12 Желтоқсан, 2019
«Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің бесігі» көрмесі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда империясының 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы мәлімдемесіне орай 2019 жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі  музей қорынан «Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің бесігі» көрмесін ашты.


Президент өз мәлімдемесінде біздің еліміздің бай мәдени мұрасын дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, киелі нысандардың қазақстандықтар мен шетелдік туристерді тарту орталығына айналуына басымдылық берді.

Көрменің мақсаты: Орталық музейдің қорындағы XIII-XIV ғғ. тән 300-ге жуық артефакті – бірегей коллекция негізінде музейге келушілерді Алтын Орда кезеңінің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен таныстыру. Көрменің ерекшелігі Алматы облысы, Шеңгелді ауылы маңындағы қабірден табылған артефактілер – XIII-XIVғғ. Шағатай әулеті шенділерінің бірі – сарбаздың жібектен тігілген сәнді киімінің фрагменттері алғаш рет келушілерге көрсетілді.

Экспозиция материалы бес ақпараттық кешенге жіктелген:

«XIII-XIVғғ. сарбаздың киімі, қару-жарағы» бөлімінде белдік әшекейлері, қару-жарақ, жебе ұштықтары, семсер, қылшан және т.б. артефактілер ұсынылды. Алматы облысы, Шеңгелді ауылы маңындағы қабірден табылған, кезінде археолог Ә.К. Ақышев зерттеген құндылық – XIII-XIVғғ. жібектен тігілген сәнді киімінің фрагменттері осы бөлімдегі аса мәнді дерек.

«XIII-XIVғғ. Қазақстан аумағындағы алтынордалық қалалар» бөлімінде XIII-XIV ғғ. Сарайшық, Отырар, Құйрықтөбе және т.б. қала, қалашықтардан табылған археологиялық артефактілер ұсынылды.

«Ұлы Жібек жолы. Сауда. Импорт бұйымдары. Монеталар» бөлімінде Қазақстанның алтынордалық қалаларынан табылған импорт бұйымдары, сонымен қатар Сарайшық қалашығынан табылған Жошы ұлысының және XIII-XIV ғғ. өзге мемлекеттердің 25 монета сарайының өнімі – күміс, мыс монеталар көз тартады.

«Діндер: тәңірлік, ислам, несториандық, зороастризм, буддизм» бөлімінде  несториандық құлпытастар, икона т.б. деректермен танысуға болады.

«XIII-XIVғғ. Мінәжатттық діни ғимараттар сәулеті» экспозициялық бөлімінде Сарайшық, т. б. қалашықтар ғимараттарының фрагменттері, Жошы хан, Алаша хан, Болған ана мазары, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сынды сәулет өнері ескерткіштерінің макеттері қойылды.

Көрме ғалымдар, археологтар, тарихшылар, оқу орындарының ұстаздары, студенттер, оқушылар көңілінен шықты. Көрме ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады.

Алматы қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі