15 Ақпан, 2019
Асан Жолдасов: «Өз кәсібімнен рахат аламын!»

Елорда төрінде өткен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңінің қортындысын қазақстандықтар қызу талқылау үстінде. Бұл жобаның іріктеу кезеңінен өткен 29 жеңімпазбен Елбасы өзі кездесті. Салтанатты шараға келген замандастарымыз Н.Ә.Назарбаевпен тілдесіп, өз жетістіктерімен және ұсыныстарымен бөлісті. 29 жеңімпаз – 29 түрлі жеңіс жолы. Олардың арасында Асан Жолдасов та бар.


Асан өзінің трансформация жолын  19 жасында бастаған болатын.  Мектеп қабырғасында оқып жүрген шағынан математикадан ерекше қабілетінің бар екендігін аңғартты. Түрлі мемлекетаралық, халықаралық олимпиадаларға қатысқан Асан, мектеп бітірген соң білгенімен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуге бел буады. Бұл тағдырының өрге домалауына септігі тиген шешім болды, дейді бүгінгі талантты ұстаз. Бүгінгі күні Асан «Пифагор» компаниялар тобының бас директоры. Ол ашқан мектеп қоғамның болашақ зияткер буыны болатын өскелең ұрпақты оқытумен айналысады. Жас мұғалім-кәсіпкер осы он жыл ішінде 10 000 аса оқушыға математика ғылымының қыр-сырын ашқан.  Олардың 1000-ы республикалық және халықаралық олимпиадалар жеңімпазы. Мектептің еліміздің Астана, Алматы және Тараз қалаларында 7 кеңсесі бар.  Асанның өмір ұстанымдарымен танысу үшін сұхбат алған болатынбыз. 



Ruh.kz: Асан мырза, саламатсыз ба! Біріншіден, Сізді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атануыңызбен құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. Біз білеміз, сіз 19 жасыңызда өзіңіздің ісіңізді бастауға бел будыңыз. Сол кезде, он жыл бұрын сіз білдіңіз бе нәтиженің зор болатынына және де  жап-жас жігітке қоршаған орта сенім арта білді ма? Команданы қалай жинадыңыз, ата-аналар мен оқушыларды қалай көндірдіңіз? 



Асан Жолдасов: Қазір 19 жасар кәсіпкер балаға сенетін шығар... Ал, сол жылдары маған сенген адамдардың саны аз болды. Жұмысымның бірінші төрт жылында ұжымымда 3 адам болды. Міне, осы жылдары мен өзім оқушыларға сабақ бердім. Неге мен сабақ бердім? Себебі, мектеп қабырғасында жүрген кездері  талай халықаралық, республикалық жарыстар мен олимпиадаларға қатысқанмын.  Соның ішінде, Жәутіков халықаралық олимпиадасы, әлем және Еуропа чемпионаттары. Еліміздің математика құрамасының мүшесі болдым. Осы медальдар мен орындар маған жігер берді. Және де баласын берген ата-ана да менің біліктілігіме күмән келтірмеді. Тағы бір фактор, мен бес жыл қатарынан республикалық олимпиадалардың әділ-қазылар алқасының құрамында болдым. Маған сол үшін сенді. Сол жылдары мен болашақта мектеп ашамын деген ой болмады, мен бұған қосымша табыс көзі ретінде қарадым.



Ruh.kz: Араға он жыл салып, сіз осындай жетістіктерге жеттіңіз. Егер мүмкіндік болған жағдайда, сіз осыдан он жыл бұрынға өзіңізге не айтар едіңіз немесе не тілер едіңіз?



Асан Жолдасов: - Бұл қызық сұрақ. Біріншіден, сені бағаламаған жерде жұмыс жасама деген едім. Екіншіден, өз денсаулығыңды қорға деп айтсам,үшіншіден, отбасымды, жақындарымды көп ойла,- деген болатынмын. Бірақ, менің білетінім, мен бұл кеңестерге құлақ түрмес едім. 



Ruh.kz: Сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңыздан мынадай идеяңызды оқыған едім: өз мұғалімдерімізге көзі тірісінде қолдау көрсетейікші, олардың өмірден озған күнін күтпей. Осы пікірдің туындауына не себеп болды?



Асан Жолдасов: Бұл ойлар маған келген себебі, сол аралықта менің ұстазым болған адам – Өтеш ағайым  (Әбдімәжіт Өтеш-1997-2000 жылдары РФММ директоры болған) өмірден озды. Ағайым өз өмірін ағартушылыққа арнаған адам еді. Ол өмір бойы балаларды оқытумен болды. Қажет болғанда ақысыз да оқытты. Республикалық физика-математикалық мектебінің түлегі, кейін сол мектептің директоры болған адам. Мен оқыған мектепті де басқарған. Мен сол физика мектебіне түсе алмаған кезде, ол кісі директор бола тұра математика пәнін маған оқытып, мені жетілдірген еді. Сонда қосымша сабақтың құны 500 теңгеден аспайтын еді. Сонда бұл ақша кабинеттің еденін жуатын апайға төленетін еді. Бұл ұстазымның ағартушылық саласында жасаған еңбегі орасан ғой. Міне, осындай ұлы ұстазым өмірден озғанда, маған осындай идея келген еді. Бұл идеяны қолдаушылар болды. Осы мақаланы оқып отырған қазақстандықтар да мені қолдайтын шығар деген үмітім бар. Бұл идея жүзеге асқан жағдайда өте жақсы болар еді. 



