19 Наурыз, 2019
«Алтын адам» макетін жасаудан байқау өтті

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен «Жастар жылы» аясында Павлодар облысында «Алтын адам» тақырыптық макет жасау байқауының қорытындысы шығарылды.


Өнерлі жастардың шеберлігін дамыту, талантты жас қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, жас таланттардың туған жеріне деген патриоттық сезімін ояту, аудан тұрғындарының белсенділіктерін арттыру мақсатында өткен байқауға 11 жұмыс қатысты. Байқау қатысушылары екі жас ерекшелігі бойынша бақ сынады.





Әр қатысушы өз жұмыстарын жеке-жеке қорғады. Барлығы дерлік қойылған талаптарды сақтауға тырысып, өзіндік ерекшіліктерді енгізген. Жасалған жұмыстарда «Алтын адам» сауытындағы аң стиліндегі ою-өрнектерді көруге болады. Қатысушылардың бірі ол өрнектерді жылтыр қағаздан қиып жасаса, бірі қаңылтыр темірден ойып бедерлепті. Қазылар алқасы әр жұмысқа жеке-жеке қарап, өз ой-пікірлері мен сын-ескертпелерін айтты. Сонымен бірге, әр қатысушы жұмыс барысынан фотосуреттер мен бейне жазбалар қолданды.



Үміткер жұмыстар арасында ең үлкен макетті Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің қатысушылары дайындапты. Баянауыл №2 мектебіінң қатысушысы Әлия Сәтбай «Алтын адам» бас киімінде «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» деген ойды білдіру мақсатында найза, жебе орнына қызғалдық гүлін пайдаланыпты. Майқайың №2 мектебінің мұғалімі Нұрсұлу Шаймерден болса, көрнекілік ретінде жарық шамын пайдаланып, өз жұмысына шырай беруге тырысыпты. Ең ерекше жұмыс ретінде – Майқайың өнер мектебінің ұстазы Әлімжан Шәпи жасаған «Алтын адам» макеті аталды. Әлімжан өз жұмысын пенаплас пен гипс қолдану арқылы скульптуралық мүсін ретінде жасап шығыпты. Ал, Торайғыр ауылының қатысушысы Абай Әйткеш жасаған «Алтын адамның» семсері – шын шебердің қолынан шыққан туынды. 





Байқау қорытындысында 14 жастан 18 жасқа дейінгі «Бірінші санатта» Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің оқушылары Жасыбай Елеу мен Александра Тарасенко жеңімпаз атанды. Сұлужон мектебінің оқушысы Еркен Қасенова екінші орынға ие болды. Ал үшінші орынды Баянауыл №2 мектебінің оқушысы Әлия Сәтбай мен Қ.Кемеңгеров атындағы мектептің оқушысы Бауыржан Ғалымжан бөлісті.





Келесі 19 жастан 30 жасқа дейінгі «Екінші санатта» Баянауыл №2 мектебінің ұстазы Жадыра Қошланованың жұмысы үздік деп танылды. Майқайың №2 мектебінің мұғалімі Нұрсұлу Шаймерденнің жұмысы екінші орынға лайық болса, С.Торайғыров атындағы мектептің мұғалімдері Абай Әйткеш пен Айтолқын Сайлау және Майқайың балалар өнер мектебінің мұғалімі Әлімжан Шәпи үшінші орындарға иелік етті.





Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер 22-наурыз – ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шарада марапатталатын болады. Байқау қатысушыларының жұмыстары С.Торайғыров атындағы аудандық мәдениет үйінде бір айлық көрмеге қойылды.





Құрметті баянауылдықтар мен қонақтар аудынымыздың қолөнер шеберлерінің жұмыстарын көріп-тамашалаймын десеңіздер, мәдениет үйінен табылыңыздар!



Айнұр Нұрманғалиева, Ruh.kz


Ruh.kz