21 Ақпан, 2019
Арман Абдоллаев: Әр облыс жеңімпазына 1 миллион теңге беріледі

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткен мен бүгінді байланыстыратын жаңа бастамалар жүзеге асырыла бастады. Солардың бірі – «Qazaq EPOS» жобасы. Байқаудың өткен жылғы нәтижесімен «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқып, қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан Алматы қаласындағы №76 мектептің 10-сынып оқушысы Аружан Әбсаттар жеңімпаз атанып, 1,5 миллион теңгені иеленді. Байқау биыл да өзінің жалғасын таппақшы. Осыған орай, «Qazaq EPOS» жобасының 2019 жылғы талаптары мен ерекшеліктері жөнінде жоба жетекшісі Арман Абдоллаев мырзамен әңгімелескен едік. 


 Ruh.kz: Алдымен, осы «Qazaq EPOS» жобасы жөнінде айтып өтсеңіз. Кімнің идеясы, алғашқы байқау қай жылы, қайда ұйымдастырылды? Қалай өтті? 



 Арман Абдоллаев:    «Qazaq EPOS» жобасы ең алғаш 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында қоғам қайраткерлерінің, кәсіпкерлердің, елжанды азаматтардың қолдауымен ұйымдастырылды. Ол кезде де жеңімпазға қомақты сыйақы, оны дайындаған мұғалімге көлік сыйға берілді. Өткен жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы Алматы қаласында өтті. Былтырғы байқауға 136 мектептен 1300-ден аса оқушы (Оның 56-сы – өзге ұлт өкілдері), 500 мұғалім қатысты. Өткен жылы қатысушылар 4000-нан асатын жыр шумағы бар, жалпы көлемі 120 беттен тұратын «Алпамыс батыр» жырын жаттады. Ал биылғы қатысушылар 5000-нан аса жыр жолдарын, жалпы көлемі 132 бетті құрайтын «Қобыланды батыр» жырын жаттайтын болады. Бұл жобаны өткізу идеясы еліміздегі ұлттық мәселелерді көтеріп, оған жанашырлық танытып жүрген азаматтардың тарапынан ұсынылды.



Ruh.kz: «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының басты мақсаты қандай?



Арман Абдоллаев: Байқаудың басты мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу. «Қобыланды батыр» жырын жаттаған бала ата-бабаларымыздың ел мен жерді қорғау жолында қандай тәуекелге барғанын біліп, тағылымды тәрбие алады. Екіншіден, батырлар жырында көркем, бейнелі сөздер жиі қолданылады. Балалар байқауға қатысу арқылы көркем сөйлеуге талпынады. Сонымен қатар қазіргі таңда жаһандану заманында тілдік қолданысымызға жаңа сөздер еніп, көнерген сөздеріміз қалып барады. Оқушылар жырды жаттап, көнерген сөздердің мағынасына үңіледі. Себебі: сайыста осы архаизмдерге, жер-су атауларына, персонаждарға қатысты және қазақ әдебиеті пәні бойынша жалпы сұрақтар қойылады.



Ruh.kz:Байқаудың басты талаптарына тоқталып өтсеңіз...



Арман Абдоллаев: Биыл «Қазақ эпосы» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына 50 мың оқушыны, 25 мың ұстазды қатыстыруды көздеп отырмыз. Бір мұғалім екі оқушыны ғана дайындай алады. Бірақ байқау ережесіне сай қатысушыны дайындайтын ұстаздың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруі шарт емес. Кемінде әр мектептен он оқушы қатысады деп күтілуде. Мәселен, алтыншы сынып оқушыларынан бір қатысушы, жетінші сынып оқушыларынан бір қатысушы дегендей... Егер бір сыныптың оқушылары түгел қатысқысы келсе, оған де шектеу жоқ. Байқауға қатысушыны дайындағанда бар күш мұғалімге түседі. Жырды жаттату деген оңай жұмыс емес, оны жаттатудың бірнеше әдіс-тәсілдері бар. Ұстаздың балаға көп уақыт бөлуіне тура келеді.



Ruh.kz:Биылғы байқаудың жүлде қоры қандай болады?



Арман Абдоллаев: Биыл байқау республикалық деңгейге көтерілді. Үш кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқы аудандық кезеңнің қорытындысы бойынша І орын алған оқушыға – 150 мың теңге, II орын алған оқушыға – 100 мың теңге, III орын алған оқушыға – 50 мың теңге жүлде қоры тағайындалады. Бірінші кезең бойынша оқушыларды дайындаған ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы дипломы табысталады. Екінші кезеңде Астана, Алматы, Шымкент секілді республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық деңгейде өтетін байқау нәтижесіне қарай I орынға – 1 миллион теңге, II орынға – 600 мың теңге, III орынға – 300 мың теңге сыйақы беріледі. Бұл кезең аясында ұстаздарға оқушыларға берілетін жүлдеқорынан кем дегенде екі есе жоғары сыйақы тағайындалады. Байқауға кететін қаржы облыстық бюджеттен бөлінеді. Ал республикалық деңгейдегі байқау қайда өтеді, жеңімпаздар мен олардың ұстаздарына арналған сыйлық қандай болады, оның бәрі қазіргі таңда нақтылану үстінде.



Ruh.kz: Биылғы байқаудың өткен жылы ұйымдастырылған байқаудан ерекшелігі бола ма?



Арман Абдоллаев: Бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, республикалық деңгейде өтетін байқау телевизиялық жоба ретінде «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Ал облыстық деңгейдегі байқаудан үзінділер беріліп, телеарна байқау күнделігін жасайды. Екіншіден, биылғы меже – елу мың баланың «Қобыланды батыр» жырын жатқа оқуын Гиннес рекордтар кітабына ену. Бірақ рекорд деген бір мезетте бір жерде орындалуы тиіс, біз осы жағын ескеріп, рекордты қалай жүзеге асыратынымызды қарастырып жатырмыз.  



Ruh.kz: Байқау қашан басталады және ақтық сайысы қай уақытта өтеді?



Арман Абдоллаев: 4 ақпан күні Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, ҚР Білім және ғылым минстрлігінің вице-министрі Эльмира Суханбердиева, «Хабар» агенттігі Басқарма Төрағасының орынбасары Ринат Кертаев,  «Qazaq EPOS» қоғамдық қорының директоры Бақытжан Тұрлыбеков қатысқан брифингте осы жоба туралы кең көлемде ақпарат берілді. Ақпан айының соңына дейін  байқауға қатысатын елу мың баланы анықтаймыз. Бүгінде күн сайын әр мектептен қатысушылардың тізімі келіп жатыр. Байқаудың бірінші кезеңі – 22-28 сәуір аралығында, екінші кезеңі – 29 сәуір мен 23 мамыр аралығында, үшінші кезеңі маусым немесе шілде айында өтеді. Сәуір айының аяғына дейін оқушыларға «Қобыланды батыр» жырын жаттауға уақыт беріледі. Қатысушылардың аты-жөні qazaqepos.com сайтына жарияланып, олардың апта сайын қанша жол жаттағандығы кестеге толтырылып отырады.  



Ruh.kz: Ал бұл кестенің шынайылығы қалай тексеріледі?



Арман Абдоллаев: Өте орынды сұрақ. Байқауды Ұйымдастыру комитетінің әр ауданда арнайы өкілдері бар. Олар апта сайын мектепке барып, әр қатысушының жаттаған өлең жолдарынан үзінді сұрайды. Оқушылардың мүмкіндігіне қарай кестені толтырады.



Ruh.kz : Байқаудың рухани құндылығы неде?



Арман Абдоллаев: Байқаудың тәрбиелік, танымдық, мәдени рухани құндылығы жоғары. Оқушылардың ұлттық танымын кеңейтіп, олардың қазақ әдебиетінің асыл мұраларымен етене танысуына жол ашамыз. Қатысушылармен қатар, ұстаздарға сыйақы беру арқылы олардың еңбегін қоғам алдында дәріптейміз. Сондай-ақ байқаудың мақсаты – миллион тарату емес. Сол себепті де біз ақтық сайыстағы жүлде қорын моральдық құндылыққа негіздеп табыстағымыз келеді. Мәселен, былтырғы жеңімпаздардың ұстаздарына Охford университетіне ағылшын тілінен тілдік курстан өтуіне жолдама берілді. Жүлде қорына осы секілді бәсекеге қабілеттілікті арттыратын жаңа идеяларды ойлап тапқымыз келеді.



 



 



Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА, Ruh.kz


Ruh.kz
«Qazaq EPOS» жобасының мұрағатынан