5 Қараша, 2019
Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа сұрақ

Облыс әкімдерімен өрбитін «Әкімге сұрақ» айдарының бүгінгі санында Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аталмыш өңірде қалай жүзеге асып жатқаны, елдің дамуы жолында жастардың қосар үлесі мен жауапкершілігі жайында төмендегі сұқбаттан оқи аласыз. Мархабат!


Жер таппан жерде жете Жетісуым

Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым.

Ілияс Жансүгіров

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қалай түсіндірер едіңіз?

Амандық Баталов: «Біз кімбіз?», - деген сұраққа жауап іздегенде әрбір ұлт пен ұлыс ең алдымен өзінің тарихи тамыры мен мәдени ерекшеліктеріне назар аударады екен. Бұл – заңды да. Себебі ұлтты ұлт ететін, оны басқалардан өзгешелендіретін оның саяси ұстанымы да, экономикалық қуаты да, кен байлығы да емес, ең бірінші – мәдениеті.

Мемлекет дамуы мен жаһандану екеуі екі бөлек жол деп қарастыра алмаймыз. Өйткені біз өзге ғаламда, басқа әлемде өмір сүріп отырған жоқпыз, оқшау қалған, оңаша отырған ел емеспіз. Сондықтан жаһандық жаңалықтар мен үлкен өзгерістердің бізді айналып өтпейтіні шындық. Күллі жер әлемді қамтыған жаһанданудың сол буырқанған толқынына жұтылып кетпеу үшін өз мәдениетімізді, төл өнерімізді, бізге ғана тән ерекшеліктерімізді сақтап, өркениетпен ұштастыра дамытуымыз керек. Кешегі көшпелілер мәдениеті көне дәуірлерде қалып қойған жоқ, ол біздің тамырымызда сан тарау болып соғып тұр, далалық өркениет пен түркілік дүниетанымның іздері де санамызда сайрап жатыр. Ендігі жерде осы құндылықтарымызды жаңа сапаға көтеріп, жаңа дәуірмен жалғастыра жаңғырудың қажеттілігі зор.    

Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қазақстанның рухани ұстанымдарын айқындайтын және соны жүзеге асыруға жол ашқан бағдарлама деп білеміз. 

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сөзінде: «Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», - деген болатын. 

07.jpg

Қатпарлы тарихы бар қазақ елі тәуелсіздік алған жылдар ішінде өзінің қалыптасу, даму жолын айқындап, бүгінін бағдарлап, келешегіне негіз салды. Соның ішінде болашақ үшін маңызды саналатын ақпарат алмасу, цифрландыру, озық технологиямен жұмыс істеу, халықаралық тілдерді еркін меңгеру сияқты тармақ-тармақ талаптарды уақыттың өзі туғызып отыр. Десек те, заманның ағымына сай болумен қатар, өскелең ұрпақ ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындап өсіп, рухани құндылықтарды құрметтей білгенде ғана еліміз мәңгілік, болашағымыз жарқын бола алады. Сондықтан да Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары біз үшін айнымас темірқазық, адастырмас құбылнама сынды қабылданды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент қызметіне кірісу салтанатында: «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет», - деген еді.

Жалпы бұл бағдарламада жас ұрпақты сырттай тамашалаушы, сырттай сүйсініп отыратын оқырман емес, оның барлық мән-мазмұнына, орындалу тетіктеріне белсене атсалысатын қоғам мүшесі деп қарастыруға тиіспіз. Сонда ғана руханиятымыздың сөлі мен нәрі бойына сіңген, уыз-қайнарынан қанып ішкен ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Дегенмен, жас өскін бірден елдің қатпар-қатпар тарихын кішкентай санасына сыйғызып, ұғынып алуы тиіс десек, қателесер едік. Тарихты тану ең алдымен өз ауылыңның, өз өлкеңнің тарихын танудан, өз отбасыңдағы құндылықтарды құрметтеуден басталады. Адамның көкірек көзі ашылған сайын, көру, сезу, түйсіну көкжиегі кеңейген сайын елдің тарихын, дәуірдің дүбірлі жолын, салт-дәстүр, мәдениеттің мәйегін соғұрлым терең ұғына бастайды. Сондықтан «Рухани жаңғырудың» өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. 

001.jpg

Ruh.kz: Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында облыстың қосқан үлесі туралы айтып өтсеңіз? 

Амандық Баталов: Халқымыздың соқтықпалы-соқпақсыз тағдыр-талайындағы батыр бабаларымыздың жолы, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырып, дамытудағы Елбасының ерен еңбегі, кеңестік солақай саясаттың салдарынан қуғын-сүргін көрген, жапа шегіп, құрбан болған тұлғаларымыздың қайраткерлігі... Осы тақырыптарға арналған музейлердің облысымызда салынуы оларды танып-білудің, насихаттаудың бір көрінісі деп білеміз. Атап айтқанда, Қарасай ауданындағы «Батыр бабалар» мемориалды кешені, «Анаға құрмет» музейі, Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы, Талғар ауданындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген тарихи маңызы зор нысандар. Бұл ретте меценаттардың да үлесі зор екенін атап өту керек. 

