29 Мамыр, 2018
Арыста OPEN FASHION SHOW өтті

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бөлімі аясында әрі ұлт құндылығын дәріптеу мақсатында Арыс қаласында «Open fashion show» жергілікті дизайнер-тігіншілердің ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі өтті.


Бұл шараның мақсаты – қазақ мәдениетін танып-білу, ұлттық киім мен сәндік-қолданбалы бұйымдардың элементтері арқылы тарихтың жарқын беттерін көрсету. Жергілікті дизайнерлер мен тігіншілер қолөнерді дамытып, осы салаға қатысты істерді бірлесе шешпек. Сән көрсетілімі кезінде аудан, ауылдан тігіншілер келіп, олар өз киім үлгілерін көрсетті. Көбі ұлттық киімге басымдық берген.



Іс-шараға жергілікті дизайнер-тігіншілер Н.Күнходжаева, С.Танкеева, Д.Садыкова, А.Омарова қатысты. Яғни, іс-шара барысында шеберлердің қолынан шыққан «Дала өрнектері», «Қазыналы Қазақстан», «Ақ жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» тағыда басқа коллекциялары ұсынылды. Сондай-ақ, дизайнер-тігіншілер көрермендерге шеберлік сабақтарын көрсетіп, халықтың рухы мен мəдени дəстүрінде жинақталған ұлттық ерекшеліктерді дәріптеді. Осы ретте, жас тігіншілер Ұ.Есман мен  А.Жоламан да өздерінің іс-тәжірбиелерімен бөлісті.



Көрсетілімнің ашылу салтанатында Арыс қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы А.Молдашева қатысушыларды құттықтап, Елбасының:




«Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген сөзін тілге тиек етті.




Мұнан соң, дизайнер-тігіншілердің ұлттық киім үлгілерінен дефиле өтті. Мұнда қатысушылар өздерінің топтамалық сән үлгісіндегі киімдерін таныстырды.     



Шарада шеберліктері мен қатар белсенді еңбекпен көзге түскендерге алғыстар айтылып, естелік сыйлықтар табысталды.



Шараның соңына қарай көрермен қонақтар Арыс қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.


ruh.kz
Арыс ақпарат