30 Мамыр, 2019
"А.Л.Ж.И.Р." – ӘЙЕЛ - ҚҰРБАН

Анасын баласынан айырмаңдар! Сүйген жарды алысқа айдамаңдар! Өз перзентін туған жерден алыстатпаңдар!

«Халық жауының әйелі», «халық жауының қызы», «халық жауының анасы мен қарындасы». Осындай жалалы титулдарға ие болған нәзік жанды әйелдер сонау 1938-жылы Совет үкіметінің Қазақстандағы көп түрмелерінің бірі болған Ақмола облысының суық даласына айдалып кетті. Зұлмат Сталин режимінің құрбаны болған жиырма мыңнан астам нәзік жандылар өз тағдырын Ақмоланың қақаған қысына «арнаған» еді. "А.Л.Ж.И.Р." – Акмолинский лагерь жен изменников родины!

6.jpg

1938 – 1954 жылдары аралығында лагерь тұтқындарының арасында қазақтың көптеген асыл азаматтарының өмірлік серіктері, ұрпақтары жазасыз өтеген. Мәселен, Тұрар Рысқұловтың жары Азиза Рұсқұлова мен оның анасы Арифа Есенқұлова, Гүлбаһрам Сейфуллина, Гүлжамал Майлина, Дәмеш Жүргенова мен Рабиға Асфандиярова, әнші Лидия Русланова мен актриса Лидия Френкель, жазушы Галина Серебрякова мен жазушы Борис Пильняктың жұбайы Кира Андронникошвили, Булат Окуджава мен Майя Плисецкаяның аналары болған. Бұл тізімді мыңдап, миллиондап келтіруге болады... Бұл әйелдердің аса қиын тағдыры мен өмірі бірқатар кинотуындылардың сюжетіне арқау болар еді. Бұндай тағдырды басынан кешірген халық өз тарихына бейжай қарамайды және ол тарихты ұрпаққа жалғастырып мұра етеді. Бүгінгі күні лагердің орнында «АЛЖИР» музейі бой көтерген. Лагердің тарихымен тереңірек танысу және сол жердің қайғыға толы ауасын сезіну үшін редакциямызбен «АЛЖИР» музейіне жол тарттық.

9.jpg

1937 жылдың 3 желтоқсанында Ақмола облысының жазық даласында «26 - нүктенің» базасында жер аударылғандардың еңбек кенті ІІХК Қарлагтың Ақмола арнайы бөлімшесі құрылған еді. Бөлімшені халық арасында АЛЖИР деп аталып кетті. Лагерь елордамыздан 36 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұрынғы лагердің орнында бүгінгі күні Целиноград ауданының әкімшілік орталығы Ақмол селосы орналасқан. Бас қаламыздан Ақмол ауылына дейінгі тура тас жолмен жол тарттық. Музейдің территориясына аяқ басқан кезде құлағыңа қарғалардың қарқылдаған жағымсыз дауыстары бірден келеді. Неге екені белгісіз, бірақ бұл қарғалардың музей аумағын ғана айналып ұшуы және тынымсыз қарқылдауы тылсым күшке бағаланғандай боласыз. Денең тітіркеніп, үстің бірден мұздап кетеді. Музей алаңының оң жақ қапталында қызыл түсті жалғыз ағаш вагон тұр. Сол вагонға жақындадық. Бұл вагонның не үшін тұрғанын білмес бұрын, алғашқы көзге түсетін дүние – вагонның айналасын қоршаған қара үлкен-үлкен шыбындар. Қара шыбындар тек осы вагонның айналасын мекендегендей. Тылсым дүние. Бұл 1927 жылы Одесса қаласында жасалған «Сталин вагоны» екен. Осындай вагондармен тұтқындар мен халық жауларын тасыған. Бір вагонның сыйымдылығы шамамен 40 адам болған. Алайда, қатыгез жылдары вагондарға 70-тен астам тұтқынды қамап, лагерлерге жөнелткен. «АЛЖИР» тұтқындары бұл вагондарды «теплушка» деп атаған.

1 (1).jpg

Қарғалардың қарқылдаған дауысынан, қызыл вагонның әсерінен есімізді жинай алмай қалдық. Музей ғимаратына бет бұрдық. Ғимараттың архитектурасы жартылай кесілген конус фигурасы іспеттес. Терезелері жоқ. Музейге жарық жоғары жақтан түсіп тұр. Ғимараттың архитектурасы құпиясы бар тарих жыл өткен сайын ашылады деген мағынаны білдіреді. Енді музейдің есігін ашып, ішке кірдік. Ғимараттың іші жарық, бірақ шағын екен. Алдымыздан билет сатушы апай шықты. Қызметкер апайдан музейге келушілердің саны туралы сұраған едік, айтуынша бұл жерге келетін адам саны толассыз. Қонақтардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, астана қонақтары, осы лагерде болған әйелдердің ұрпақтары мен шет елден келетін түрлі делегациялар кездеседі. Жалпы бұл ғимаратқа келген әр қонақ көз жасын төкпей шықпайды екен. «Неліктен?» деп сұраған едік. «Музейді аралап, лагердің тарихымен танысып шығыңыз. Содан кейін өзіңіздің сұрағыңызға жауап табарсыз» - деп, бізді музейдің бірінші залына кіргізіп жіберді.

АЛЖИР 3

Алғашқы залға кірген кезде, көзге түсетін ерекше композиция бар. Төменнен төбеге қарай ұмтылған қара тор. Қара тордың ішіндегі ақ көгершіндер қанаттарын қағып, биікке, көк аспанға ұмтылғандай. Бұл композицияның аты «Бостандық және тұтқындық». Темір тордың ішінде қанатын қақан ақ көгершіндердің саны он бес. Кеңес Одағының он бес республикасы. Лагерге он бес республикадан тұтқындалып келген әйелдер, осы тордағы көгершіндер секілді. Олар да бостандыққа ұмтылды, ашық аспан астындағы өмір үшін күресті. Алайда, өмірдің темір шырғалаңынан барлығы бірдей шыға алмады. Өкінішті. Бірінші қабаттағы алғашқы зал «Алаш» деп аталады. Залда қазақ тарихына, қасіретке толы тарихына шолу жасалған. Әр жылдары, әр дәуірде қазақ халқының басынан кешкен қасіретті күндері мен бостандық үшін күрес сәттері құжат пен фотосуреттер түрлерінде көрсетілген.

6.jpg

«Алаш» залына көп тоқталмай, бірден музейдің екінші қабатына көтерілдік. Екінші қабатқа көтерілген кезде алдыңыздан Темір тор және салмағы мен тарихы ауыр ағаш есік көрінеді. «Құрсау» инсталяциясы деп аталатын композицияның бас кейіпкері ағаш есік. Тергеу изоляторының есігі түпнұсқа. Дәл осы есікті 2008 жылы Алматы қаласының ҰҚК қызметкерлері өз мұрағаттарынан алып, музейге сыйға тартқан.

10.jpg

Тергеу изоляторының есігінен алшақтап, келесі композицияға назар аударыңыз. «АЛЖИР» диорамасы. Бұл көріністе қыс мезгілі бейнеленген. 1938 жылы қаңтар айында лагерге келген алғашқы тұтқын әйелдердің естеліктеріне сүйенетін болсақ, оларды сол жылдары үйден тұтқындау үшін алдап шығарған. НКВД қызметкерлері «күйеулеріңмен, аға-інілеріңізбен кездестіреміз» деп алдаған. Бұл хабарды естіген әйелдер қуанып, өздерінің ең әдемі киімдері мен туфлилерін киіп, кездесуге дайындалатын. Сұлуланып үйден шыққан әйелдерді есік алдында «қара құзғын» машинасы күтіп тұратын. Машинаға күштеп кіргізіліп, тергеу изоляторларынан шыққан әйелдер бұл қара жерде не үшін келгендерін түсінбей беймаза болатын. Тергеу изоляторларында үш айдан алты айға дейін қамалып, сот шешімі шыққан бойда «Сталин вагондарымен» тікелей этаппен Ақмоланың қақаған қысына айдалған. Лагерьге келген азаматшалардың қатарында бұрынғы Кеңес Одағының барлық республикаларынан айдалғандар болған. «Сталин вагондарына» күштеп отырғызылған әйелдер Кеңес Одағының басқа қалаларынан Ақмола қаласына дейін екі айдан үш айға дейін жол жүрген. Қыс айында қабырғасы жұқа вагондарда бірнеше ай бойы жол жүрген нәзік жандылардың көбі жол азабына шыдамай, жолда мерт болған екен. Күзет қызметі мерт болған жандарды жол бойында тастап кетіп отырған. Әйелдердің құрамы Ақмола облысына алғаш этаппен 1938 жылы қаңтар айының 6-да келген. Ақмоланың теміржол вокзалына дейін келген әйелдерді қара машиналар күтіп алған. Алайда 1 500 – ге жуық әйелдің барлығы бұл машиналарға сыймайды. Сол себепті көліктерге алдымен жасы келгендер, аяғы ауыр және емізулі балалары бар әйелдер отырады. Көлікке сыймаған әйелдердің қалғаны теміржол вокзалынан отыз алты шақырым қашықтықта орналасқан лагерьге жаяу келген. Сол жолдың бойында аяқтары үсіп, есінен таңған жандар көп болған. Бірақ олар бір-бірін тастамай, бірінің арқасына бірін салып, лагерге дейін сүйреп келген. Елестетіп көріңізші, қаһарына мінген қыс, аш-жалаңаш, бойларынан күші кеткен әйелдер тізбегінің айдалада келе жатқанын. Тұла бойың тітіркеніп кетеді.

7.jpg

АЛЖИР лагерінің есігін алғаш ашқан әйелдердің естеліктерін қарасақ, алғашында АЛЖИРДЕ-де үш-ақ барақ болған екен. Әр этаппен келген әйелдердің саны көбейген сайын, жатын орынның болмауынан тұтқындалған әйелдердің өздері қыстың суығына, жаздың аптап ыстығына қарамастан саманнан кірпіш құйып, өздеріне барақтарды тұрғызған. Жалпы, 1938 жылдан бастап 1953 жылға дейін лагерьдің территориясында бой көтерген барақтардың саны 26-ға жеткен екен. Лагерьге түскен әйелдердің атқаратын қызметтері де болған. Олар бау-бақшамен, мал шаруашылығымен айналысқан. Мал шаруашылығына тоқталатын болсақ. Лагерь аумағында бұл кәсіптің аяқ алысы жаман болмаған. Малды баптап, оны етке сойған кезде, әйелдерге сойылған малдың төрт аяғы ғана берілетін болған. Ал қалған ет өнімі тікелей ГУЛАГ-қа (орталығы Мәскеу қ. орналасқан) жөнелтіліп отырған. Тәуліктің 24 сағатының 13-14 сағатын жұмысқа арнаған әйелдердің күнделікті тамақ нормасы 800 гр.нан мен екі мезгіл ыстық тамақ болатын. Ыстық тамақты лагерь территориясында жүрген итке берсе, ит те жемейтін еді. Жалпы лагерьдің негізгі территориясы Ақмол ауылынан бес шақырым жерде Жалаңаш көлінің жағасында орналасқан. Қазіргі күні көл тартылып қалды десек те болады. Барақтардың ізі де қалмаған. Ал, сол жылдары лагерге көрші тұрған Жаңажол ескі ауылы әлі күнге дейін бар екен. Қазақ ауылы аталарының естелігіне жүгінсек, сол жылдары ауыл тұрғындары тұтқындағы әйелдерді аяп, қамыстардың араларына нанын, етін, сүт-ірімшігін тастап кетіп отырған. Әйелдер көлдің суында өскен қамыстарға жиі баратын. Себебі қыстың күні барақтарды жылытатын отын болмағандықтан, олар қамыс шапқан. Қамыс шауып жүрген сәттерде, Жаңажол ауыл тұрғындарының «сыйларын» тауып отырған. Әйелдерді талай аштыққа оранған түндерден құтқарған ауыл тұрғындары олардың жүректерінде қалған. Әр жылдары бостандыққа қол жеткізген әйелдер, бірден үйлеріне қайтпаған. Ең алдымен Жаңажол ауылының тұрғындарына, қазақ халқына алғыстарын білдіру үшін ауылға аяқ басқан екен.

