26 Қазан, 2017
Атырауда «Ханталапай» зияткерлік сайысы қорытындыланды

Салт-дәстүр мен ұлттық мұра құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры 19-20 қазан аралығында 9-11 сынып оқушылары арасында «Ханталапай» зияткерлік сайысын Атырау өңірінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткізді. Екі күнге созылған сайысқа 12 командалар өзара жарысқа түсіп, финалдық ойынға 3 команда жолдама алды, деп хабарлады аймақ әкімдігі.  



Ақтық сында №34 линвистикалық мектеп, қалалық лицей, С.Датұлы атындағы №26 орта мектептері өзара жарысып, берілген тапсырмаларға мүдірместен жауап берді.



«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Ханталапай» зияткерлік сайысын ұйымдастырдық. Оқушылардың барлығы білімді, әрі шапшаң екендіктерін байқадық. Жарыс қатысушылардың көңілінен шықты деген ойдамыз», - деді «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының төрайымы Әмина Жәрдемқызы.



Тұрақты сөз тіркестерін жалғастыру бөлімінде оқушылар берілген тапсырмалардағы сөздерден сөз тіркестерін құраса, келесі айналымда мәдениет пен ұлттық құндылыққа қатысты сұрақтарға жауап берді. Зияткер сайысқа қатысушылар тапқырлығымен, сөзге шешеңдігімен, жан-жақтылығымен бағаланды.



Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды С.Датұлы атындағы №26 орта мектебі алса, №34 лингвистикалық мектеп 2 орын, қалалық лицей 3 орынды иеленді. Сонымен қатар, ұстаздары да марапатталып, оқушыларға ұлттық нақыштағы бағалы сыйлықтар тарту етілді.  



«Мен С.Датұлы атындағы №26 орта мектептің 11 сынып оқушысымын. Осы сайысқа қатысқаныма, жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымын. Зияткер сайысына келіп ұлттық дәстүріміз бен мәдениетіміз туралы біраз мағлұматтарға қанық болды», - деді Нұрай Жексенов.


ruh.kz