Ауа райының өзгеруі мен құбылуы. Халықтың табиғатты сипаттауы хақындағы ой.
- Синоптиктердің болжауынша сәуір айы жылы болмақ. Айдың ортасында аздап жауын-шашын болуы да ықтимал.
Қазақ жылсанауы бойынша жыл төрт маусымға бөлінеді де, төрт маусымның әрқайсысы 90 күнге созылады.
Қыс – желтоқсан. Бұл мезгілде жерге ауа қожалық етеді. Қар жауады, боран соғады, аяз көтеріледі. Қыс түседі.
Көктем – жылтоқсан. Жылға сөзінен шыққандай. Су патшалық ететін, жыл алмасып, жер, дүние жаңарып, мезгілдің де, көңілдің де, даланың да жаңғырып сала беретін маусымы. Көктем туады.
Жаз – оттақсан. От маусымы. Отығатын, от шығатын маусым. Малдың жердің отымен әлденіп, адамның жаны жай табатын мезгіл. Жаз шығады.
Күз – күзтоқсан. Табиғаттың күзеліп, топыраққа айналар шағы. Жер бетіне топырақ иелік етеді. Күз келеді.
Табиғаттың осындай төрт түрлі маусымында төрт түрлі стихия қожалық етеді. Әр стихияның өзіне тән мінезін байқауға да болады.
Халық арасында «Көктем кезі ғой деп алысқа қыдырып кеткен бес қонақ суыққа тап болып, үсіп өліпті» деген аңыз айтылып жүреді. Бесқонақ бітісімен халық көктемгі тіршіліктің қамына кіріседі. Осы кезде қаратамақ, сарышымшық торғай келеді. Аталмыш құбылыстың соңынан «Қызыр қамшысы» ойнайды. Бұл сәуір айның екінші жартысында болатын күннің күркіреуі. Күн үш рет күркіреген (Қызыр қамшысын үш ойнатқан) соң жер бусанып сала береді. Сәуір болмай – тәуір болмас деген сөз осыдан қалса керек.
Сұлтан Мұстафин,
Ruh.kz