8.jpg

«АЛЖИР» диорамасынан алшақтай берген сәтте алдыңыздан тергеу изоляторының композициясы көрінеді. Композицияда изолятордың шынайы кескіні келтірілген. Отырған әйелдің аяғы жерге тимейтін биік орындықтар сол жылдары тергеушілердің басты қаруы болған. Бұл орындықтар әйелдерді қинау жодарының ең жеңіл түрі болған. Тұтқындалған әйелді осындай биік орындыққа отырғызып, екі-үш күн тамақ пен су бермеген және ұйқы бермеген. Яғни, әйелді күйеуінің, ағасының, әкесінің үстінен арыз жазу үшін осылай қинаған. Екі-үш күн аяғы жерге тимей тікесінен отырған, қарны аш, шөлдеген оның үстіне бірнеше күн ұйықтамаған әйел кезкелген хатқа қол қоюға дайын болатын еді. Алайда, нәзік жандылардың көбі бұл қатыгездікке шыдаған екен. Тергеушілер арызға қол қойдырту үшін әйелдерді қатты соққан, тергеген, тіпті зорлаған. Осындай тергеу изоляторларында олар үш айдан алты айға дейін уақыт өткізген. Изолятордан «Халық жауының әйелі», «Халық жауы отбасының мүшесі» деген атақпен АЛЖИР-ге тікелей этаппен жөнелтіліп отырған.

19.jpg

Тергеу изоляторынан кейінгі инсталяция әйелдер тұрған барақтың ішкі бейнесін көрсетеді. Барақтар туралы сөз қозғайтын болсақ, алдымен оның сыйымдылығын айтып кету керек. Бір барақта 200-300 әйелге дейін тұрған. Тұтқында болған әйелдердің естеліктерін айтсақ, қыс мезгілі кезінде таң атқаннан қара түнек түн болғанға дейін жұмыс жасап, суық бараққа оралған кезде әйелдер жылыну үшін барлығы бір бұрышқа бір-біріне жақын тұрып жылынатын болған. Барақтың ағаш төсегіне жатып, ұйықтап кетіп, таңда оянған әйелдердің шаштары мен киімдері аяздан ағаш төсекке жабысып қалатын еді. Барақтарды жылыту үшін әр әйелдің күнделікті жұмысы Жалаңаш көлінің жағасынан қырық бума қамыс алып келу болатын. Қамысты отын ретінде пайдаланған. Ал қамыстың қасиеті тез жанып кету және жылу тарата алмау екенін барлығымыз да білеміз. Қыс күндері барақтардың ішіндегі ауа температурасы 8 градустан аспайтын болған. Өте суық.

Музейдің келесі көрінісінде лагерьде әр жылдары тұтқын болған әйелдердің фотосуреттері қойылған. Бұл суреттердің арасынан еліміздің белгілі азаматтарының жұбайлары мен аналарының бейнесі және де Кеңес Одағының зиялы қауым өкілдерінің бейнелерін көре аласыз.

13 (1).jpg

Лагердің тұтқындарының арасында актриса Лидия Михайловна Френкель – Днепропетровск алюминий комбинатының техникалық директоры Александр Френкельдің жұбайы болған. Лидияның лагерге түскенде үстінде пальтосы болған. Бұл пальтоның үстінен Шанель №5 иіссуының хош иісі шығып тұрған. Лидия лагердегі жұмыстарға араласқан кезде үстіндегі пальтосын тастамайтын. Жаңбыр жауған күндері пальтоның үстіне су тиіп, иіссудың керемет иісі бүкіл лагерді алып кететін. Сол сәтте жұмыс жасап жатқан басқа әйелдер жұмыстарын тастап, барлығы Лидияны құшағына алып, мұрындарын пальтоға тигізіп, жылайтын болған. Иіссудың хош иісі барлық тұтқынға олардың өткен өмірін еске салтын.

2 (1) (1).jpg

Шафиға Рахымжанқызы Нұралина –ауылшаруашылық егін жинау кеңесінің директоры Ахмет Нұралиннің жұбайы. Тұрмысқа енді шыққан он сегіз жасар Шафиға лагерге айдалады. Жас келіншек лагерден жиырма алты жасында ғана босап шығады. Бірақ лагерьден босатпас бұрын Шафиғаның паспортының жанына анықтама қыстырылады. Анықтамада «-23» деген жазу болған. Бұл сандар нені білдірген десеңіз, Қазақстанның 23 қаласына бара алмау деген анықтама екен. Бұл қалалардың тізіміне Шафиғаның өз туған қаласы Павлодар да болған. Бас бостандығына иеленгенмен жас әйел өзінің туған жеріне бара алмаған. Жаңа өмірді сол кездегі Ақмола қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында бастап, 2008 жылы өмірден озған. Шафиға Нұралинаның ұрпақтары елордамыздың тұрғындары. Олар жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні лагерьдің территориясына келіп тұрады.

