30 Қазан, 2019
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге сұрақ

Өңірдің мәдени әлеуеті, жаһанданған мәдениет пен жастар жайында, азаматтық парызы турасында, киелі жерден түлеген тұлғалар мен құндылықты ұғынатын, қастерлей білетін ұрпақ қалыптастыру хақында.


Ақтөбе мекені қашанда өзінің бірігейлігімен, батыр тұлғаларымен және патриот ұл-қыздарымен мақтана алады. Киелі мекеннің топырағынан шыққан Әбілқайыр хан, Мөңке би, Бөкенбай батыр, Әлия Молдағұлова, Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Димаш Құдайберген сынды ерекше тұлғалар облыстың ғана емес, бүкіл Қазақ елінің мақтаныштары. Батыстың ең ірі облысы болып саналатын Ақтөбе туралы ақпаратты облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының өзінен білгіңіз келсе, мархабат! Облыс әкімінің сұхбатына назар аударыңыз.

Ruh.kz: Оңдасын Сейілұлы, қайырлы күн! 

Оңдасын Сейілұлы: Қайырлы күн!

Ruh.kz:  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қалай түсіндірер едіңіз?

Оңдасын Сейілұлы: Әр заманның болашақ ұрпаққа қояр өз талабы мен міндеті бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен сана-сезімінің, сенімінің, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткішін жинақтаған мағынасы зор алғышарты деген болар едім.

Бағдарламада біздің еліміздің рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, білімді, біртұтас ұлт болуы үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз, санамызды қалай өзгерту керектігі саралап түсіндіріп берді.

Бұл жаңғыру – ұлтты өрге, әдет-ғұрып, салт дәстүрді төрге бастау, ұлыларды ұлықтау, ұлы Абайдың даналығын ұмытпау, ұлттық болмысымызды сақтау, кемелденіп жаңғыру, күллі әлемді таң қылу, қазақтың мәдениетін мойындату, туған жерді түлету, ең бастысы мемлекетіміздің болашақ бағдары. Сана-сезім өзгермей, тұрмыс-тіршілік түзелмейді. Ал бұл қасиеттер заманауи қазақстандықтың негізгі бағыты болуы қажет. Бағдарламада еліміздің бүгіні мен болашағына апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілген.

Басты мақсат — өскелең буын, жастарға елдіктің әңгімелерін ескерту, олардың көзін ашу, алға жетелеу.  

Орындалу керек міндеттердің бәрі дерлік Сіздердің, болашақ ұрпақтың алдында тұрған міндеттер: тіл үйрену, бәсекеге қабілетті болу, ел үшін еңбек ету.

Әрбір қазақстандық жас осы мақаладағы көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар негізінде жұмыс жасауы керек.

Егер Сен әлемнің өзгергенін қаласаң, Өзің де сол өзгерістің ортасында бола біл! 

                               20191002161123_3O6A7225.JPG

Ruh.kz: Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында облыстың қосқан үлесі қандай?

Оңдасын Сейілұлы: Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы – қазақстандықтардың ақыл-ойын қалыптастырып, дамытуға ықпал ететін үлкен қозғаушы күш екенін жақсы білесіздер. Оны көздің қарашығындай сақтау, бүгінгі ұрпағымыздың санасына сіңіріп, кемел келешегімізге табыстау – біздің басты міндетіміз деп есептеймін. Қазақстан Республикасы Конституциясы да әр азаматты тарихи-мәдени мұралардың сақталуына қамқор болуға, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндеттейді. Ендеше, біздің өңіріміз де осы жауапкершілігі мол істі абыроймен атқаруы тиіс.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің тірегі – 20 мыңнан астам жас жеткіншекті киелі жерлерге апару арқылы олардың тарихи санасын қалыптастыруға, төл тарихын құрметтей білуге ат салысып келеміз.

Қазір цифрландыру дәуірі. Сондықтан тарихи-мәдени мұрамызды сандық форматқа өткізіп, өңірдің туристік әлеуетін көтеру де аса маңызды. Осы орайда облыс аумағындағы 48 ескерткішке QR код орнату жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ музей келушілері 10 республикалық және 34 жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар мен киелі жерлерге виртуалды тур жасап, олардың 3D моделін тамашалай алады.

