29 Мамыр, 2018
Алматы облысы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз-конференциясына шолу

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыс көлемінде «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында алдағы уақытта атқарылуы тиіс жоспарлар мен жүзеге асқан мақсаттарға шолу жасады. Қала көлеміндегі республикалық маңызы бар жолдар мен түрлі мәдени-тарихи нысандардың, мемлекеттік мекемелер ғимараттарының жөндеуден өткізілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, облыстық туризм мәселесі туралы сөз қозғалды 


Алматы облысында «Рухани қазына» кіші бағыты аясында 243 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді 



Алматы облысындағы әр түрлі аймақта орналасқан 243 мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарынан өтетіндігі туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз-конференциясында аймақ басшысы Амандық Батталов мәлімдеді. 



«Өткен жылы облыс көлеміндегі 7 мәдениет үйі бастан-аяқ жөндеу жұмыстарынан өтті. Ал үстіміздегі жылы жөндеу жұмыстарынан өтуі тиіс 11 ғимарат бар. Сонымен қатар, 2 мәдениет үйіне толыққанды реконструкция жасалып, 3 мәдениет үйі күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.  



Өңір басшысы «Жырға тұнған мекенім – Жетісуым» атты жобаның көлемінде бір күн ішінде жергілікті ақындар мен жазушылардың 39 төл туындысының тұсаукесері өтіп, оқырманға таныстырылғанын айтты. Бұдан бөлек, «Алматы облысының ескерткіштері» атты екі томдық энциклопедия баспадан шығарылып, республиканың түкпір-түкпіріне жол тартты. 



Амандық Баталовтың мәліметіне сүйенсек, «Жетісу балалар кітапханасы» жобасының аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі жанрдағы 24 мың кітап құралдары өз оқырмандарымен қауышты. Сонымен қатар, түрлі жанрда қалам тербеген 6 балалар жазушыларының антологиясы және 43 автордың жинақтары жарыққа шықты. 



Алматы облысында «Қасиетті жерлердің электронды жол картасы» іске қосылды 



«Бұл бастама «Қазақстанның қасиетті картасы» республикалық маңызы бар бағыт көлемінде жүзеге асты. Нақтылай айтсақ, оған Алматы облысының аумағынан 58 объект қосылса, олардың 17-сі республикалық дәрежеде ал 41-і облыстық деңгейде орныққан», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Батталов. 



Өткен жылдың басында, яғни, сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында цифрлы технологияларды кеңінен меңгеру міндеттелген болатын. Міне, содан кейін аймақтардағы атқарушы тұлғалардың ерен еңбегінің арқасында «Қасиетті жерлердің электронды картасы» тұтынушылардың қолына жетіп, қызметке даяр тұр.  Аталған картаға облыс аумағынан 2343 ескерткіштер мен киелі орындар кірген. 



«Рухани жаңғыру» аясында жасалған бұл карта азаматтарға аймақтағы тарихи, мәдени, қасиетті жерлер жайлы, табиғат ескерткіштері мен ерекшеліктері жайындағы барлық ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Карта арқылы тұрғылықты орынды, тарихи орындарды, маршруттар бағытын, іздеу бойынша фото және видео материалдарды табуға болады», - деді спикер конференция барысында. 



Облыс әкімінің айтуынша, технология қарыштап дамып жатқан дәуірде саяхаттың да логистикасын жеңілдету міндетті дүние тақылеттес. Басшы осылай дей келе, 255 QR бағытты анықтайтын код турасында, үйден шықпай-ақ өңірдің барша кереметін кез-келген гаджеттен көруге мүмкіндік беретін «Жетісу 360 ̊» жобасы жайлы сөз қозғады. Аталған жоба арқылы Жетісу өлкесінің күллі кереметін көз алдыңызға алып келетін мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. 



«Сулейман Демирел атындағы университеттің студенттері «Жетісудың қасиетті орындары» атты мобильді қосымшаны үш тілде жасап, iOs және Android қолданушыларына ұсынды», деген сөздері арқылы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жобаларды жастардың белсенді қолдап отырғанын жеткізді. 



