6 Қараша, 2017
Алматы қаласынан киелі жерлер тізіміне 5 нысан енгізілді

«Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасы аясындағы «Қазақстанның  жалпыұлттық қасиетті орындары» респуб­ликалық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне Алматы қаласынан бес нысан ұсынылды.



Атап айтар болсақ, Райымбек батыр кесенесі, «Боралдай сақ қорғандары» қорымы, Қасиетті Вознессенск соборы, А.Байтұрсы­новтың музей-үйі мен Республика алаңы. Бұдан басқа, Алматы қаласының жергілікті маңызы бар киелі жерлері жобасы алдағы уақытта іске қосылатын болады. Бұл жоба аясында тізімге 22 киелі орын енгізілген. Ескеретін мәселе, аталған жоба әлі бекітілмеген. Тізімді толықтыру немесе қысқарту – алдағы күндердің еншісінде.



Бүгінде Боралдай сақ қорғандарының эскиздік жобасы жасалынған екен. Келер жылы 450 гектарды құрайтын аумаққа үлкен құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Бұдан өзге, қала ішіндегі Райымбек батыр кесенесі «қызыл сызықтың» бойында орна­ласқан екен. Сондай-ақ, кесене Райымбек батыр қоғамдық қорының атында болған. Жақында қала әкімінің арнайы қаулы­сымен кесене қала әкімдігінің балансына өтті. Кесененің мемлекеттік актісі дайын болған соң, ол Алматы қаласының музей­лер бірлестігінің тізіміне қосылады.



«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалидың айтуынша, еліміздегі киелі орындардың тізімі шенеуніктердің кабинетінде отырып жасалмайды. Оны әр өңірдің жергілікті халқы анықтап береді екен. Өйткені, әрбір нысан сол жердің жергілікті халқының өмірімен тығыз байланысты.



««Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасы адамдардың ішкі рухани-туризмінің дамуына зор үлес қоспақ. Халық, оның ішінде жастар туған жерінің тарихымен танысуына үлкен мүмкіндік алады.  Яғни табиғатты тамашалап, ел-жер көріп, көңіл көтеру ғана емес, тәлімдік-тәрбиелік мәні бар, тарихи сананы жаңғыртуға негіздел­ген, туған жер тарихымен танысуына бағытталуымен құнды», - деп толықтырды Берік Әбдіғали.



«Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасы бес жылға жоспарланған. Яғни 2017–2021 жылдарды қамтиды.  Осы аралықта әр жыл сайын бір-бір томнан барлығы бес томдық үлкен еңбек «Қазақ­станның қасиетті жерлерінің энциклопе­диясы» жасалады. Биыл жыл аяғына дейін энциклопедияның бірінші томы жарық көреді. Аталған жинақта Алматы, Астана қалалары мен Ақмола және Алматы облыс­тарының киелі орындары қамтылады.  Алдағы жылдары жоспар бойынша дала­лық-этномәдени экспедициялар да жасақ­талады.



Жалпы сала мамандардың айтуынша, «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» жобасы діни де емес, таза ғылыми жоба да емес. Бұл – Қазақстан тарихында орны бар тұлғалардың, жерлердің тізімін жасау. Киелі орындар тізіміне табиғи ландшафт объек­тілері, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, ерекше ардақ тұтатын діни нысандар және тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындар енетін болады.



«Бұл жоба арқылы халыққа рухани құндылықтарымызды  насихаттаймыз. Ол нысан қандай тарихи оқиғамен, қандай салт-дәстүрмен, қай кезеңмен байланысты екенін анықтаймыз. Сол арқылы ұрпаққа жат ағымдардың бөтен пиғылына қалқан болатын рухани тәрбиені сіңіру, насихат­тау, нығайтуды мақсат етіп отырмыз», – деді Б.Әбдіғали.



Қазақстанның киелі орындары тізіміне енген нысандарда алдағы уақытта туристік бағыттарды дамыту жұмыстары қолға алынады.


ruh.kz