12 Шілде, 2020
Қандай көкөніс жеген дұрыс? (дәрігер кеңесі)

Коронавирустан сақтанудың сан түрлі жолын іздеген жұрт тағамды да талғап жейтін болды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Соның салдарынан азық-түліктің кейбір түріне сұраныс артқан. Бірақ оның барлығы бірдей ағзаны қорғайды деген соқыр сенім болмауы керек,  дейді диетологтар. Сонымен иммунитетті көтеру үшін не ішіп-жеген абзал, тілші тарқатады.

Базар сатушысы Зульфия Халишеваның айтуынша, кейінгі бірер айда халық көкөністі көп тұтынатын болған. Бұдан бөлек тағамның кейбір түріне сұраныс артыпты.      

Дұрыс тамақтану – денсаулықтың кепілі екені рас. Бірақ әлеуметтік желідегі әркім айтқан кеңеске құлақ аса беру дұрыс емес,  дейді медицина университетінің профессоры, диетолог Светлана Плясовская.

Светлана Плясовская, медицина университетінің профессоры:
– Зімбір, лимонды шектен тыс пайдалану асқазанға өте зиян. Оның үстіне бұл тағам бізді коронавирустан қорғамайды. «Ауру астан» дейміз. Егер тұтынатын тағам дұрыс таңдалмаса, вирустан әлсіреген ағзаға кері әсерін беруі мүмкін. Оның үстіне науқастанған адам сауығып кетемін деген сеніммен күнделікті ішетін астың көлемін арттырып жібереді,  дейді диетолог.

Светлана Плясовская, медицина университетінің профессоры:
– Ауырған кезде сарымсаққа аса үйір болмаған дұрыс. Керісінше, кәді жеген абзал, ол ішектің жұмысын жақсартады. Баялдыдан да бас тарта тұру керек, ұйқы безіне әсер етеді. Қызанақтан гөрі қиярды көп жеуге кеңес беремін. Бүгінгідей дерт дендеп тұрған кезде ас мәзірінде ақуыздың көп болғаны дұрыс, дейді дәрігер.

Жұмыртқа, ірімшік, сүт өнімдерін жиі тұтынуға кеңес береді. Ольга Ладова, сатушы: – Тұтынушылардың көпшілігі майлы ет сұрайды. Әсіресе, дертінен айыққан адамдар май жеуге құштар. Бірақ бұл қате түсінік, дейді диетолог. Оның айтуынша, науқастанған кезде майлы астан бас тарту керек. Тамақты тартылған еттен жасаған дұрыс.

Светлана Плясовская, медицина университетінің профессоры:
– Өкпеге май керек деген ақылға сыймайды. Ең дұрысы, жылқы етін жеу керек. Сіңімді, әрі жеңіл қорытылады. Пайдасы да ұшан-теңіз. Бірақ иммунитетті көтеру үшін қазы-қарта ғана жеу жеткіліксіз. Жеміс-жидекті көп тұтыну керек. Ал қант диабеті барлар дәрігермен кеңесіп алғаны дұрыс, дейді мамандар. 

Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден