16 Қазан, 2020
Алтыбақанның қандай тәрбиелік мәні бар?

#Дәстүр айдары өзінің шығарылымын жалғастырады. Кезекті тақырыбымыз – «алтыбақан» ұлттық ойыны.

75688f9fedf0491f269d8ccee3c4943e.jpg

Алтыбақан қандай дәстүр?

Алтыбақан – айлы түнде, ауыл сыртында ойналатын ұлттық ойынның түрі. Ол бала кездегі әткеншек тәріздес. Айырмашылығы – әткеншек жалғыз адамға, алтыбақан көпшілікке арналған. Алтыбақан түркітектес елдердің ішінде кең танымалдылыққа ие. Әсіресе, қазақ, қырғыз, қақас халықтары күні бүгінге дейін қолданыстан шығарған жоқ.

Көбіне мереке күндері қарсаңында ұйымдастырылатын алтыбақан ойынында жігіт пен қыз жұптасып тербеледі. Бойжеткен мен бозбала тақтайдың екі жағына орналасады. Үшінші тарап жерде тұрып, тақтайда тұрған жұпқа көмектеседі. Осылайша ойын келесі жұпқа ауысып отырады. Жанында тұрған адамдар жарасымды әзіл-оспақ пен әңгіме-дүкен құрады. Домбырамен түрлі күйлер тартылып, халық әндері айтылады. Сөйтіп жиналғандар ойынның көркін келтіреді.

Ойын күні ата-аналар жастарға кедергі келтірмей, еркіндік береді. Алайда «Қызға қырық үйден тыйым» демекші, ата-аналары кейде қыздарын ойын-сауыққа жібермейтін кездері де болған. Алтыбақанда тербеліп, қатарластармен көңіл көтеру түн қараңғысына дейін созылуы ықтимал.

img14.jpg

Алтыбақанды қалай құрады?

Құру үшін алты бақан, бір керме және үш арқан қажет. Екі жерден үш бақанды үшбұрышты пирамиданың пішінін беріп, арасын 3-4 метр етіп орнатады. Сосын екі пирамиданың басын бір сырықпен қосады. Сырыққа 2 не 3 арқан байланып, адамның тұруына ыңғайлы тақтай орнатылады.

shutterstock_286181003.jpg

Қандай тәрбиелік маңызы бар?

Алтыбақанда бойжеткен мен бозбала тербелетіндіктен, бұл ойынның жастардың екі жарты, бір бүтін болуына мүмкіндік ашатынын аңғару аса қиын емес-ті. Тымық кеште, ойын-күлкі арасында жастардың ортасында ыстық сезім пайда болуы әбден мүмкін. Алтыбақанның адамдарға жаңа достар табуына да пайдасы зор. Әріптес таңдауға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерлі болуға машықтап, көзқарасы мен танымын қалыптастырады. Бастысы – жастар сауық құрып, бір мезгіл ойы бөлінеді.

16eeda82004459.5d10d90bb7e33.jpg

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден