6 Желтоқсан, 2017
Атырауда күйші-домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның шығармашылық кеші өтті

Атырауда Құрманғазы мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дәулескер домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның шығармашылық кеші өтті.



«Осы жолы рухани жаңғыруға байланысты Атыраудан «Елбасымыздың күніне келсеңіз деген» ұсыныс түсті. Шынымды айтсам, жинақталуыма үлкен қамшы болды. Туған жеріме келетін болғаннан кейін жаңа бағдарлама әкелуге тырыстым. Жаңа топтағы музыканттардың бәрі өте танымал, талантты жігіттер. Сондықтан, бүгінгі мерекелік кешіміз халықтың көңіл күйінің көтерілуіне септігі тисе, біз өте қуаныштымыз. Жасаған еңбектеріміздің нәтижесі сол деп ойлаймын»,-деді өнер иесі.




Жалпы, домбырашы Айгүл Үлкенбаева  орындаушылық жағынан шашасына шаң жұқпас жүйрік қана емес, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз. Оның 2006 жылдан бері мектеп студиясы жұмыс істейді.



Атап өтер болсақ, өнер иесі шараға шәкірттерінің өнерін көрсету мақсатында арнайы ертіп әкелген. Солардың ішінде ең кішкентайы – Ықылас Сүпігалиева. Ол үлкен сахна төріне алғаш қадамын жасады.




«Мен Айгүл Нариманқызының шәкіртімін. Ол сабақты өте жақсы үйретеді. Өскенде апайым сияқты күйші боламын»,-деді домбырашының шәкірті.




Талант иесі кештің шымылдығын Қ.Ахмедияровтың «Табыну» күйімен ашып, Құрманғазының «Қайран шешем», Динаның «Бұлбұл», Есбайдың «Терісқақпай», Мырзаның «Ташауыз», Махамбеттің «Өкініш», Динаның «Науысқы» күйлерін тартып, елдің көңілін жадыратты. Кеш соңын Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжінің домбырашылар тобымен және шәкірттерімен бірге күй тартыс жасап аяқтады.


ruh.kz
АО ІСБ