31 Мамыр, 2018
"Білім және тәрбие" бағытының аясында Аркадий Цукер Қазақстандық мұғалімдер үшін шеберлік сағатын өткізді

Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінде білім саласының дамуына шолу жасау үшін, атқарылған игіліктерді талдау үшін көлемді брифинг өтті. Жасампаздық заманында жедел ойлау шебері атанған Аркадий ҚР БҒМ және «Shevron» компаниясының жеке шақыртуымен келді. Арнайы ат арылтып келген спикер «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында, оның ішінде "Білім және тәрбие" бағытында жүзеге асып жатқан игіліктерді шолып өттіп шеберлік сағатын өткізіп өзінің де үлесін қосты.  Бұдан бөлек, ауқымды шараға Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің вице-министрі Талғат Ешенқұлов та қатысты. Алғашқы сөз алған вице-министр бірқатар жобаларға көз жүгіртіп өтті. 


Жасампаздық заманында жедел ойлау шебері атанған Аркадий ҚР БҒМ және «Shevron» компаниясының жеке шақыртуымен келді. Арнайы ат арылтып келген спикер «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында, оның ішінде білім саласында жүзеге асып жатқан игіліктерді шолып өтті. Бұдан бөлек, ауқымды шараға Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің вице-министрі Талғат Ешенқұлов та қатысты. Алғашқы сөз алған вице-министр бірқатар жобаларға көз жүгіртіп өтті. 



«Бүгінгі күні қоғамда білім саласына аса үлкен көңіл бөлініп отыр. Бұл үдеріс баршаңызға аян деп білемін. Әрине, білімнің салтанат құруы тек қана Қазақстанда емес, күллі ғаламда өріс алып келе жатқан бағыт. Бүгінгі күні ешкім, ешқандай сала қызметкері бір күндік біліммен шектеліп қалғысы келмейді. Қай бағытты алып қарасаңыз да, негізгі басымдықты білім деңгейіне, азаматтың ой-өріс дәрежесіне береді. Осыған орай, біздің елде де білім саласында атқарылып жатқан тамаша бастамаларды өздеріңіз де көріп-біліп жүрсіздер. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы да еліміздегі білім сапасын, ғылыми сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған жоба екені белгілі. Аталған бағдарламаға сәйкес, 2016-2020 жылдарға арналған нақты жоспар болды. Жоспар аясында бірқатар жоғары жетістіктерге қол жеткіздік. Жоспардағы көрсетілген міндеттердің де біршамасы жүзеге асып, бүгінде қоғам игілігі үшін, білімділік сапасын арттыру үшін қызмет жасап жатыр. Білім және ғылым саласында бірнеше реформа жасалып, заңнамаларға бірқатар өзгерістер енгізілді. Жоғарыда айтылған жоспарлар мен нақты қадамдардың оңтайлы жүзеге асуы үшін білім саласында қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің, әсіресе мектеп мұғалімдерінің білім сапасы жаңартылып, деңгейі өсіп тұруы міндетті. Сондықтан, республика көлеміндегі мектеп тәлімгерлерін әртүрлі мерзімдегі курстардан өткізіп тұру жолға қойылды», - деді вице министр. 



Сондай-ақ, Білім және Ғылым министрлігінің бас қызметкерінің орынбасары мәлімдегендей, осы салада қызмет етіп жүрген қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін әлемдегі озық технологиялардың бірі ретінде «Білім берудегі инновациялық ойлау» атты нақтыланған жобаны жолға қойған. Инновациялық ойлаудың бүгінгі күні өте маңызды тақырып екенін айтқан вице-министр Аркадий Цукерді осы жобаны түсіндіріп беру мақсатында елге шақырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Талғат Ешенқұлов журналистер қауымына осы бағытты тыңғылықты жүзеге асыруға үлес қосуын өтінді. Оның айтуынша, ақпараттың халыққа қалай жеткізілуіне байланысты қоғамдық пікір қалыптасады. 



Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің вице-министрінен кейін сөз алған Светлана білім құндылығына тоқталып өтті. 



«Әрине, бүгінгі қоғамда материалдық емес, ой-саналық құндылықтар қайтадан үлкен басымдық алып келеді. Оған Талғат Ілиясұлы айтып өткендей, әлемнің осы бағытқа түбегейлі бет бұрғаны себеп. Қазіргі күні білімді азамат үшін қоғамда барлық жағдай жасалынып жатыр. Сонымен қатар, қазіргі білім беру үлгісі бұрынғы тәсілдерден алға дамып, инновациялық әдіс-тәсілдер қолданысқа енді. Дәл осы білім берудің инновациялық тәсілін еліміздегі бірнеше компаниялар, университеттер тиімді қолданысқа енгізіп үлгерді. Біз Тәуелсіздік алғалы 22 жыл бойы бизнестің, коммуникацияның дамуына үлкен көңіл бөліп келдік. Міне, қазір елімізде білім саласының сапасын арттыру науқаны қызу өтіп жатыр. Біз де осы мақсатта түрлі қозғалыстар құрдық және нақты қадамдармен толықтырылған жобалар жасадық. Даму деңгейі мен білім құндылығы сәйкес келген елдің болашағы жарқын болатынын барлығыңыз жақсы білесіздер. Міне, білім саласының сапасын арттыру барысында, жаңа өзгерістерді халыққа түсіндіру мақсатында біз осындай семинарлар мен шеберлік сағаттарын жиі өткізуді ұйғардық. Мен Аркадий Цукерді Мәскеудегі білім саласының құндылығын арттыру мақсатын көздеп өткізген бір семинарында жолықтырдым. Сол кезде-ақ дәл осындай тұлға Қазақстанға да керек деген ой келді. Міне, бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің және «Шеврон» компаниясының тікелей қолдауымен осындай білікті тұлға қонағымыз ретінде ортамызда отыр. Аркадий даму деген сөзді өзінің тұлғалық болмысымен егіз ұғымға айналдырған керемет жан. Демек, осы семинарға жиналып отырған үш жүзге жақын адам бүгін ұтымды пікір тыңдайтынына сенімдімін», - деді Светлана. 



Сонымен қатар, семинар барысында Минск қаласында өткізілген «Hi-Tech Nation» атты шеберлік сағаты туралы сөз қозғалды. Сол форумға үш мыңнан адам қатысыпты. Болашақты болжайтын футурологтар мен блогерлердің, заманауи бастамаларды еркін игерген тұлғалардың арасынан іс-шараның веб-сайтына тек Аркадий Цукердің ғана сөз сөйлеген бейнематериалы жарияланған. Және сол бейнематериал желілерде таратылып, жеті миллионнан астам қаралым жинаған. 



Іс-шараның бас қонағы ретінде қатысқан белгілі маман Аркадий Цукердің келесіні мәлімдемеді: 



«Алдымен, елеп-ескеріп шақырғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Мен шақыруды алған сәтте қуана-қуана келісім білдірдім. Дәл қазір, төрткүл дүние Қазақстанда өтіп жатқан жаңартулардан, тың бастамалардан толық хабардар. Бұдан бөлек, бүгінгі күні Қазақстан Республикасының болашағы үшін өте маңызды үдеріс жүріп жатыр. Әл-ауқаты жоғары, экономикасы мығым, білім саласын әлем мойындаған мемлекет болу үшін сіздер бар күш-жігерлеріңізді салып жатқандарыңызды да білеміз. Бұл семинар да сол елдегі білім және ғылым саласының біліктілігін арттыру мақсатында өткізіліп отырғаны белгілі. Осындай маңызды міндетті мойынына жүктеген шараның бас қонағы болып, өзімді Қазақстанның дамуына үлес қосқан азамат секілді сезініп отырмын. Мен адамдардың білім деңгейіне, экономиканың дәрежесіне, білім саласының қазіргі ахуалына зерттеу жасағанда, барлығы білетін, десе де әлі күнге жөнді жолға қойылмай келе жатқан қарапайым түсінік бар. Ол – адамдардың немесе белгілі бір нысаналы топтардың сөзден іске көше алмауы. 