5.jpg

Наталья Борисовна Воронкова – АЛЖИР-ге өзі халық жауы ретінде түскен. Ростов-на-Дону қаласының студенттік жиналысында жалындап тұрған жас студент Наталья былай айтқан: «Сталин барлық темір жолды сатып жатыр! Күндердің күнінде бізді де сатады!». Осы сөздері үшін жиналыстан соң он жыл бас бостандығынан айырып, этаппен кете барған. Наталья Воронкова да он жылдан соң бостандыққа шыққанымен, өз туған қаласына бару мүмкіндігіне ие болмаған. Наталья осы лагерьде ерікті қызметкер ретінде тігінші болып қалған. Ақмол ауылында қалып, тұрмыс құрып, өмірінің соңғы жылдарын Ақмолада өткізген.

4.jpg

Анна Григорьевна Енданова – НКВД тергеушісі Лев Ендановтың жұбайы. АЛЖИР-дің ең соңғы қайтыс болған тұтқындарының бірі. Астанада 2014 жылы өмірден озған. Жалпы, лагерь тұтқындары болған әйелдердің көбі бостандық алғаннан соң туған елдеріне қайтуға мүмкіндік ала алмаған. Сол себепті олар Ақмолаға, Алматыға қоныс аударып, сол қалалардың бой көтеруіне аянбай еңбек еткен.

1 (1) (1).jpg

Сталиннің өлімінен соң 1956-жылдан бастап ақтау қағаздарын ала бастаған «халық жауларының» жұбайлары мен туыстары өмірлерінің ең қатал, ең сұмдық, ең қараңғы сәттерін АЛЖИР-де өткізген еді. Лагерьдің сұмдық жылдарын есіне алғысы келмесе де, жадысында, жүрегінде шегедей қағылған естеліктерді ештеңе өшіре алмады. Деректерге сүйенсек лагерьдің тозағына 20 000-дай әйел түсіп, оның 8 000-ңы «от звонка до звонка» АЛЖИР-де өткізген. Жылдар өтсе де адамзатқа қарсы жасалған зұлматты ұрпақ ұмытпайды. Лагерьдің мыңдаған әйелінің тағдырын жазу мүмкін емес, алайда елге көп таныла қоймаған бірнеше жанның тарихы да Сталин режимі қатыгездігінің айнасы іспеттес.

P.S. Гидпен болған экскурсиямыз аяқталған соң, музейдің кинозалына ендік. Он сегіз минутқа созылған деректі фильм көрсетілді. Естеліктерге, мұңды естеліктерге толы бейнефильм жүрегіңнің түпкіріне барып, бір шымшып алғандай болды. Музейдің екінші қабатындағы экспозициялар, фотолар мен естеліктер және деректі фильмнен алған әсердің барлығы да адамды жылатпай қоймас. Билет сатушы апай айтқандай: «Музейді аралап, лагерьдің тарихымен танысып шығыңыз. Содан кейін өзіңіздің сұрағыңыздға жауап табарсыз», біздің де көзімізге жас келіп, жүрегіміз толқыды. Байқағаныңыздай сіз оқыған мақалада, Әйел сөзі өте жиі кездеседі. Әйел – адамзаттың анасы, табиғаттың анасы, мейірімін барлық әлемге шашқан жан! Өкінішке қарай, АЛЖИР мен Әйел сөздерін қатар қойып айтқан кезде өкініш пен құрбандық, мұң мен қайғы, қасірет пен жауыздық сөздері еріксіз жазылады. Әлемді қолымен тербеген нәзік жандылардың бұл тағдыры ешқашан қайталанбасыншы!

Бибігүл Бөкенбайқызы, Ruh.kz

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
Мурзабекова Джамиля, Ruh.kz