3 Қараша, 2017
Астанада балаларға арналған ұлттық киімдердің сәндік көрсетілімі өтті

Астанада «Nation look» балаларға арналған ұлттық киімдердің сәндік көрсетілімі өтті.



«Nation look» топтамасында кешегі мен бүгінгі күн үйлесімді көрініс тапқан. Туындылардың денінде ою-өрнектер мен табиғи терілер қолданылған әрі олар заманауи стильде орындалған.



Атап өтер болсақ, бұл шараның басты мақсаты - этностильді және қазақтың ұлттық киімдерін кеңінен насихаттау.



Сонымен, көрсетілім барысында Қайролла Әбішевтің «Зекенмода» және Рахима Әбішеваның «Arujan» сән үйінің топтамалары ұсынылды. Жалпы, Қайролла Әбішевтің шығармашылық бағыты негізінен жаңғыртылған заманауи топтамалардан тұрады. Жұмыстарының көпшілігі қазіргі стильмен орындалса да, ұлттық нақыш, ұлттық элементтер кеңінен қолданылады.



Ал, «Arujan» сән үйінің және оның идеялық шабыттандырушысы - Рахима Әбішеваның топтамалары елімізде ғана емес, шетелде де танымал. Шебердің қолынан шыққан «Алтын құм» топтамасы Мәскеуде өткен «Жоғары сән» апталығында барлық қазыларды тәнті еткен болатын.



Көрсетілім шеңберінде музейдің «Шебер» және «Бейнелеу өнері студиясы» үйірмелеріндегі балалардың туындыларынан да көрме ұйымдастырылады.


ruh.kz
Ашық дереккөзден