13 Желтоқсан, 2017
А.Оңғар: Ұлттық құндылықтарды сақтап қалу және жаңғырту үшін тынбай жұмыс істеуіміз керек

ҚР Ұлттық музейінде «Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын зерттеу, сақтау мен насихаттаудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.


Қазақстанның рухани мәдени мұрасы – мыңдаған жылдар бойы Ұлы Далада өмір сүрген халықтардың мәдени сабақтастықта дамып, түрленіп, бүгінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып, орындаушылық өнер, Табиғат пен Ғаламға қатысты ілім мен әдеттер, дәстүрлі қолөнерге қатысты білім мен дағдылар ретінде қалыптасқан.



Дөңгелек үстел отырысында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы аясында және ЮНЕСКО-ның «Бейзаттық мәдени мұралар» Конвенциясын ратификация жасаған мемлекет ретінде өз рухани мұраларымызды зерттеу, сақтау, қорғау мен жаңғыртудағы өзекті мәселелері талқыланды. Шараға ғалымдар, қоғамдастықтар өкілдері, музейдің ғылыми қызметкерлері қатысты.




«Ел іші – өнер кеніші» демекші, экспедиция нәтижесінде ел арасынан жиналған қолөнер туындылары, ұлттық тағам түрлері, дәстүрлі ән-күйлер, жыр-термелер бар. Енді сол мұраларды хаттап, құжаттандырамыз. Бұл тек Қазақстанның оңтүстік өңірінде ғана жасалған жұмыс. Осындай жұмыстарды Қазақстан бойынша жүргізіп, рухани мәдени мұраның ұлттық қорын қалыптастырсақ деген мақсат бар. Бұл шара қазақтың рухани мәдени мұрасын сақтау, қорғау және насихаттау бойынша ұйымдастырылып, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай қазақтың рухани мұрасын сақтау және жаңғырту мәселелері бойынша ғалымдар мен қоғамдық бірлестік өкілдері бас қосып отыр. Рухани мәдени мұра дегеніміз қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, табиғат пен ғаламға қатысты ілімдері. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтардан айырылып қалу қаупінде тұрмыз. Оларды өз дәрежесінде сақтап қалу және жаңғырту үшін тынбай жұмыс істеуіміз керек», - деді ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ҒЗИ-ның жетекшісі Ақан Оңғар.    




Сонымен қатар, шара барысында қазақтың рухани мәдени мұраларын зерттеу бойынша ҚР Ұлттық музейінің биылғы жылы ұйымдастырған кешенді экспедициясының қысқаша қорытындысы жарияланып, уақытша фотокөрме ашылды.



Айта кетейік, дөңгелек үстел материалдары мен қорытындылары «Ұлы дала мұралары. Наследие Великой степи. The Heritage of the Great Steppe» атты жылдық басылымда жарияланатын болады. 


ruh.kz
ҚР Ұлттық музейі