2 Қараша, 2017
Алматыда латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына арналған жиын өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Латын әліпбиіне көшу: тарихы және перспективасы» тақырыбында жиын өтті.



Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен студенттері қатысқан шарада жаңа әліпби қалыптастырудың өзіндік ерекшеліктері, латын әліпбиіне көшудің мәселелері мен маңыздылығы сөз болды.



«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 4-ші бөлімінде Мәңгілік ел идеясының мәні мен маңызы толыққанды айтылды. Мемлекет басшысы онда ұлт болашағы жастарға Мәңгілік ел идеясын кеңінен насихаттау қажеттігі жайында айтты. Алға қойылған межелерге жету үшін не істеу керек? Қазақстанды Мәңгілік Елге жетелейтін бір бағыт – латын әліпбиі. Себебі, оны жаһан жұртшылығының жартысы пайдаланады. Қазақстан латын әліпбиіне өту арқылы өркениетке бір табан жақындай түседі. Осыған орай, елімізде латын әрпіне өту кеңінен насихатталуда. Бүгінгі жиын да осының жалғасы іспеттес, – деді Қыздар университетінің Тәрбие және әлеуметтік мәселелер департаментінің жетекшісі Зәуреш Сабырова.



Жиынға қатысқан «Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нәйла Ордабаева «Латын әліпбиіне көшу – жастардың ой-өрісі мен дүниетанымының тереңдей түсуіне негізгі алғышарт» тақырыбына кеңінен тоқталды. Ал, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов «Рухани жаңғыру: өнер мен мәдениеттің рөлі» жайында әңгімеледі.



«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткен қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі басым бағыттарының бірі – ұлттық және мәдени бірегейлікті сақтау. Салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз уақыт ағымымен бірге дамып, халықпен бірге мәңгі жасауы тиіс. Өйткені, мәдениет пен дәстүр – ұлттың генетикалық коды, рухани болмысының негізгі өзегі», – деді өз сөзінде Н. Дауешов.



Сонымен қатар, жиын барысында Қыздар университетінің оқытушылары мен студенттері тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін білдірді.


ruh.kz