26 Ақпан, 2019
Асылгүл Әбіш: Шәкіртақыны оқуда озат, көпбалалы отбасынан шыққан студентке бергім келді

Дана халқымыздың «Әруақ риза болмай, тірі байымас» деген аталы сөзі бар. Сәкен Сейфуллиндей заманының келбеті болған қайраткерді үнемі еске алып, Сәкен десе ішер асын, жерге қоярға әзір тұратын, көзі ашық, көкірегі ояу, бүгінгі еліміздегі мемлекеттік бағдарламаларды қолдап, Жастар жылында жалынды үміттерге тіреу болып жүрген  Асылгүл Рахымжанқызымен «Сәкен Сейфуллин атындағы стипендияны» тағайындау барысында аз-кем әңгімелесіп едік. Риясыз өрбіген жылы әңгімемізді оқырман назарына ұсынамыз.


Ruh.kz: Асылгүл Рахымжанқызы, қайырлы күн! Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агратехникалық университетінің  студентіне шәкіртақы тағайындап отырған жайыңыз бар. Таңдауыңыз неліктен осы оқу орнына түсті? Бұл шәкіртақы тағайындаудың артында жомарт жандар тұр ма?



Асылгүл Әбіш: Қайырлы күн! Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агратехникалық университетін таңдау себебім бар. Биылғы жыл Елбасымыздың бастамасымен «Жастар жылы» болып жарияланды. Елбасымыз сияқты Сәкен Сейфуллин де жастарға сенген, оларға үлкен үміт артқан болатын. Сонымен қатар, биыл Сәкеннің туғанына 125 жыл болады. «Жастар жылы» мен нар тұлғамыз Сәкеннің мерейтойының тоғысуында маған шәкіртақы тағайындау туралы ой келді. Және де шәкіртақыны оқуда озат, көпбалалы отбасынан шыққан студентке бергім келген. Бұл тарапта маған университеттің басшылығы үлкен қолғабыс болды. Шәкіртақыны ай сайын өзім алып отырған зейнетақымнан тағайындап отырамын. Жомарт жан – ол менмін (Күліп). Бүгінгі стипендиат – ертеңгі күннің ел ағасы, ел үміті емес пе! Оның үстіне Ерболов Диас көп балалы отбасыдан шыққан, оның артынан ерген іні-қарындастары Диастай көкірегінде шоғы бар, зерделі ағаларына қарап, бой түзеп, ой түзесе, ел жастары бәсекеге қабілетті, алғыр болып өседі ғой. Диасжанның мерейі үстем болып, университеттің атын шығара берсе екен. Мен де енді қолымнан келгенін аяп қалмай, көмекке мұқтаж қазақ баласын қолдап отырамын.



Ruh.kz: Сіздің ұлт қайраткері Сәкен Сейфуллинмен қандай туыстық қатынасыңыз бар? Және де Сәкен Сейфуллин атындағы мемориалдық мұражайында ілулі тұрған «Дала мадоннасы» атты сурет туралы біздің оқырмандарымызға айтып берсеңіз.



Асылгүл Әбіш: «Жігіттің жақсысы нағашысынан» демекші, Сәкен ағамыздың анасы Жамал – менің апам болып келеді. Яғни, Жамал анамыздың туған інісі Әбіш менің туған атам. Негізі Сәкеннің түр-келбеті осы атамызға ұқсаған. Әбіш атам көрсе көзің тоймайтын, өте сымбатты кісі болған. Атам елге өте беделді әрі сыйлы азамат болған. Жамал ананың көрген тәрбиесінің нәтижесінде Сәкен осындай тұлға болып қалыптасты деп ойлаймын. Бірақ, бір өкініштісі, тар заман уақытында Жамал ананың бірде-бір суреті сақталмайды. Бұл туралы, 1988 жылы сол кездегі Ақмола қаласында Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайды ашу барысында анықталады. Ұйымдастырушылар Жамалдың суретін таба алмай қиналды, қуаныштысы олардың есіне Сәкеннің нағашылары еске түседі (Күлді). Мен ол кезде Алматы қаласында тұрамын. Суретші Бақытжан Мырзахметовтың қылқаламынан «Дала мадоннасы» суреті туады. Бұл суреттегі Жамалдың бейнесі маған қарап салынды. Сол кездері бұл жаңалықты «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттері жарыса жазған еді.



Ruh.kz: Асылгүл Рахымжанқызы, сұрақтарымызға қысқа әрі нақты жауап бергеніңіз үшін рақмет айтамыз!



Асылгүл Әбіш: Сізге де рақмет! Кезінде Сәкен Сейфуллин жастарды қатты қолдаған. Жалынды жастардың өркендеп өсуіне ылғи қол ұшын беріп отырған. Грант, шәкіртақыларды одан әрі дамыту жолында аянбай еңбек еткен. Сәкен салып кеткен сара жолды жалғастыру біздің міндет деп білемін.



 



 



Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,



Ruh.kz



 


Ruh.kz
Жәмила Мырзабекова