Жетісу өлкесінің қасиетті әрі ерекше орындарын кеңінен насихаттау мақсатында құрылған «Жетісудың географиялық қоғамы» ұйымының жанынан Жетісу өлкесін күллі әлемге паш ететін скретч-карта жасалынды. Міне, алматылық азаматтар үшін «Рухани жаңғыру» аясында осындай керемет мүмкіндіктер жасалынып жатыр. 



Алматы облысында туризмді дамыту мәселесі 



«Қазіргі таңда мемлекеттің тікелей қолдауымен жолдарды жөндеу жұмыстары жүріп, аймақтық туризмді дамытуға барлық жағдай жасалып жатыр. Мысалы, республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Балқаш көлінің жағалауына апаратын 114 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Дәл осы көлік жолын жөндеуден өткізу үшін қазынадан 2 миллиард теңге қаражат бөлінген еді. Қазір «Көкпек-Кеген-Түп-Жалаңаш-Саты-Құрметті-Көлсай көліне апаратын жол» бағытындағы тас жолдарда жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бұл аралықтағы жолдың қашықтығы 35 шақырым. Осы 35 шақырым жолдың жағдайын жақсарту үшін үстіміздегі жыл мемлекеттік қазынадан 1,7 миллиард теңге қарастырылды. Ал «Үшарал-Достық» тас жолындағы 184 шақырым үшін мемлекет 19,4 миллиард теңге ақша жұмсады», - деп мәлімдеме жасады Алматы облысының әкімі Амандық Батталов. 



Өңір басшысының мәлімдеуінше, жергілікті бюджеттен «Алматы-Нарынқол» бағытындағы тас жолдың 11 шақырымы «Шарын» шатқалына дейінгі аралықта алғашқы жөндеу жұмыстарынан өту үшін 500 миллион теңге қаражат қарастырылған. 



Сонымен қатар, белгілі болғандай, 2018-2020 жылдар аралығында жергілікті бюджеттен «Копа» темір жол станциясынан «Қарабастау» ауылына дейінгі 34 шақырым облыстық маңызы бар тас жолды жамау жұмыстарына 9 миллиард теңге бөлінбек. Жақсартылған жол туристердің немесе қандастарымыздың тарихи-мәдени ескерткіш қорық-мұражай «Таңбалыға» еркін жетуіне мүмкіндік ашып береді. 



Сондай-ақ, «Алматы-Жетіген-Қапшағай су қоймас» бағытындағы тас жолды да күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізу жоспарланып отыр. Бұл бағытты жүзеге асыру үшін қазынадан 750,8 миллион теңге бөлінді. Бұл жоспар 2017-2018 жылдар мерзімінде толық аяқталып бітуі тиіс. Сонымен қатар, «Ақ Бұлақ» көппрофильді туристік орталығына апаратын тас жолдың 23 шақырымын жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 345,8 миллион теңге бөлінген. Ал жобаның жалпы сомасы 4,6 миллиард теңгені құрайды. 



Бұдан бөлек, мемлекеттік бюджеттен «Алматы-Жетіген-Достық» (аптасына 3 рет, 2,5 ай) теміржол бағытын қалпына келтіру үшін 85 миллион теңге бөлінді. Ал «Талдықорған-Астана-Талдықорған» (аптасына жеті рет, 12 ай бойы) әуе бағытын ретке келтіру үшін 579 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат ішіне «Астана-Үшарал-Астана», «Алматы-Үшарал-Алматы», «Талдықорған-Үшарал-Талдықорған» әуе рейстері кіреді. 



Ал «Оңтүстік аспан» әуе компаниясы Балқаш көліне жеткізетін әуе бағыттарын 29-мамырдан бастап, «Астана-Балқаш» бағытында 9000 теңгелік тарифпен, 15-мамырдан бастап, «Алматы-Балқаш» бағыты бойынша 14000 теңгелік тарифпен жұмыс жасауда. 



 


ruh.kz
Today.kz