Айта кету керек, экономикасын, саяси ахуалын, халықтың жағдайын жақсартқысы келіп, даму жолына түбегейлі түсу үшін, алдымен, білім саласының даму бағытын бірізділікке салу керек. Сонда ғана қалған салалардағы қолға алынған жобалар сәтті жүзеге асып, даму қарқыны жылдамдық алмақ. Қараңыздаршы, Жапония мен Сингапурдың аз ғана уақыт аралығында экономикалық «кереметтерге» қол жеткізуінің құпиясы қандай? Оның құпиясы сол, аталған мемлекеттер білім беру бағытына үлкен жаңалықтар енгізіп, оларды толыққанды әрі жоспарлы түрде жүзеге асыру үшін ерен еңбек етті. Сонымен қатар, білімділікті ұлттық құндылықтарымен, азаматтық болмыс қағидаларымен астастырып отырды. Олардың алған білімі тек қана өз бастарының емес, толық мемлекеттің дәрежесін көрсететін маңызды құрал екенін шебер ұғындыра білді. Қазіргі нәтижесін өздеріңіз де көріп жатырсыздар. Орта Азиядағы бірнеше мемлекет білім беру методикасына енді ғана жаңалықтар енгізе бастады. Олардың қатарында көшбасшы ретінде Қазақстан Республикасын толықтай атауға әбден болады. 



Жаңа мысалға келтірген екі елдің тағы бір құпиясы – бизнес саласында жаһандық білімнің салтанат құруы. Компанияда, холдингтер, шағын бизнес орталықтары, бәрі-бәрі әлемде өзгеріске ұшырап жатқан салалар мен бағыттардың артықшылықтарын зерттеп, сарапшылар қорытындысына құлақ түріп, сондай жақсы бастамаларға күнделікті ауысып, дамудың ұшар биігіне сатылап жетіп үлгерді. Олар даму үшін адамның, қоғамның белгілі бір бағдарламалар аясында ғана емес, күн сайын, сағат сайын өз санасын, біліктілігін дамытып отыруы қажет екенін көрсетіп берді. 



Осы ретте сіздерге деген ризашылығымды жеткізгім келіп отыр. Бір мемлекеттің жекелеген салалар ғана емес, толықтай қоғамдық сананы қалыптастыруға бағыт алуы сирек кездесетін жағдай. Ал Қазақстанның қазіргі бастамалары дәл осы қоғамдық сананы қорқыныштардан тазартып, батылдық пен білімге құштарлық секілді қасиеттерді орналастыру үшін қызмет жасап жатыр. Бір сөзбен «сананы тазалау үдерісі» деп айтсақ, қателеспеймін деп ойлаймын. Сондай-ақ, мемлекеттің ұлттық құндылықтарын білім саласымен, экономикасымен қоса дамытуы өте бір көңіл көншітерлік жағдай. Тағы да бір қуаныштысы, Қазақстан өзінің ішкі экономикасын ғана емес, жалпы елдік экономика саласын әлемдік масштабта дамытуды көздеп отыр. 



Бүгінде әлемдік көштің қайда бағыт алып отырғаны белгілі. Адам санасын ояту, логикалық ойлау қабілетін арттыру, білім сапасын, біліктілік деңгейін арттыру секілді бағыттардың алдыңғы орында тұрғаны да баршаңызға аян. Қазақстан да осы көштің соңында қалуды емес, алдыңғы қатарынан орын алуды көздейді», - деп сөзін түйіндеді Аркадий Цукер. 



