22 Ақпан, 2019
Астанада Нұрлан Тілеужанның жеке шығармашылық кеші өтті

«Астана» концерт залында «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің солисі, дәстүрлі әнші Нұрлан Тілеужанның «Елек бойы – жыр мекен» атты  жеке шығармашылық кеші өтті. Жас өнерпаздың тұңғыш концерті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.  


Сахна шымылдығы «Шалқыма» халық би ансамблінің «Думанды Сарыарқа» қойылымымен түрілді. Ұлттық ұлы мұраны дәріптеуші Нұрлан Тілеужан жыр кешінде  «Ақерке», «Ақ сұңқар», «Ақ көйлек» сынды халық әндерін, өсиетке толы жыр-термелерді орындады. Әсіресе, көрермен Ақтанның термесі «Нақыл сөзге» зор қошемет білдіріп, жылы қабылдады. «Дүние-ау», «Ерке құсым», «Асыл ана», «Тау ішінде» секілді әсем әндерді әуелеткен әншінің дауысы жүрек қылын шертсе, «Ауылымды сағындым», «Біздің ауыл тамаша» секілді әндер ауылды аңсаған тыңдарманның мауқын басты.



Әншінің жеке шығармашылық кешінде анасы Роза Өмірзақова мен  ҚР Мәдениет қайраткері Светлана Мырзабаева сөз сөйледі. Өнердегі ұстазы Нұрланның жастайынан талантымен танылғанын және ерекшелігімен көзге түскенін айтып, өнер жолына шығармашылық ізденіс пен толайым табыс тіледі. Сондай-ақ, кеш барысында Нұрланның шығармашылық достары Шахризада Тыныштық, Рахат Бегасылов, Данияр Сағынтаев, Данияр Мұқан және Жаңабай Өтегеновтер өнер көрсетті. 



Көрермендердің  ыстық ықыласымен қорытындыланған концерт өнерсүйер қауымға эстетикалық ләззат сыйлады.



  Айта кетейік, Нұрлан Тілеужан 2006 жылдан бері «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің солисті қызметінде. Осы күнге дейін ол Қазақстан және өзге Мемлекеттерде өнер көрсетіп, өнерін шыңдап, кәсіби мамандардан лайықты бағасын ала білген өнер иесі. Оның талантына әріптестері: «Нұрлан өте дарынды жігіт. Білікті музыкант. Ол бір өзі бірнеше музыкалық аспаптарды еркін меңгерген. Ол тек қана музыкант емес, сонымен қатар ерекше дауысқа ие әнші. Оның ән айту мәнері, Маңғыстаулық жыршы Елдос Емілді еске түсіреді» - деп баға береді.     



Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА, Ruh.kz


Ruh.kz
Астана мемлекеттік филармониясы