Әрине, тарихи-мәдени мұраны танып-білу, насихаттау – терең білімділікті, оны зерттеп-зерделеуді аса қажет етеді. Және оны мемлекеттің тікелей қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сәулет ескерткіштерінің саны бойынша біздің аймақ республика көлемінде алғашқы орындардың бірін алады (Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан облыстарымен қатар). Сәулет және тасқа ойып қашау өнері құрылыстарының сан алуандығы жағынан да теңдесі жоқ екенін атап өткім келеді. Сол себепті Ақтөбе облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұраны жан-жақты зерттеу бойынша кешенді бағдарламаларды жүзеге асырудамыз.

Қазір ғалымдар, археологтар Доңызтау, Солтүстік Арал өңірінің кесенелік сәулет өнерінің сирек кездесетін ескерткіштерін, ортағасырлық Жезді қалашығы мен оның тарихи аумағын, ерте көшпелілердің элиталық археологиялық ескерткіштерін, б.з.д. III мың көне мал өсірушілер мен металлургтердің жерлеу, өндірістік және қоныстық ескерткіштерін, ортағасырлық дәуірдің жерлеу, қоныстық, діни-ғибадат сипатындағы археологиялық объектілерді жан-жақты зерттеуде. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беретініне сенімім мол.

Тамыз айында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкерлерінен құралған экспедициялық топ Ақтөбе қаласы маңындағы көне қорым-зираттарды аралап, эпиграфикалық мәтіндерді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осылайша, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеп, зерделеу ісі қарқындап келеді.

20191018174749_3O6A3077.JPG 

Ruh.kz: Өңірдегі заманауи мәдениеттің дамуы жастардың рухани қалыптасуына қандай әсер ете алды?

Оңдасын Сейілұлы: Мәдениет – тарихи құбылыс. Әр уақыт кезеңдерінде тарихи дәуірлерге байланысты мәдениеттің дамуы да түрлі өзгерістерге толы. Сондықтан да, еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында мәдениеттің даму миссиясы қазақ мәдениетін қайта жетілдіруге бағытталса, қазір әлемде болып жатқан жаһандық процестерге байланысты әлемдік мәдениетте өз орнын айқындау және таныту болып табылады. Әлемде өзімізді мәдени жетістіктерімізбен таныту арқылы жаһандық бәсекеге қабілетті ел екендігімізді дәлелдейміз.

Қазір халықтың эстетикалық талғамы биік. Сондықтан өнер адамдары үнемі шығармашылық ізденісте болуы тиіс. Сонда ғана прогресс болады. Осы орайда өңірдегі мәдениеттің үздік үлгілері мен жетістіктерін көрсету мақсатында облыстың шығармашылық ұжымдары мен өнер иелері Үнді, Түркия, Бельгия, Люксембург, Түркия, Египет, Израиль, көршілес Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасы, Қарақалпақстан, Өзбекстан мемлекеттерінде қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттап жүр.

Ақтөбенің киелі топырағынан түлеп ұшып, қазақ музыкасының құдіреттілігін жер жаһанға танытып жүрген Димаш Құдайбергеновті, оның ізбасары, Лондонда Димашпен қатар өнер көрсеткен, кеше ғана Испанияда өткен халықаралық өнер додасында бас бәйгені қанжығасына байлап, еліміздің мерейін үстем еткен өте талантты қызымыз – Нарқызды мақтанышпен атап өткім келеді.

Жалпы, өңіріміздің мәдени әлеуеті өте жоғары. Өйткені, өңірде өнердің қай саласында болмасын, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан талант иелері жеткілікті. Қолөнер, әдебиет, кескіндеме, мүсіндеу өнері және   дәстүрлі, кәсіби музыканы, театр, хореография өнерін шет мемлекеттерде ілгерілетіп жүрген жастарымыз да баршылық. Сондықтан, өңір басшысы ретінде сондай тұлғаларға моральдық, материалдық қолдау көрсетуді өзімінің азаматтық парызым деп санаймын.