ED0_5567.jpg

Бұл тарихи-мәдени орындарға оқушылар, жастар арнайы барып, аралап көріп, зор мағлұмат алады. Насихаттың үлкені – осы! Тәрбие – тек сөзбен ғана атқарылатын іс емес, осындай қастерлі орындардың да тәрбиедегі рөлі айрықша.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» атты арнайы жоба қарастырылған. Осы жоба аясында Алматы облысында 2017 жылы 58 нысан іріктеліп, оның 17-сі республикалық және 41-і облыстық сакралды нысандар тізіміне енгізілді.

Жетісу жері – Ұлы Жібек жолының бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан құтты мекен. Талай тарихи оқиғалардың дүбірі, тұлпарлар тұяғының ізі қалған қоныс. Елге еңбегін сіңірген ерен ерлеріміз суын ішіп, ауасын жұтқан жер. Сондықтан біздің өңір киелі жерлерге де соншалықты бай. Осы байлықты көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтың игілігіне айналдыру – міндетіміз. Оған қазіргі кезде озық технологияларды қолдана білу зор мүмкіндік береді.

Мәселен, «Ескерткіштердің электронды картасын» жасадық. Картаға облыс аумағындағы 2343 ескерткіш кірді. Сүлеймен Демирел университетімен бірлесіп, «Жетісудың қасиетті жерлері» атты қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі мобильді қосымшаны іске қостық. 

ED2_7758.jpg

Алматы облысында орналасқан 20 музей мен 5 сакралды орынды 3D форматында тамашалауға арналған «Zhetysu 360˚» жобасы әзірленді.

Сондай-ақ «Алматы облысының мәдени ескерткіштер энциклопедиясына» облыс аумағында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерінің мәліметтері мен фотосуреттері жинақталды.

Бұл шаралар киелі орындарды өзіміз ғана көріп, тамашалап қоймай, өзгелерге де таныту, еліміз бен ТМД аумағындағы туристердің де қызығушылығын арттыруға қызмет етуде. Әлеуметтік желі арқылы Алматы облысының тарихи-мәдени, туристік және қасиетті орындарын таныстыру мақсатында «ZHETYSU VINE FEST» вайнерлер мен блогерлер фестивалін өткізіп, оларды «Алтынемел» ұлттық паркіне, Шарын шатқалына, Көлсай, Қайыңды көлдеріне алып бардық. Олар өздері көрген кереметтер туралы әлеуметтік желілерде қызықты вайндар ұсынып, насихат аясының кеңеюіне үлес қосты.

Сол сияқты біз тарихымызға, тұлғаларымызға қатысты архивте шаң басып, қалтарыс қалған деректерді тауып, зерттеуді де насихаттың бір парасы деп ұғамыз. Жуырда Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы қарсаңында Мәскеуге «Ілияс ізімен» деп аталатын арнайы делегация жіберіп, экспедиция мүшелері ақынның бізге белгісіз болып келген көптеген шығармалары мен өміріне қатысты тың деректерді тауып алып қайтты.

Жуырда Алтын Орданың 750 жылдығына орай өңірде осымен екінші рет Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымын өткіздік. Бұл – бабаларымыздың ерлігі мен батырлығын көрсетумен қатар, жастарды елжандылыққа, береке-бірлікке тәрбиелеуге бағытталған теңдессіз жоба. Сондықтан «насихат» сөзінің аясын біз жан-жақты, кең ұғымда қарастырып келеміз.

Алматы облысы республикада бірінші болып, арнайы «Рухани жаңғыру» орталығын ашты. Бағдарлама бойынша атқарылатын жұмыстың барлығын да осы орталық үйлестіріп отыр. 

51.jpg

Ruh.kz: Сіздің өңірдегі заманауи мәдениеттің дамуы жастардың рухани қалыптасуына қандай әсер ете алды?

Амандық Баталов: Жетісудың өнері мен мәдениеті – кешегі Сүйінбай мен Жамбыл, Ілияс пен Мұқағали ақындардан, Дәркембай ұста мен суретші Әбілхан Қастеевтардан желісі үзілмей бүгінге жеткен қастерлі құндылық. Бізде мәдениетті заманға сай жасартып, жаңғыртудың үлкен үлгісі бар.

Осыдан біраз жыл бұрын облыс әкімдігі Халықаралық қазақ ПЕН клубпен бірлесіп, «Біз қазақпыз» сериясымен Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы шығармалары мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің ағылшын тіліне аударылуына мұрындық болды. Ал бүгінде төл туындыларымызды шетел оқырмандары арасында насихаттау Елбасының бағдарламасымен жүйелі түрде қолға алынып, құрлық асқан қазақ әдебиеті үшін биылғы жыл олжалы болып отыр.

