4 Қараша, 2018
Апта ішінде «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асқан игіліктер

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар жүзеге асуда. Аталмыш бағдарламалық мақаланың жүзеге асырылуы барысында мәдениет, спорт, қоғамдық қызметтер, тарихты насихаттау, дәстүрді жаңғырту бағыттарында қыруар жұмыс жасалды.


Апта ішінде «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асқан шаралар туралы бірқатар ақпарат беріп өткенді жөн көрдік. Ендеше, әрі қарай парақтаңыз.



Тұрар Рысқұлов оқыған мектепте мұражай ашылды



Қазақтың ежелден тарихи-мәдени ошақтарының бірі аталып келген Әулиеата халқы бүгінгі жаңғыру кезеңінде де жолдарынан жаңылмай келеді.



Меркі ауданында туып-өскен азаматтар өзара бас қосып, қиын-қыстау күндерде Меркіні мекендеген қоғам қайраткері, қазақтың арда ұлы Тұрар Рысқұлов оқыған мектепте мұражай ашты. Бұл шарадан кейін арнайы ғылыми конференция да ұйымдастырылды.



Аталмыш тағзымның негізгі идеясы аудандық азаматтардың «Ауылым – алтын бесігім» деп аталатын кездесуінде туған.



Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған ғылыми конференцияға филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бәйсейіт Жылысбаев, мектеп-лицейдің директоры Балатбек Қыстаубаев сынды абыройлы тұлғалар қатысып, өздерінің лебіздерін, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.




«Тарихы әріден басталатын Меркі өңірінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Т. Рысқұлов оқыған мектепте мұражай АШЫЛДЫ.  Мұнда  қызыл империяға  ашық қарсы шыққан Тұрар Рысқұловтың  үзеңгілес замандастары және кейінгі жылдары ел мүдесін қорғаған қайраткерлердің өмірі жайлы тың деректер жинақталыпты», - деді Намазалы Омашев.




Ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың бейбіт заманда ұлықталуы – жас ұрпаққа көрсеткен үздік өнеге.



Атырауда қаласында әжелер жарысы өтті



«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында облыс әкімдігінің қолдауымен, ұлттық салт-дәстүр, ғұрыптарды жаңғырту мақсатында «Өнегелі әже» байқауы ұйымастырылды.



Аталмыш шараның ұйымдастырылуына және жоғары деңгейде өтуіне облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы атсалысты.



Байқау барысында әжелер бес кезең бойынша өнер көрсетті. Аталған кезеңдердің ішінде кішкентай сәбиді бесікке бөлеу, бесік жырын немесе ертегі айту, ұлттық тағамдарды пісіру, ұлттық нақыштағы қолөнер, тұрмыстық бұйымдардың жасалу жолын бейнесюжет арқылы көрсету сынды бағыттар бар.



Қатысушы қарт әжейлердің барлығы ұлттық болмысымыздан бар дүниелерді орындауда бір-бірінен асып түсті. Әсіресе, біраз уақыттан бері ұмыт болған ұлттық тағамдардың еске түсуі, жастарға жасалу жолының көрсетілуі бір ғибратты іс болды.



 Әсіесе өз өірінен алынған, жас кезінде қалай «Қоңыр қыз» атанғанын ертегіге келтіре отырып айтып берген Құрманғазы ауданының тұрғыны 82 жастағы Жаннан әже көптің ықыласына бөленді.



Байқаудың 1-орыны құрманғазылық әже Жаннат Құрманғалиеваға (500 мың теңге), 2-орын Индер ауданының тұрғыны Бақытжан Жайымоваға (300 мың теңге), 3-орын атыраулық әже Сәуле Қайошеваға (200 мың теңге) берілді. Бұдан бөлек өзге қатысушылар түрлі номинациялармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.



Жібек жолы бойындағы елдердің тарихы мен мәдениеті кітап болып басылды



Қазақ халқының Шығыс елдерімен тығыз қарым-қатынасы сонау Жібек жолы кезеңінен басталады. Қытайдан бастау алатын аталмыш сораптың еліміздің қазіргі оңтүстік қалалардың үстімен өткенін, сол уақыттағы жолаушылардың біздің жерде аялдап, ат суытқанын білеміз.



Демек, осындай дүниелер арқылы шығыстық мәдениетпен біте қайнасып дамып келдік. Өткен мыңжылдықта ғана мәдени даму бағдарымыз батысқа қарай ойыса бастады.



Бірақ баба қанымен берілген байланыстан алшақтап кету әсте мүмкін емес.



Осы ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жібек жолы бойындағы елдердің тарихы мен мәдениеті туралы толыққанды ақпарат беретін кітаптар қазақ тілінде жарық көре бастады. Бұл істі «Шығыс әдебиеті және өнері» халықаралық баспа компаниясы өз жауапкершіліктеріне алып отыр. Жауапты мамандар қытай тілінде жазылған 11 кітапты қазақ тіліне тәржімалаған. Бұл қарқынды әрі қарай жалғастыру жоспарда бар.




«Әлемнің 124 елі осы бағдарламаға қол қойған. Яғни, әлемнің 124 елі бір-бірімен араласады деген сөз. Бір-бірімен араласқан соң мәдениет те араласуы керек. Яғни, біз қазақ екенімізді көрсетуіміз шарт. Сондықтан, қазақтың өзінің салт-дәстүрін, мәдениетін, жалпы, қалыптасқан дүниесін Қытай еліне таныстырамыз», - дейді «Шығыс әдебиеті және өнері» халықаралық баспа компаниясы бас редакторының орынбасары Нұрғиса Сахов.



Ruh.kz
egemen.kz