Ruh.kz: Осы жауаптан мынадай сұрақ туындайды: осы кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніңізге он жылдың жүзі болды. Бұл аралықта сіздің қанатыңыздың астынан 10 000 аса оқушылар түлеп ұшты. Осы оқушылармен сіздің ара-қатынасыңыз қандай? Олар сізді ұмытпады ма? Сіз олармен мақтанасыз ба?



Асан Жолдасов: Мен өзімнің оқушыларымды әлі уақытқа дейін бақылап келемін. Олардың ішінде жарқ еткен балалардың тағдырын бақылау екі есе қызық. Олар да менімен байланыста. Мысалы, кеше болған марапаттан соң, телефонмен хабарласып, құттықтап жатқаны қаншама. Бірақ, оқушыларымның арасында, мені ұмытып кеткендері де бар. Онсыз болмайды. Менің ойымша, оқушы өзінің тұлға болып қалыптасуына үлес қосқан ұстазын ұмытпауы керек.



Ruh.kz: Сіздің ұстаздарыңыздың қатарында анаңыз да бар, ол математика пәнінің мұғалімі. Ол сіздің мектептеріңіздің ашылуының басы-қасында жүргені де мәлім. Анаңыздың сіздің кәсібіңіздегі ролі қандай?



Асан Жолдасов: Иә, әрине менің анам өмірдегі менің алғашқы ұстазым және қолдаушым. Оның еңбегінің жемісі – менің кәсіп бастап, мектеп ашуым шығар. Ол маған әдістемелік сұрақтар жағынан қол ұшын беріп тұрады. Оның қазіргі арманы – келін түсіріп, немере сүю болып тұр. 



Ruh.kz: Сіздің оқушыларыңыз өте көп халықаралық олимпиадаларға қатысып жүр. Және де сол жарыстардан оза шауып, алдыңғы қатардан көрініп жүргені қанша. Сол туралы айтып берсеңіз.



Асан Жолдасов:  Иә, біздің оқушыларымыздың баратын олимпиадалар өте көп. Баратын елдер де өте көп. Мысалы, былтыр олар Қытайға барса, биыл Африка континетіне барамыз деп жоспарлап отырмыз. Бірінші жылдары мен барлық халықаралық олимпиадаларды жатқа білетін едім, ал бүгінгі таңда, шүкір, балаларымыздың баратын жарыстары мен елдердің саны өте көп. Есте сақтап үлгермеймін.



Ruh.kz: Ал, сіз математиканы бала кезден сүйіп оқыдыңыз ба?



Асан Жолдасов: Менің ең сүйікті пәнім математика болған. Қызық фактты айтайын: бірінші кластың оқушысынан сұраңыз, кім математиканы жақсы көреді деп, оларды барлығы да «жақсы көреміз», -деп жауап береді, ал бесінші мен он бірінші кластың оқушыларынан сұрасаңыз,  «жақсы көреміз» деген жауаптар азаяды. Неге? Себебі, оқу қиындайды және күрделенеді. Ал оны кей мұғалімдер балаға жеткізе алмайды. Оқушы математикадан алыстайды. Пәннен сондай алыстауларды болдыртпау үшін біздің мектеп тыңбай еңбектенуде.



Ruh.kz: Елімізде өз ісін бастаймын деген жастар көп. Бірақ олардың санасында тәуекелден гөрі сенімсіздік басымырақ тұрады. Сондай жастарға не айтар едіңіз?



Асан Жолдасов: Ең басты нәрсе, ол кәсіпкерлікпен айналысып, бірден көп ақша табамын деп ойлама. Кәсіпкердің артында қажырлы күш пен жігер тұр. Бұл-сүріну мен биікке самғауы қатар жүретін жол. Мен ылғи айтатыным, кәсіпкерлік – ол өнердің бір түрі. Көп оқыңдар. Қазіргі жастарда қорқу жоқ. Сол себепті өзің рахат алатын істі баста. Мысалы, мен өз кәсібімнен рахат алатын адаммын! Сені мақтасын деп іс жасама, өзіңмен гормония болатын іспен айналас. Сол істі кәсіпке айналдыр. Әрине елімізге өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер қажет, бірақ бұл бастаған кәсіп адамға рахат беру керек. Өз ісіңді жақсы көріп жасасаң, ол өрге домалайды! Биік шыңдарды бағындырғың келсе, бір орында тұрма! Өс, өзіңді өзгерт! Сонда ғана сен бұл өмірде «тетігін тауып, кірпіш болып қалана аласың»!



Ruh.kz: Және де сіз үшін актуальды сұрақтардың бірі, Елбасымызбен болған кездесуден алған әсеріңіз? «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасындағы марапаттан соң сіздің өміріңіздегі жоспарларға өзгеріс енеді ма?



Асан Жолдасов: Кешегі кездесу маған үлкен әсер берді! Елбасымен бірге сұхбаттасып, оның қолын алу маған мәңгі естелік болып қалмақ. Сосын мен өте жігерлі, жалынды адамдармен достастым. Мен  одан әрі дамығым келеді. Өзімнің бойымдағы білімімді оқушыларға қалдырғым келеді. Көп мақсатқа емес, бір үлкен мақсатқа жеткім келеді.



Ruh.kz: Асан, осындай шынайы әрі қарапайым сұхбатыңыз үшін рақмет! Ел игілігі үшін атқарар істеріңіз көп болғай!



Асан Жолдасов: Сізге де рақмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін!



Бибігүл Бөкенбайқызы, Ruh.kz



 


Ruh.kz
bnews.kz