Осы ретте облыс орталығында өткен жылы зәулім, көркем де келісті жаңа театр салынғанын айтып өтсем, артық болмас. Бикен Римова атындағы драма театрдың жаңа ғимаратының ашылуы Орта Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалімен тұспа-тұс келді. Фестивальға Башқұртстан, Түркия, Түркіменстан, Қырғыз, Өзбекстан мемлекеттерінен театр ұжымдары және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан театрлары ассоциациясының төрағасы Асанәлі Әшімов бастаған еліміздің өнер майталмандары қатысты.

Сол сияқты «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерілету» атты І халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, М. Төлебаев атындағы дирижерлардың «Алтын таяқша», вокалистердің «Кеселі орамал» V халықаралық конкурстары, «Сұлулық әлемді құтқарады» атты суретшілердің халықаралық симпозиумы өтті. Мұндай шаралардың барлығы да өзге мәдени ортамен пікір алысуға, тәжірибе алмасуға, өнердің өзекті мәселелерін бірге талқылауға, ел руханиятын танытуға жол ашты деп ойлаймын. 

002.jpg

Ruh.kz: Өңірдің мақтан етер батырлары мен замандастары жайлы сөз қозғасақ?

Амандық Баталов: Жалпы батырлық деген – қайсарлықты, тәуекелшілдікті, ерік-жігердің мықтылығын білдіретін ұғым және батырлықтың өлшемі бір ғана сипатқа сыя қоймайды. Соған қарай әр заманның өз батырлары бар. Жер жәннаты Жетісу данышпан даналарға, дара дарындарға бай өлке. Солардың ізін басқан, қазіргі заманның батыры деуге лайық жандар бүгін де арамызда жүр.

Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, даңқты балуан, меценат Жақсылық Үшкемпіровті білмейтін қазақ жоқ. Өзінің туған жерін гүлдендіруге, жасөспірімдердің дене шынықтырумен, спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасап, ынталандыруға, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға атсалысып жүрген азамат. «Ақсұңқар жемін шашып жейді», - дегендей, өзімде ғана емес, өзгеге де болса екен деп, қайырымдылық шараларынан қол үзбей атқарып келеді. Әрине, мұндай азаматтар бізде аз емес. Сондықтан мұндай Атымтай жігіттердің жомарттығының өзін батырлыққа баласақ, артық болмас.

Тәуелсіз Қазақстанның атынан ғарышқа ұшқан алғашқы космонавт, Халық қаһарманы Айдын Айымбетовті батыр емес деп кім айтады?!

DSC_1388.jpg

Панфилов ауданында болған дала өртін өшіру кезінде қаза болған азаматтарымызды да қаһармандар қатарында атаймыз. Олар табиғатты қорғау жолында жандарын пида етті. Тағдырдың сан тарау сындарында қайтпас қайсарлық танытқан жандардың өмірі қашанда өскелең ұрпаққа өнеге. Бұл ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа есім» арнайы жобасында Алматы облысынан топ жарған Елдос Баялышбаевты қоссақ, жарасады. Жол апатынан кейін төсек тартып жатып қалған Елдос ерік-жігерінің мықтылығының арқасында массаж бен кешенді жаттығулармен үздіксіз айналысып, аяққа тұрып, бүгінде өзі секілді өмір сынағына түскен жандарға қол ұшын созып жүр. 2014 жылы «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 млн. теңге сомаға грант ұтып алып, оны арнайы тренажерлар жасауға жұмсады. 2014 жылы «Асар» оңалту орталығын ашып, орталықта бірнеше жүздеген адам оңалтудан өтті. Алакөл көлінің жағалауында мүгедектерге арналған пансионат ашты. Басына түскен сынақты өмірдің келесі белеске көтерілу алдындағы баспалдағы деп білетін Елдостың бұл ісі бүгінгі қоғам үшін үлгі боларлық іс.

Батыр деп жекелеген адамдардың атын атап қана қою, меніңше, жеткіліксіз. Мысалы, адам жанына араша түсіп, өмір сыйлап, өлімнен құтқарып жүрген дәрігерлерді қалай батыр демейсің?! Олар күн сайын үнсіз, дабырасыз-ақ батырлық жасап жүр ғой?! Сол секілді өз ісінің шебері, кәсібіне адал жандардың барлығы да құрметке лайық! 

DSC_2053.jpg

Жалпы жер жаннаты Жетісуда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жүзден астам ұлт пен ұлыстың береке-бірлігі қашанда үлгі болуға тұратын асыл қасиет деп ойлаймын.

Ruh.kz: Бәрекелді! Елдің дамуына облыс тұрмақ, ошақтың да дамуы үлкен әсер етеді. Сіз басқарып отырған өңірге, өңір азаматтарына жемісті еңбек тілейміз! Абыройыңыз арта берсін! 

Ескерту: сұқбат Алматы облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінің көмегімен дайындалды.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі