11 Қазан, 2017
Әліпбидің соңғы нұсқасында да жетілдіретін тұстар бар – профессор

Қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру бойынша құрылған арнайы жұмыс тобы жақында Елбасыға әліпбидің екінші нұсқасын таныстырған болатын. Қазіргі таңда халық дәйекшелер арқылы жасалған әліпбиді қызу талқылап жатыр. Осыған байланысты ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен депутаттар өз ойларын ортаға салып, тиімді, тиімсіз тұстарын айтып жатыр. Baq.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлының латын әліпбиіне қатысты пікірін ұсынады.


Латын әліпбиі туралы ұсыныс көп болды. Солардың ішінде соңғы нұсқасын парламенттің алдынан өткізіп, жариялаған күннің ертеңінде сынға ұшырады. Бұған дейінгі әліпби жобасын дайындаушылар тарапынан болған келіспеушіліктердің барлығы лингвистикалық шарттардың айналасында болып келді. Осыдан аз уақыт қана бұрын ұсынылған жобаның сынға ұшырауы да сондай сәйкессіздіктен еді. Кешегі қазақ әліпбиінің негізін қалаған ұлт зиялыларының жолын ұстанған ғалым, фонетика саласының білгір маманы Ә.Жүнісбек те осы мәселені қадап айтып келеді.



«Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен шектелмейді. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және еміле-ереже – бәрін бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; еміле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен еміле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады», – деген еді маман.



Әліпби ауыстыру қазақ тіліне қатысты, сондықтан оның болмысына сай жасалуы тиіс. Төл дыбыстарын жоғалтуға болмайды, бөтен элементтермен былғауға да болмайды. Дыбыстың сандық мөлшері мен сапалық жүйесі – тілдің табиғи заңдылықтары қалыптастырған біртұтас стандарт. Әліпби соған бағынуы тиіс. Басты назарда ұсталатыны да осы мәселе. Жинақтай келіп, екінші сөзбен ойға алған тақырыпқа жақындата айтсақ, мына мәселелерді ескеруіміз керек: біріншіден бір дыбысқа бір әріп принципі қатаң сақталуы керек; екіншіден, әліпби кірме дыбыстардан таза болуы тиіс. Үшіншіден, емле-ережелер дайындалғанда ұсынылған әліпбидің кедергі келтіретіндей ерекшелігі болмауы тиіс. Тілдің табиғатын терең түсінетін сала мамандары ғана, сондықтан солардың біліктілігіне жүгінген дұрыс.





Көптеген сын-ескертпелерден кейін өзгертіліп, міне тағы бір нұсқасы ұсынылып отыр. Толықтырылған нұсқасымен Н.Назарбаевтың өзі танысып шықты, алайда асықпай ойлану керек екенін тағы да ескертті. Соңғы ұсынылғаны жөнге келіп қалған секілді. Бұрынғы жиырма бестің орнына отыз екі таңба берілген. Компьютер тақтасындағы бар түймені пайдаланып, қалғаны дәйекшелермен толықтырылған. Бір дыбысты қосар таңбамен беру оны үйренуде де, оқуда да қиындық тудыратыны анық. Әсіресе сөздік қорды жаңа меңгеріп келе жатқан бастауыш сынып жасындағы сәбилерге қаншалықты салмақ болатын белгісіз. Сонымен қатар біздің әліпбиімізден хабары жоқ шетелдіктер атауларымызды оқығанда үлкен ауытқуларға жол беретіні белгілі. Ал дәйекше бұл қиындықтарды жеңілдететін секілді.



Осындай жеңілдіктері бола тұрып, мәселені екінші жағынан қарағанда бұрынғысынан жақсарғанына қарамай, бір дыбыс жазылғанмен, бәрібір екеу болып таңбаланады. Жазуды жеңілдетуі мен орын алу көлемі жағынан айырмашылық аз. Жіңішке буынды сөздерді жазғанда әріптердің шекесінде жыпырлаған дәйекшелер көз сүріндіретіні белгілі. Екіншіден, компьтерге иек артқан қазіргі заманда, әсіресе ақпаратты жылдам жеткізуге баса мән беріліп отырғанда, төл дыбыстарымыздың шекесіндегі дәйекшелер назардан тыс қалуы әбден мүмкін. Әсіресе ұялы байланыс арқылы жазбаша қолданысқа түскенде тіл ұлттық сипатынан жұрдай болып шыға келеді, оны дәлелдеп жату артық – дыбыстар таңбаланғанымен дәйекшелерге ешкім назар аудармай кетуі мүмкін.



