28 Сәуір, 2018
Алматыда Жамбыл атындағы кітапхана цифрлық форматқа көшті

Елімізде Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасының «Жаһандағы замауи қазақстандық мәдениет» бөлімі аясында оң өзгерістер көптеп орын алуда. Солардың бірі ретінде Алматыдағы Жамбыл атындағы кітапхананы айтсақ, бұл кітапхана жастардың зияткерлік орталығы ретінде қайта жасалып, модернизацияланды.


 



Атап айтқанда, күрделі жөндеуден өткен кітапханада кітаптармен, жаңа шығармаларды таныстыруға, электронды ақпаратпен жұмыс істеуге, құжатты және ғылыми-танымдық фильмдерді көруге мүмкіндік беретін заманауи "open space" және тегін "Wi-fi" бар.

Сонымен қатар жаңарған интерьермен қоса "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасына сай кітапхананың барлық кітап қоры саналып, электрондық форматқа көшеді. Содан енді Жамбыл атындағы кітапхана жалпы кітап қоры 1,8 млн дана болатын қаланың бірегей кітапханасына айналмақ. Көпшілік оқырман үшін кітапхана биылғы жылдың мамыр айынан бастап қызмет көрсете бастайды.  

Осы ретте Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: 





– Мемлекет басшысы атап өткендей, "Жаңа гуманитарлық білімнің" алғашқы оқулықтарын таныстыруда заманауи ұлт бәсекелестігінің басты шарттарының бірі жас ұрпақтың білімділігі. "Президенттің "Қазақстан-2050 Стратегиясын қолдау" қоғамдық қорының қаржылық көмегі арқасында білім мекемелерін модернизациялаудың жаңа тәсілі жүзеге асты. Жобаға қатысқан алматылық жастар классикалық кітапхананы жастардың коворкинг-орталығымен ойдағыдай үндестіре білді", – деп атап өтті.

Ал, жоба кураторы Кәмилла Лұқпанова: 






– "Мұнда оқырман қажетті ақпаратты алып қана қоймай, өз пікірімен бөлісіп, оны талқылай алады. Біз кеңістікті заманауи және жайлы жасауға тырыстық. Мысалы, 550 спот жақсы жарық берумен қатар қолайлы атмосфераны туғызады", – деді.



Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі