8 Сәуір, 2018
Алматыда «Сахнагер-2018» ұлттық театр сыйлығымен «Астана Операның» жетекші солистері марапатталды

 Халықаралық театр күні «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, биыл бұл шара "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" бағдарламасының аясында өткізілді. 


Аталмыш шараның Елбасының «Рухани жаңғыру» аясында өткізілуі көп нәрсеге назар аудартары анық. Яғни бұл жоба арқасында "Сахнагер" ұлттық театр сыйлығының арқасында елімізде театр дәстүрлері нығайып келеді. Опера, балет, драмалық өнердің мемлекеттік деңгейде қолдау тауып жатқаны көңіл қуантады. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ел дамуындағы мәдениет пен өнердің дамуына ерекше мән беруде. Сондықтан театр ұжымы ұлттық мақтанышымыз деп нық сеніммен айта алатын «Астана Опера» театры үшін Елбасыға үлкен алғыстарын білдіреді.  



Салтанатты шара Алматы қаласындағы М.Ю.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында қолға алынды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының лауреаты Сүндет Байғожин «Үздік опера солисі» аталымында лауреат атанса, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының мәдениет пен өнер саласындағы лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Рим сыйлығы» Халықаралық балет әртістері байқауының ІІ жүлде лауреаты Мәдина Басбаева «Үздік балет әртісі» атағына ие болды.  



«Сахнагер» сыйлығы негізінен театр саласындағы шығармашылық жетістіктері үшін табысталады. Сүндет Байғожин мен Мәдина Басбаева «Қазақстан театрлары ассоциациясының» жас дарындарды қолдаудағы маңыздылығын атап өтті.



Сондай-ақ олар «Астана Опера» театрындағы қойылымдарда, Қазақстан мен алыс-жақын шетелдегі мәдени іс-шараларда сәтті өнер көрсетуде. Әртістер Қазақстан мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосуда. Жетекші солистер асқан кәсібилік пен ғажап әртістік шеберліктерін танытуда. 



Еске салар болсақ, қазақстандық «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығын 2017 жылы Қазақстан театрлары ассоциациясы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолдауымен құрған болатын. Ұлттық сыйлық театр дәстүрлерінің сақталып, нығаюына ықпал етеді. 



Сондықтан еліміздегі болашаққа бағдары айқын, рухани жаңғыруға бейім осындай іс-шаралар мен марапаттаулар еліміздің ішкі мәдени потенциалын нығайтуға және жаһандағы қазақстандық мәдениеттің үлгілі кейіпте көрініс табуына жол ашары хақ. 


ruh.kz
Астана опера