Тілдің табиғатын назарға алмай компьютерге байлау қалай еткенмен, «былай тартсаң арбаны сындырып, былай тартсаң өгізді өлтіреді». Өйткені тіл өзінің шығуы мен қалыптасуы тарихының әуелінен бастап ХХ ғасырдың басына дейін қанша уақыт дамып жетілсе, сонша уақыт бойы қалыптасқан төл заңдылықтары бар. Ал компьтер оған арналмаған. Сондықтан олар бір-бірімен ымыраға келмейтін екі әлем. Бірі жаратылыстың – уақыттың жасап берген құндылығы оның ішінде бүкіл ұлттық болмысымыз тұр; екіншісі – адамның қолымен жасалған құрал. Бұл пікірімізді бұрын да айтқанбыз, алайда тілдің мүддесі үшін тағы да қайталуға тура келеді.



Алдымызда екі түрлі таңдау тұр: бірі – тілдің қол аяғын байлап, компьтерге бағындыру, екіншісі – аздаған шығынды ауырсынбай техниканы тілге бейімдеу. Дұрысы соңғысы. Егер ғылым мен экономиканың дамуы осы қарқынынан жаңылмаса, бұл мәселе оң шешімін тауып қалуы тиіс. Тіпті электрондық құрал шығаратын зауыттар техниканы әр елге арнап шығарып беретін күн де алыс емес секілді, сондықтан қазіргі күннің көзімен «мәңгілік тіліміздің» аяғына тұсау салуға болмайды.



Латынға көшудің негізгі мақсаты – жоғалтқанымызды түгендеу. Алдағы дамуға сара жол салу. «Рухани жаңғырудың» негізгі тетіктерінің бірі – тіл, оның осы бір ұлы мақсатқа арқау бола алуы үшін де өз болмысына сай болуы керек. Алғаш латын әліпбиіне көшеміз деген кезде лингвистер мен тіл табиғатын түсінетін зиялыларды негізінен қуандырған – жаңа әліпбидің тіл заңдылығына негізделген ұлттық бейнесі болатын. Көз алдымызға елестеген сол тамаша бейне шындыққа айналудың орнына бұлдырап барып, ғайыпқа сіңіп кетпесе екен дейміз. Өйткені екінші рет ұсынылып отырған жобада да ілгеріде аталған тіл заңдылықтарының шарттарына толық сәйкес келмей отыр. Дегенмен, дәтке қуат етеріміз – Елбасының асықпай ойлану туралы тапсырмасы мен тәжірибеге түсіп сыналатын мерзім. Айтылып жатқан пікірлердің барлығы қазірге болжам ғана, өмір тәжірибесі бізге не ұсынатынын уақыт көрсетеді.





Қазақ әліпбиі бөтен дыбыстардан таза болуы тиіс, алайда толықтырылған соңғы нұсқада олар жүр. Оның дайындалуы тиіс емле, ережелерге салқынын тигізетіні анық. Әліпбиді таза ұстамай тұрып, жазу ережелеріне ұлттық сипат беру қиын. Кірме дыбыстар тұрған жерде «бүйректен сирақ шықпай» тұрмайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қыркүйектің 15-де отандық және Қазақстанда тіркелген бірқатар шетелдік БАҚ өкілдері үшін өткізген баспасөз мәслихатындағы латын әліпбиіне қатысты пікірі Алаш қайраткерлерінің пікірімен сәйкес келеді.



«Компьютерге бірден қоя салу үшін ілік болмау керектігін айттым. Ноқаты, үтірі бар, тек қазақ дыбысына тән 8 әріп бар. Міне, соларды нақтылау қажет. Барлық мәселе осында», – екенін айта келе Елбасы: «Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. Японияны қазақтар Жапония дейді. «ч», «ю», «я», «ь», «ъ» белгілері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы нағыз қазақ тілін бұрмаладық. Сондықтан бұл маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды», – деп арнайы ескертті.



Біздің әліпби жасаушылар осы ұстанымды басшылыққа алуы тиіс. Алаш зиялыларының және жалпы халықтың көкейіндегі осы тілекті Елбасы өзі айтып отыр, сондықтан ғасырлық арманға қол жетер тұста мүлт кетуге болмайды. Тіл ағзасын бөтен элементермен бүлдірсек, бүгінгі күннің зиялы қауымына сын. Ілгеріде атап өткеніміздей, латын әліпбиі тек қазақ тіліне байланысты жасалатын реформа. Оны саясатпен немесе экономикалық жағдайлармен шатастыруға болмайды. Бұл жерде тек лингвистикалық принциптер басшлыққа алынады, өйткені әліпбидің соңын ала жасалатын емле, ережелер тілдің заңдылықтарына негізделеді.



Компьтерді тілге бейімдемей жаңа әліпбидің айы оңынан тумайды. Бұл мамандардың, ғалымдардың көзі жеткен, тіл табиғаты белгілеп берген заңдылық.



Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,



Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы


Baq.kz