Музыкалық мұрамызды келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру үшін оны заманауи форматқа өткізу аса маңызды. Жергілікті композиторлардың шығармаларын цифрландыру, қазақ фольклорының үздік үлгілерін таспалау жұмысына мән беру керек.  

Бүгінде «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосының басты кейіпкері «Ер Едіге» қаһармандық эпостық-музыкалық дастанын кәсіби жыраулардың орындауында дыбыс және бейне жазбаға (СD-диск) түсіріп, күйтабақшасын шығару жұмыстары жүзеге асуда.

Өңірден шыққан ұлы тұлғалар – Жұбановтардың музыкалық мұрасын цифрландыру бағытында жаңа жобалардың қолға алынғаны да құптарлық іс.

Үздік өнер туындыларын өзіміз ғана біліп қойғанымыз жеткіліксіз. Себебі елді ел білу үшін оның мәдениетін тануы керек. Сондықтан әлі де жасалатын жұмыстардың жауапкершілігі зор. Соны жүзеге асыруға ат салысатын, ең бастысы, ұғынатын жаңа ұрпақты қалыптастыруымыз қажет.

 20190927151218_3O6A5896.JPG

Ruh.kz: Қандай ұлт болмасын, өз ұлы тұлғаларын ұлықтаған. Өңірдің мақтан етер батырлары мен замандастары туралы айтсаңыз.

Оңдасын Сейілұлы: Ақтөбе өңірінің атақты тарихи тұлғаларын ұлықтап, насихаттап, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, тәрбие туы етіп отырмыз. Біздің халқымыздың мақтанышы тарихи тұлғалар өңірде жеткілікті. Оларға биік кесенелер, көркем де көрнекті ескерткіштер орнатып, ғылыми конференциялар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін пайдаланып, жастар санасы мен жадына ел қорғаған ерлердің отан қорғау, патриоттық бағыттағы үлгілерін үгіттеп, сіңіріп отырамыз.

Ақтөбе өңірінің тарихы еліміздің басқа да аумақтарындай қиын кезеңдерде елін қорғап, ерлігімен кеңінен танылған батырларымен танымал. Атап айтқанда Абат Байтақ, Алтын Орданың ыдырау – Қазақ хандығының алғашқы қалыптасуы кезінде ерлігімен көзге түскен Қарақыпшақ Қобыланды батыр, 17-18 ғасырлар аралығындағы Әз Тәуке кезінде Қазақ хандығының ең белгілі тарихи тұлғалары – Төле, Қазыбек билер қатарындағы «Жеті жарғы» авторларының бірі Алшын Әйтеке би, «Ақтабан шұбырындыда» қазақ әскерінің бас қолбасшысы, Кіші жүз ханы болған Әбілқайыр, оның замандас-қаруластары Тама Есет батыр, Табын Бөкенбай батыр, Жағалбайлы Сәрке батыр, Әжібай би, Алтай батыр және басқалары.

Өңіріміздің ұлы тұлғалары қатарында 19 ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысының басшысы болған, «Дала геркулесі» атанған Есет Көтібарұлы да бар. Ұлы Отан соғысы жылдарында Шығыстан шыққан қос шынар, батыр қыздарымыздың бірі Әлия Молдағұлованы еске алмай кетуге тағы болмайды.

Композитор-күйші Қазанғап күй өнері саласында өзінің ырғағы, мұң-зары, әуенімен, орындау тәсілдерімен ерекше орын алатыны белгілі.

Қазақстан мәдениетін дамытудағы ерен тұлға мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновті біз ерекше сезіммен еске аламыз. Оның еңбектегі ерлігі, трагедиялық тағдыры бізді ерекше толғантады.

