттың алдыға ұмсына созған оң қолын ортасынан шауып тастайды. Сөйтіп: «Бұл мүсін енді ғана тұтастыққа ие болды», – десе керек. Дәл осы скульптура әлі күнге шейін Париждың қақ ортасында тұр. Сондықтан, әр шығарма бір-бірінен ажырағысыз бірлікте болғаны жөн. Қайсыбір компоненттердің көзге сап ете түскенін қаламаймын. Бір деммен көрілсе, бір деммен оқылса деймін.



Ruh.kz: Қазіргі қазақ әдебиетінде сын бар ма?



Әлібек БАЙБОЛ: Сыншы қай кезде де көп болмаған. Әлем әдебиетінде де, соның бір бөлшегі саналатын төл әдебиетімізде де солай. Қазіргі қазақ әдебиетінде тек сын ғана емес, өз қаламгерін күтіп жүрген дефицит жанрлар да баршылық. Соның кесірінен «сөз өнерінде» вакуум пайда болды. Қазақ әдеби сынының өрістеп, дамып, күшейуі 1960-1980 жылдар аралығымен тұспа-тұс келді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, бүгіндері жөнді сыншы да, драматург та, прозашы да аз. Бір қуанарлығы, саннан сапа шығуда. Ал, ақынның көптігін қандағы эпизммен түсіндіруге болады. Біз – өлеңсүйер, эпик халықпыз. Бір Мәскеудің өзінде 150-ге жуық жас драмашы бар екен. Қазір уақытта Михаил Земсков, Әннәс Бағдат, Мұрат Қолғанат, Ықылас Шалғынбай, Айдана Аламан, Әлішер Айтуар, Хан Асанов, Мерей Қосын секілді сегізге тарта жақсы жазып жүрген, пьесалары қойылған драматургтар бар. Бұған да шүкір. Меніңше, драматург деп жазатындарды емес, жазғандары сахнаға жол тартқандарды ғана айтуға тиіспіз. Өйткені, бұл үрдіс Ежелгі Грекиядан бері жалғасып келеді. Өздері үшін жазатындар немесе жазғаны Көркемдік кеңестің критерийлеріне мүлдем сәйкес келмейтіндер де бар. Театр саласын зерттеп, сол бағытта қалам тербеп жүргеніме, міне тоғыз жылдай болыпты. Драматургия – ауыр, машақаты көп жанр. Одан да, ақын болсаң бір өлеңнің басын қайырып, жазушы болсаң бір әңгіме жазғаның оңайырақ па дедім. Өйткені, әр пьесаны ең кемі төрт-бес рет редакциядан өткізесің-дағы, ол режиссердың қолына тиіп, сахналанғанда тағы да сан рет түзеп-күзейсің. Шыны керек, оны жазу барысында жаныңды қоярға жер таппай қатты қиналасың. Кейде режиссер тұтас бір актіні сызып тастағанда не істеріңді білмей аласұрасың. Содан, амал жоқ, қайта жазып шығасың.     



Ruh.kz: Өз замандастарыңыздан кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?




Әлібек БАЙБОЛ: Прозашылардан Есболат Айдабосын, Серік Сағынтай, Қанат Тілеухан, Бейбіт Сарыбай, Алмас Мырзахметтерді атар едім. Ал, жанкештілікпен жазып жүргендердің бірі – Қанат Тілеухан. Ол – әр шығармаға ізденіспен, дайындықпен келетін жазушы. «Қанаттың жаңа дүниесі жарық көрді» дегенді ести қалсам, бірден тауып алып оқып шығуға тырысамын. Әдеби сыннан Бағашар Тұрсынбайұлы мен Елдос Тоқтарбайды, театр сынынан Нартай Ескендір мен Назерке Жұмабайды атар ем. Сын дегеніңіз – жанкешті жанр. Бағашарда ауқым мен мазмұн, Елдоста сергектік пен таным, Нартайда органика мен анализ, ал Назеркеде нәзіктік пен пластика басым. Ерекше риза болатын жерім, Бізде ақын көп, әдеби конкуренция күшті. Бірінен-бірі асады. Айталық, Ерлан Жүніс, Ұларбек Дәлей, Бауыржан Қарағызұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Айнұр Төлеу, Еділбек Дүйсен, Батырхан Сәрсенхан т.б. Ал, әдебиеттанушылардың жөні тіптен бөлек. Мысалы, постмодернды зерттеп жүрген Гүлмира Сәуленбек, әдебиет тарихына бейім Заңғар Кәрімхан, кибер-әдебиетті зерделеп жүрген Айнұр Ахметова, қазіргі қазақ прозасын өзінің объектісі ретінде алған Жаңагүл Сәметова мен Нұрбол Құдайбергендерден үмітім зор.    




