10 Шілде, 2019
Атқа міну мәдениеті насихатталды

    «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының  тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. 

      Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады» дейді, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында. 

     Атқа міну қазақтың қанына сіңген қасиет. Аңыз-әңгімелердегі, батырлар жырындағы әрбір батырдың өзіне лайықты тұлпары болғандығы да тарихтан белгілі. Елбасы «...Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» дейді.

824A4344.JPG

      Осы «Атқа міну мәдениеті» тақырыбын жас жеткіншектерге түсіндіру мақсатында Жаңақорған ауданы, Талап ауылында орналасқан «Талдысу» лагері тынығушыларына арнап танымдық шара өткізілді. Ұйымдастырушылар  облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы және облыстық спорт басқармасы.
       Шара барысында жастар ат әбзелдерімен танысып, оның орналасу реттілігін тамашалады. Артынша сайгүліктің құлағында ойнайтын шабандоздардың ойындарын тамашалап, тәнті болды. Бірі ат үстінде садақ тартып, нысанаға дөп тигізсе, енді бірі жылқы үстінде жұлмаласа күресіп, аударыспақ ойынын көрсетті. Сондай-ақ лагерь тынығушылары жылқы жануарымен жақын танысып, атқа міну әдебін ұғынды.
Ұлттық ойынды ұлықтаған шара соңында «Рухани жаңғыру» орталығы өкілдері ұйымдастырушыларды алғыс хатпен марапаттады.

 

Жанар Ергенбайқызы,
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы,
«Ақпарат толқыны» бөлімінің маманы