25 Мамыр, 2019
АЛТЫНАЙ НӨГЕРБЕК: САХНА БӘРІН СЕЗЕДІ...

«Анаға апарар жол» фильмінің басты рөлдерінің бірін сомдаған Алтынай Нөгербекпен сұқбат.

World Wide Mation Pictures Corparation компаниясының қолдауымен Калифорния, Коннектикут, Техас, Теннеси штаттарының бірқатар қалаларында «Анаға апарар жол» фильмінің көрсетілімі болатынын естіп қуанып қалдық. «Қазақфильм» мен «Shine Works Piсtures» кинокомпанияларының бірлесуімен атақты композитор Сянь Синхайдың өмірі мен шығармашылығы баяндалатын «Композитор» фильмінің тұсауы кесілді. Осы екі қуанышпен құттықтап, қазіргі театр ахуалына, аталмыш кинотуындыларға да қатысты сұрақтарымызға жауап іздеп аталған фильдердің басты рөлдерінде ойнаған кино және театр актрисасы Алтынай Нөгербекпен кездесіп қайтқан едік.

Ruh.kz: Қуаныштарыңыз құтты болсын! Адамзаттың ең озық технологияларымен тыныстап келе жатқан Американы, америкалық көрерменді «Анаға апарар жол» несімен қызықтырды?

Алтынай Нөгербек: Рақмет! Сұраққа келсек, біріншіден тақырып. Фильмдегі оқиға. Сюжет. «Ана» тақырыбы кімге болсын, қандай дәрежедегі көрерменге болсын жақын тақырып. Адам атаулығы ең жақыны «ана» ғой?! Ана мен баланың арасындағы қарым-қатынаста, «ана» ұғымында ешқандай шекара жоқ. Сондықтан бұл фильм кімді болсын бей-жай қалдырмайды. Бұл бір. Екіншіден біздің екі сағаттық картинада тұтас бір ұлттың белгілі бір кезеңдегі басынан өткені баяндалады. Ұлттың хәл-ахуалын бір отбасы арқылы көрсететін фильм болған соң аталмыш компания тарапынан қызығушылық танытылды деп ойлаймын.

Ruh.kz: Бір жанұяның өмірі арқылы әр жанұяның өмірін суреттеген фильм екені даусыз. Сюжетіне де мін таға алмаймыз. Десе де сол кезеңді сипаттап түсірілген картиналар бұған дейін де болған, бұдан кейін де бола бермек. Осындай картиналардың ішінен «Ана апарар жол» қалай дараланады?

Алтынай Нөгербек: Бір кинотуынды екінші кинотуындыдан сюжет арқылы ерекшеленеді деп ойлаймын. Тура солай біздің бұл фильм де сюжеті арқылы дараланады. Тарихи кезеңді толықтай білетін мамандар жөн сілтеп, әскери істі меңгерген азаматтар жол көрсетіп, әрқайсысы іштей үлкен бір дайындықтан өтіп келген актерлердің барын салып кіріскен жобасы, Ақан ағаның жауапкершілігімен толықтырылып осындай жеміс берді деуге де келетіндей. 

Ақан Сатаев пен Алтынай Нөгербек

Ruh.kz: Бәрекелді! «Анаға апарар жол» бір төбе де, жуырда ғана тұсауы кесілген «Композитор» фильмі бір төбе. Осы «Композитордың» түсірілімінде «Қазақфильм» мен «Shine Works Pictures» сынды алып кинокомпаниялар неге бірікті?

Алтынай Нөгербек: Біріншіден – туынды екі елдің де композиторлары туралы. Әуелі Алматыны мекен еткен қытай композиторы Сянь Синхайдың ғұмыры мен шығармашылығы баяндалатын фильмде қазақ композиторлары мен олардың шығармашылығы да тілге тиек етіледі. Өмірінің ең қиын кезеңі және шығармашылығының шарықтау шегі Қазақстанда болған 70 жуық әндердің авторы Байқадамовтардың әулетімен етене араласады. Осыншама әндердің жарыққа шығуына бәлкім сол әулеттің өнерге деген құрметі мен қазақ даласының топырағы да сеп болған шығар?! Қазақ даласында туған «Желтая река» атты шығармасы қазіргі таңда Қытайдың гимні іспеттес дәрежеде. Бұл мақтануға болатын хабар.

Екіншіден – бұл екі кинокомпанияның бірігуі саясы маңызы бар дүние де болуы мүмкін. Ел мен ел мәдениеті мен өнері арқылы байланыста болса, екі жақ бірін-бірі толықтырып, қолдап отырса несі мін? Көрші елмен жақсы қарым-қатынаста болу қашанда жақсы дүние.

Ruh.kz: Театр және кино. Екеуі де үлкен әлем. Екі жаққа бірдей үлгере аласыз ба?

Алтынай Нөгербек: Театр – тірі организм. Жасандылықты кешірмейтіні де содан. Көрермен мен сахнаның арасы екі, екі жарым метр ғана болғандықтан көрермен барлығын бақылап отырады. Барлығын сезіп отырады. Сахна шынайылыққа тәрбиелейді. Сахнада ойнап жүріп көрерменнің қабылдау күйін сезіп жүреміз. Екі сағаттық қойылым басталып кетті ме, сен екі сағат сахнадағы кейіпкердің өмірін сүру керексің. «Шатасып кеттім», «дұрыс істемедім» деген жоқ. Театрда «дубль» деген ұғым жоқ. Кинода бар. Қайта ойнау, қайта жазу, қайта сөйлеу бар. Бірақ кино бір шыққан соң оны театрдағындай күндегісін күнде өзгерте бере алмайсың. Кейбір нюанстерді сахнада 20-30 рет ойнаған соң ғана аңғарып жатасың, кей нюанстерді үйге қайтып бара жатып білесің. Білесің де өзгертесің. Отыз бірінші қойылымды сәл де болсын жақсырақ ойнайсың.

Ал үлгеру мәселесі әркімнің өзіне байланысты. Меніңше үлгеру керек. Жоспарлау керек. Уақыт табу керек. Тырысу керек. 

Ана апарар жол

Ruh.kz: Театрдың бүгінгі сиқы қандай?

Алтынай Нөгербек: «Көрермен өзгерді» деу дұрыс емес. Шынайылық бұрын да тартымды болған, қазір де тартымды. Кез-келген өнердің басты мақсаты бір ойды жеткізу. Шынайы ойналған қойылым – әдемі қойылым. Әдемі дүниеге ой салу оңай. Көрерменнің сұрауы қашаннан осы шынайылық. Театрдан да, кинодан да іздейтіні осы шынайы эмоция, шынайы сезім, шынайы өмір. Сондықтан театрдағы шынайылық деңгейі қандай болса, театрдың да дәрежесі сондай.

Ruh.kz: Көбіне қандай рөлдерді ойнайсыз? Қандай рөлдерді ойнаған ұнайды?

Алтынай Нөгербек: «Тек мынандай рөлдерді ғана ойнаймын» дей алмаймын. Ұстазым Тұңғышбай Жаманқұловтың: «Актер рөлден бас тартуға, рөлді таңдауға құқы жоқ» деп айтып еді. Кинода таңдауға болады да, театрда таңдау жасап отырып алуға болмайды, меніңше.

Әр адам үшін өзіне, өзінің табиғатына қарама-қайшы адам болып көру қызық. Маған да солай. Өзімнің табиғатыма мүлде қарама-қайшы адамның рөлін ойнаған қызық болып тұрады. Сондықтан жағымсыз кейіпкерді көп ойнаймын. Адам бойында жақсы және жаман қасиеттер қатар жүреді. Бұл әр адамда бар қасиет деп ойлаймын. Адам өзін-өзі осындай рөлдер арқылы тәрбиелейді. Сахна рөлі, өмір рөлі...

Ruh.kz: Кейіпке ену демекші, «образдан шыға алмай қалу» деген бола ма?

Алтынай Нөгербек: Осы сұрақты маған кейінгі кезде жиі қойып жүр (күліп). Болады әрине. Қойылымнан соң өз-өзімізге келе алмай жүретін кездеріміз жоқ емес. Сол бір кейіпкер, сол бір адамның өмірін әлі де сүріп жүргендей, сол адамның жүрегі әлі ішіңде соғып тұрғандай болады. Өз басым «Қаракөзді» ойнағанда сондай хәлде болатынмын. Тіпті киімін де шешкім келмей біраз отырып қаламын. Белгілі де белгісіз бір қимастық бар секілді... Қатарынан бірнеше адамның өмірін сүріп жүргендейміз. «Ойнаған рөлдеріңнің тағдыры сенің өміріңде де бір жаңғырары анық» деген сөз бар. Бастысы өмір мен жұмысты шатастырып алмау керек.

Ruh.kz: Өнер лайық бағаланып жатыр ма?

Алтынай Нөгербек: «Талантам надо помогать. Бездарности пробьются сами!..» деген сөз бар. Өнер қашан да қолдауға зәру. Өнер адамы да сол. Бірақ «осылай екен ғой» деп өмірден баз кешіп кетуге тағы болмайды. Тіршілік жалғаса береді. Біз де соған қарай жұмыс істей беруіміз керек. Ең бастысы осы.

Ruh.kz: Ғайыптан тайып бір тәулікке 25-сағат бітсе, сол бір сағатты кімге немесе қайда арнайсыз?                                                                                               

Алтынай Нөгербек: Отбасыма... Балаларыма, жарыма, анама жұмсайтын едім. Жұмысымыз көп уақыт алады. Біздің таңдау сол болды. Қол тимей кететін кездер де болады. Қауырт тірлік екені де рас. Ата-анаға тәуелді кезінде, ата-ананың махаббатын керек етіп тұрған кезінде балаларымның жанында болсам деймін. Бала ата-анаға белгілі бір кезеңде ғана тәуелді болады ғой. Одан соң алшақтай бастайды. Сол алшақтауға дейін бар мейірімімді көрсетіп қалғым келеді.

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Өмір жолында, өнер жолында сәттілік пен табыс тілеймін! Қазақты қуантар қойылымдар мен фильмдер жалғасын таба берсін!

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Ruh.kz