Ruh.kz: Жасалып жатқан реформалар туралы айтарыңыз бар ма?



Әлібек БАЙБОЛ: Әрбір сәтті жүзеге асқан реформа индивидке стимул беріп, ол айтарлықтай өзгеріс алып келеді. Бұл – модернизацияның бастауы. Мысалы, 2019 жыл – «Жастар жылы» болып жарияланды. Соның аясында көптеген жақсы-жақсы жоба жүзеге асуда. Мұндайға тек қуану керек. Өйткені, ол Бізге – жастарға берілген мүмкіндік.





Жазушы мен журналистің екеуара әңгімесі



 



Ruh.kz: Мүмкіндікті мүлт жібермеу керек демексіз ғой?



Әлібек БАЙБОЛ: Иә! Алдыменен, жастарға тәжірибе қажет. Бұл жобалар бәрімізге баспалдақ болып, үлкен серпін беріп тұр. Әдебиет болсын, ғылым болсын қолдауға зәру. Әсіресе, мемлекет тарапынан. Димаш Құдайбергенді алайық. Қолдау керек пе? Керек! Немесе «Айка» фильмін мысалға келтірейік. Арт-хаус деуге келмесе де, тағдыр бар, шынайылық бар. Самал Ісләмова қандай керемет ойнап шықты. Нәтижесінде, Канн кинофестивальінің «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша Бас жүлде алды. Осындай феномендер қазіргі әдебиетте де болса деп ойлаймын. Әдебиетпен салыстырғанда кино, театр және сурет өнері көш ілгері тұрғанын мойындауымыз керек. Өйткені, Әмір Байғазы, Серік Әбішев, Елзат Ескендір, Әділхан Ержанов секілді кинорежиссерлер қазақты шетелде танытып, үлкен жүлделер иеленіп, кино сыншылардың жоғары бағасын алып жүр. Міне, мемлекет осындай жастарды қолдауы керек. Таланттар – ел имиджі қалыптасуының тетігі.



Ruh.kz: Қазіргі қазақ қоғамында қандай мамандар тапшы?



Әлібек БАЙБОЛ: Бізде мықты-мықты физик-ядерщиктер жетіспейді. Архитектор, математик, химик, маркетолог, дизайнерлер аз. Уотсон мен Крик қос спиральді ДНК теориясын анықтағаны үшін Нобель сыйлығын алды. Сонда, Уотсон Нобель лекциясында: «Елімізде биологтар жетіспеген. Бірақ біздің мемлекет пен жекелеген тұлғалар биология саласының дамуына зор үлес қосты. Осыдан кейін барып біз шықтық», – деген. Бізде де кенжелеп қалған мамандық көп. Сол еске түссе, бір түрлі ішің ашиды. Әлгіндей салаларға қолдау көрсетілсе, ол өнім берері сөзсіз. Әдебиетке қатысты айтар болсақ, бізде жастардың ішінен шыққан текстолог, библиограф, нарратолог, архивист, фольклорист, әдебиет теориясын, әдебиет тарихын зерттеп жүрген ғалымдар аз, кейбір салада мүлде жоқ деуге де болады. Бір айта кетерлігі, бізде ІТ саласы жақсы дамып келеді. Осы ІТ мамандары мен өнер адамдары арасында байланыс орнаса ғажап болар еді. Кейде жақсы дүниенің жарнамасы жетіңкіремей, тасада қалып қояды, ал кейде керісінше, сапасыз дүние алға шығып кетеді. Осыны іріктеп отыратындай мүмкіндік болса. Белгілі бір баланс орнату керек. Бұл айналып келгенде тағы сол сынға әкеліп тіреледі. Екінші жағынан адами фактордың да әсері байқалады. Сондықтан осы ІТ-ның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. Жапон елі осыны оңтайлы жүзеге асырған. Жаңа кітаптың, не жаңа фильмнің жарнамасы екі-үш ай бойы тегін негізде биік ғимараттардағы лед-экраннан көрсетіледі. Кейін автор өнімнің өтуіне байланысты компанияға жарнаманың ақшасын төлейді. Біраз уақыттан соң жастар шетелге шығып, Жапонияны танытады. Осындайдан үйренген жөн. Қазақстанды дамыту мен таныту осы жастардың қолында.