Осыдан кейін модератор спикердің баяндамасынан кейін бірнеше сұрақтар туындап отырғанын жеткізгенде Аркадий Цукер шеберлік сағаты лекция емес екендігін бегіледі. Шеберлік сағатында кез келген адам көкейтесті сұрағын қойып, қанағаттанарлық жауап алуды көздейтінін айтып, қатысушылардың сұрақтарына қуана жауап берді. 



Қазір Қазақстанның білім және ғылым саласында төңкеріс орын алып жатыр десек, артық болмас. Ал қолға алынып жатқан жобалар аясында қабылданған реформалар мен заңнамаларға енгізілген өзгерістерге ата-аналар немесе мұғалімдер тарапынан үлкен қарсылықтар туындап жатқан қарсылықтар жайлы және олардың қоғамдық сананы тазарту барысына кедергі болуы турасы келесі пікір келтірді: 



- Бұған алаңдаудың қажеті жоқ. Қоғамда талқының пайда болуы реформаның нағыз кәсіби түрде жасалғанының айғағы. Егер реформа жарияланып, қоғам оған назар аудармаса, онда жасалған еңбектің еш кеткені деп біліңіз. Қарсылықтар болуы заңды. Бірақ олардың барлығы уақыт өте келе жаңа бастамалардың мәнін ұғатын болады. 



Мұғалімдердің бұл шеберлік сағатында алған тәлімдері мол. Осы кездесудің арқасында олар өз білімдерін жетілдіріп, үйренген жаңа  тәсілдерін біздің балаларымызға білім беруде қолданып - білікті, саналы, мәдениетті, өзіне сенімді ұрпақ тәрбиелеу үшін қолданады. Осы, "Тәрбие және білім" бағытын жүзеге асыру жолдарының бірі. 



Аркадий Цукер кім? 



Қазіргі ресейлік бизнес-тренер, маркетолог, кәсіпкер Аркадий Ресейдің Новокузнецк аймағында 1975 жылдың 7-мамырында дүниеге келген. Әкесі өмір бойы зауытта, анасы мектепте мұғалім болып қызмет жасаған. 



Аркашаның жас кезінде оған жергілікті дәрігерлер жазылмайтын ауру, ақыл-есі кем деген баға берген. Бірақ дәрігерлердің бұл диагнозымен әкесі келіспепті. Содан кейін әкесі баласын барлығын өз бетімен жасауды талап ете бастаған. Бүгінгі кәсіпкердің бала күнінен бір көз жүгіртіп өтейік. 



Аркадийдың әкесі баласынан үлкен нәрселерді талап еткен. Мысалы, отбасымен қонаққа баратын болып жиналған кезде, әкесі ешқашан баласының бауын байлап бермеген екен. соның кесірінен қонаққа бара алмай қалса да, ақырында бала өз жағдайын жасауға үйренген. Аркашаның бала күнінен мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тағы да бірін айталық, әкесі баласын балабақшадан алып қайтарда оны ешқашан киіндірмеген. Баласы өз бетімен қашан киініп болғанша қарап тұрыпты. Балабақшадан елдің соңы болып, қас қарайғанда шықса да ерекше бала өзі киінуді үйренген. Кейінгі мектеп жылдары да дәл осындай әке талабы еш өзгермепті. 



Кейіннен Аркадий Том мемлекеттік университетін философия мамандығы бойынша тәмәмдаған. Ал 17 жасында Цукердің жеке компаниясы болды. Дәл сол компанияда оны оқушы кезінде ақыл-есі түзу емес деп қайтарған мұғалімдері жұмыс істеді. Араға жиырма жыл салып Аркадий Ресейдің орталық консалтигінің басшысы болды. 



Ал бүгіне Цукер әлем таныған бизнес-тренер. Өмір тосынсыйларын сыйлаудан жалықпайды. 


ruh.kz
econet.ru