Еңбекпен даңқы шыққан тарышы, әлем рекордшысы Шығанақ Берсиев, академик-дәрігер Ишанбай Қарақұлов, космонавт-инженер Виктор Пацаев, ұшқыш-космонавт Юрий Лончаков, генерал-лейтенант Жансен Кереев, гимнаст Валерий Люкин, академик-онколог Сайым Балмұқанов т.б. біздің жастарға үлгі боларлық тұлғалар. Олардың жақсы істері мен өнегесін тәуелсіз Қазақстанда еліміздің Еңбек Ерлері Серік Ақшолақов, Құралай Байменова, т.б. жалғастыруда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әнші Молдабайдың, ақын-жыршы Айса Байтабыновтың, биші Нұрсұлу Тапалованың, Әбілқайыр ханның жұбайы Бопайдың, көріпкел Мөңке бидің, ұлт қайраткері Досжан хазіреттің аттары қайтарылып, ғылыми айналысқа енді.

Ақтөбе өңірі ертеден бүгінге дейін ақын-жазушылардың елі болып аты шығып келеді. Ел аузында «Байғаниннің Жарқамысы – Жазушылар одағының бөлімшесі», - деген сөз сақталған. Ол қазақтың қабырғалы қаламгерлері Тобық Жармағамбетовтің, Өтежан Нұрғалиевтың, Сағи Жиенбаевтың, Есенбай Дүйсенбаевтың, т.б. түлеп ұшқан жері. Халық жазушылары Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаев өмірде қандай керемет дос болса, ескерткіштері де Ақтөбе төрінде бірге тұр. Облыстық драма театрына Т.Ахтанов аты берілді. Қ. Шаңғытбаев атында мектеп бар. Т.Ахтанов Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының бірінші лауреаты. Ал ол сыйлық Ақтөбеге Қажығали Мұхамбетқалиұлының «Тар кезең» романымен тәуелсіздік жылы қайта келді.

Ақтөбенің мақтаныштары – ақын-жыршы, Қаз КСР-інің өнеріне еңбегі сіңген қайраткері Нұрпейіс Байғанин, филолог-профессор Құдайберген Жұбанов, академик-композитор Ахмет Жұбанов, жалпы Жұбановтар әулеті – Ғазиза, Қайыр, Асқар, Ақырап, Болат, Есет, Ажар – бәрі-бәрі ерек құрметке лайық жерлестеріміз.

Құдайберген Жұбанов атында университет, Ғазиза Жұбанованың атында облыстық филармония, ағайынды Жұбановтар көшесі бар және бірнеше елді-мекендерде ескерткіштер қойылды.

Профессор Құдайберген Жұбановтың еңбегін бүгінгі күні академик Рабиға Сыздықова жалғастыруда.

Заманауи қазақ мәдениетінің талантты өкілі, қазақ операсының раушан гүлі атанған КСРО халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының және Тарлан сыйлығының лауреаты Роза Жаманова, театр қайраткерлері – Алтын Ружева, Лидия Кәденова, Бақыт Жанғалиева, режиссер-хормейстер Базарғали Жаманбаев т.б. қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына мол үлес қосқан тұлғалар туралы таң асырып, сөйлесуге болады.

Біз Ұлы даланың сан қырымен жұмбақ сырын ашып, оны болашаққа бағдар етіп отырмыз. Қазақ фольклорының тамаша туындылары «Қыз Жібек» пен «Айман-Шолпан» жырларының оқиғалары Ақтөбе жерінде өткені белгілі. Жыр кейіпкерлерін – Төлеген мен Жібекті, Айман мен Шолпанды, Көтібар мен Арыстанды жастарға үлгі етіп, жырларды қойылым етіп көрсетіп, кейіпкерлерінің кесенесін салып, мәдени мұраны сақтап, жас ұрпақты қазақы тәрбиелеуде бағдар етіп отырмыз.

Сөйтіп, бабам батыр, ақын, ғалым болды деп мақтанып, енді балам батыр, ақын, ғалым болсын деп шаттанып, тәуелсіздік үшін, озық ел үшін еңбек ететін жарқын жастардың болашағына екпінді еңбек етудеміз.

54800855_344667396174759_3179301280773449346_n.jpg

Ruh.kz: Оңдасын Сейілұлы, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, қызықты сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын! 

P.S: Сұхбат Ақтөбе облысы баспасөз қызметінің көмегімен дайындалды.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
Фото: Ақтөбе облысы баспасөз қызметі