Ruh.kz: Сапа демекші. Сапасыз кітаптар бар. Оқылымы да, сатылымы да жақсы. Осыдан қалай арыламыз?



Әлібек БАЙБОЛ: Ондай кітаптар шыға берсін. Сигментация деген ұғым бар. Оны оқырман өзі-ақ іріктеп алады. Шыққан бетте кей кітаптардың оқылымы да, таралымы да жақсы болып кетеді. Бірақ кітаптың ішінде айтарлық, іліп аларлықтай ештеңе болмай шығады. Оны шамамен он жылдан соң ешкім есіне де алмайды. «Совет заманында тек Ленин, Маркс, Энгельстарды оқыдық», – дейді анам. Ал, қазір Ленин оқыла ма? Жоқ. Оның тек революцияға қатысты ойлары ғана қалды. Қоғам іріктеді де, керексізін алып тастады. Уақыт саралайды. Ал, уақыт пен адам – ажырағысыз ұғымдар.  



 



Оқи отырыңыз: http://ruh.kz/kz/news/zhadi_shakenuli_tazaliktan_tektilik_tuadi">http://ruh.kz/kz/news/zhadi_shakenuli_tazaliktan_tektilik_tuadi



Ruh.kz: Қазақ кімді немесе нені дәріптеуі керек?               



Әлібек БАЙБОЛ: Өнерді, ғылымды, мәдениетті, имандылықты, тәлім-тәрбиені, мықты кадрларды... Онсыз ел болудан қаламыз.



Ruh.kz: Біз кімді ұмыттық?



Әлібек БАЙБОЛ: Кезінде елі үшін еңбек еткен тұлғаларды. Олар туралы «алдыңғы толқын ағалар» біледі, бірақ соны «кейінгі толқын інілердің» де бойына сіңіріп кетуі керек. 



Ruh.kz: Жазудағы критерийіңіз қандай?



Әлібек БАЙБОЛ: Жазудың формуласы жоқ. Сөз бен мән ғана бар. Жақсы жазғаныңды, я болмаса нашар жазғаныңды сезген адам ғана қаламгер болмақ. Өз кемшілігіңді көріп, түзей алсаң ғана өсесің. Одан кейін мақтауға ұстамды болған жөн. Себебі, арамызда жақсы бастап, кейін болмай жатып солып жатқандар бар. Бұл – өкінішті жағдай, әрине.  



Ruh.kz: Жастарға айтарыңыз бар ма?



Әлібек БАЙБОЛ: Құдайдан алыстамау, ата-анаңды сыйлау, еліңді сүю, оқу, іздену, еңбектену, өсу, даму, ілгерілеу, уақытты тиімді пайдалану және соның бәрін жазуға айналдыру...



 Ruh.kz: Сөз соңында айтарым қазіргі уақытта Әлібек Байбол не істеп жүр? Не жазып жүр? Кімді немесе нені оқып жүр?



Әлібек БАЙБОЛ: Қазір Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институтының I курс докторантымын. Әзірге жоспарларым туралы айтпай-ақ қояйын. Аллам амандығын берсе, жақсы жаңалық болса ести жатарсыздар. Біз тек қана ниеттенеміз.  



Ruh.kz: Әңгімеңізге рақмет!



                                                                                                                            



Сұлтан МҰСТАФИН,



Ruh.kz



 



 


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz