18 Мамыр, 2020
Асылбек шебердің ұлттық нақыштағы өнері

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», - деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтардың бірі – отбасы құндылықтары. Тіпті, ұлттық рухани құндылықтардың негізі отбасылық дәстүрде жатқаны белгілі.

Осы құндылықтарды Ақсу қаласы, Евгеньевка ауылының Бортыбай әулеті насихаттауда. Әулет мүшесі Асылбек – ұлттық нақыштағы бұйымдарды қазіргі заманға лайықтап, жаңа үлгіде жасап жүрген қолөнер шебері. Ол әкесінің жолын қуып ағаш шебері атанды. Өз балалары ізін қуса, атадан қалған мұраны дарытудан бас тартпаймын, - дейді қолөнер шебері.

Қазіргі таңда ағаш шебері жас болса да ұлттық өнердің дамуына үлесін қосып келеді. Шебердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар бүгінгі таңда сұранысқа ие. Оның алға қойған мақсаты − сан жылдар сарабынан өтіп, бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан дәстүрді келер ұрпаққа насихаттау.

Шебер − Ю. Гагарин орта мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Шәкірттерімен ұлттық бұйым жасау технологиясымен бөліседі. Ол бірқатар шеберлік сабақтарын өткізуде.

Халықаралық отбасы күніне орай «Достық» мәдени-сауық орталығының инстаграм парақшасында «Ұлттық нақышы. Астауды жасау негіздері» атты бейнеролигі жарияланды. Бұл бейнероликте ол қазақтың дәстүріне тән ағаштан жасалған ет табақ, яғни астауды жасаудың технологиясымен бөлісті.

Евгеньевка ауылы «Достық» мәдени-сауық орталығының мәдени ұйымдастырушысы Ботагөз Хумарбергеннің айтуынша, ол ауылдық, қалалық, облыстық, республикалық іс-шараларға белсенді қатысып қана қоймай, көптеген жүлделерді олжалап келе жатқан азамат.

- Сондай-ақ 2020 жылдың 19 тамыз күні қолөнер шебері Бортыбай Асылбектің қатысуымен «Ұлттық нақыш. Астауды жасау негіздері» атты Ақсу қаласы, Ақсу ауылдық аймақтарына шеберлік сабағын өткізу жоспарлануда, - деп атап өтті Ботагөз Хумарберген.

Қазақ халқының қолөнері сонау ықылым заманнан тарихымен бірге өсіп біте қайнап жатқан өте бай қазына. Ол ұрпақтан ұрпаққа ауысып тамырын тереңге жайып келе жатқан халық мұрасы. Сонау баға жетпес дәстүрімізге жанашырлақ танытып жаңа қарқын беріп келе жатқан шеберлеріміз барда салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымыз сақталатыны рас.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі