12 Ақпан, 2018
Астана оқушылары елорданың бірігей нысандары туралы кітап жазды

«Рухани жаңғыру» бардарламасының аясында Білім басқармасы мен Оқушылар сарайы бірлесіп шығарған «Астананың жалпыұлттық киелі орындары» атты кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Мәдениет пен тарихтың ордасы болып саналатын Елорданың тарихи нысандарын зерттей келе Оқушылар сарайының «Жас өлке танушылар» үйірмесінің тәрбиеленушілері осы кітапты қарапайым әрі түсінікті тілмен жазып, мәдени нысандардың суреттерін қосқан.



«Астананың жалпыұлттық киелі орындары» кітабы елордамызда орналасқан тарихи нысандар туралы. Оған бас қаламыздағы тарихи мәнді, рухани құнды жиырма нысан енген. Олардың қатарында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Сәкен Сейфуллин атындағы музей, Бәйтерек, «Мәңгілік ел» қақпасы тағы да басқа нысандар енген.




«Кітап «Жас өлке танушылар» үйірмесі тәрбиеленушілерінің еңбегі. Негізі кітап шығарамыз демедік. Үйірмеге келіп жүрген балаларға қала тарихын тереңнен білу мақсатында өздері қалаған бір нысанмен танысып, ғылыми жұмыс жазуды ұсындық. Балалар үлкен қызығушылық танытып, ақпаратты интернеттен ала салмай, әр нысанға барып, тарихымен танысты. Өздеріне де танымдық жұмыс болды. Содан кейін осы нысандар тарихын басқа да балалар білсін, таныссын деген ниетпен кітап қылып шығаруды ұсынды. Білім басқармасы біздің ұсынысты қолдап кітап шығардық», – деді Оқушылар сайы директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нәбиболла Досболов.




Жалпы кітаптың таралымы – жүз дана. Кітаппен таныса отырып еліміздің бас қаласы Астанамызға қатысты тарихи деректер таба аласыздар.



Әрбір азаматтың өзіне деген құрметі – өзі тұрып жатқан қаласын, елін, тарихын құрметтеуден басталады. Өз тарихын жақсы білген, таныған адам бүгінгі іс-әрекетін бақылап, болашағын мінсіз жоспарлай алады.


ruh.kz