26 Қараша, 2019
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа сұрақ

«Әкімге сұрақ» айдарының бұл саны Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың еншісінде. Өңірдегі атқарылған жұмыстар, тарихи-мәдени мұрамыздың қалай және қаншалықты насихатталып жатқандығы, кімдерді және қашан қамтығаны жайлы төменде өрбіген сұқбаттан біле аласыздар. Мархабат! 

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қалай түсіндірер едіңіз?

Нұрлан Ноғаев: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болашағымыз үшін өте маңызды болғандықтан, бағдарламаны насихаттауды жас ұрпақтан бастаған жөн. Осы мақсатта 2017 жылдан бастап өңірімізде бағдарламаның «Тәрбие және білім» деп аталатын кіші бағдарламасы жүзеге асты.

Ең алдымен жастардың бойында отаншылдықты, елін, жерін, туған-туыстарын сүюді насихаттаған абзал. Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөз бар. Егер осы сөзді қайта жаңғыртсақ, бабаларымыз ұрпағына алдымен өз еліңді көркейт, туған жеріңде өзіңнің орның болсын деген ұғымды санаға сіңірту мақсатын көздегендей. Бағдарламаның алғашқы жылдарында-ақ «Туған өлке тарихы» жобасының тұсауы кесілді. Жоба облысымыздың барлық өңірлерінде тұрақты жүзеге асты. Мақсаты: музей сабақтары арқылы жастардың бойында туған өлке тарихына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, отаншылдыққа, патриотизмге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу болғандықтан, өткеннен ұлағат алған жастарымыздың Отанына деген сүйіспеншілігінің жоғары болатынына сенімім мол. Музей сабақтарының оқушыларға әсері бөлек болады. Жобаға қатысушылар өлке тарихымен танысып, өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарға толыққанды жауап ала алды. Оқушыларды өңірден табылған көне жәдігерлер тарихы ерекше қызықтырды.

Бұдан соң азаматтық белсенділікке баулуға ерекше мән берген дұрыс. Олай дейтінім, біздің қоғамымызға белсенді азаматтар керек. Белсенді жастардың қолдауымен еріктілер жасақтарын құрып, оларды қоғамға тиімді жұмыстарды қолға алуға баулу керек. Сонымен қатар рухани мұрамызды, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға мән беретін бағыттағы сұрақтар көбірек қозғалып, жастардың жаһандану жағдайында тілін, ділін, дәстүрлі дінін ұмытып кетпеуіне мән берілген дұрыс.

Жастарды кітапты сүюге баулитын «Қадірлі сыйлық» жобасын тұрақты жүзеге асырып келеміз. Жобаның мақсатына орай мектеп кітапханасына ерікті түрде кітап сыйлау, жастар арасында өзара қадірлі кітаптарын сыйлау акция­сы ұйымдастырылып отыр. 2018-2019 оқу жылынан бастап оқу бағдарламасына енгізілген «Өлкетану» пәні мен «Экология» сабақтары ұлттық код, ұлттық сана, прагматизм, білімнің салтанат құруы идеяларының жастарымыздың бойында қалыптасуына көп мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда жастар тәрбиесінде ұлтжандылыққа, рухани байлыққа, азаматтық белсенділікке, қоғамға өзіндік үлесін қосуға бағыттайтын мәселелр қозғалуы керек. Біз олардың болашағының өз қолдарында екендігін ұғындыра отырып, жастардың санасы арқылы бүкіл қоғамды жаңғыртуға үлес қосуымыз керек. 

Нұрлан Ноғаев

Ruh.kz: Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында облыстың қосқан үлесі?

Нұрлан Ноғаев: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары мәдениет саласына тың серпін берді.

«Рухани жаңғыру» аясында Атырау өңіріндегі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Алтын Орданың басты қалаларының бірі ортағасырлық Сарайшық қаласы, италияндық саяхатшылардың картасына енген Ақтөбе –Лаэти, Миялы қорғаны, Таскешу керуен сарайларына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді.

Атап айтсақ, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі мамандары 2017 жылы Қызылқоға ауданының территориясындағы Ойыл өзенінің солтүстігіндегі жазықтықта Миялы ауылынан солтүстікке 3 км, Жангелдин ауылынан оңтүстік-шығысқа 4 км жерде орналасқан сармат тайпаларының обасы болып саналатын Миялы қорғандар тобына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Миялы қорғандар тобына өткен жылдары барлау-бақылау   экспедициясы ұйымдастырылып, нәтижесінде 15 қорған анықталып, есепке алынды. Сол анықталған қорғандардың үшеуіне 2018 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында біреуінен сарматтық адамның мүрделері, садақ жебелерінің ұштары, құмыра және ауыздық, енді бірінен адамдардың сүйектері, сары түсті металлдан жасалған киім жапсырмалары, сырғаның салпыншақ бөлігі, ритуалды қола қазан және бетін қайың ағашының қабығымен жапқан адамның жерленген сүйегі, жанында ұшы темірден жасалған садақтың жебелері және белінің тұсында матаға бекітілген белбеудің күміс жапсырмалары табылды. Сары түсті металдан жасалған киімнің жапсырмалары пирамида, ою және ұшқан құстың бейнесінде бейнеленген. Ал асқан шеберлікпен жасалған сырғаның салпыншағы мен ұшқан құстың бейнесіне ұқсас киімнің жапсырмасы музей қорында жоқ бірегей артефактілердің бірі болып саналады. Бұл алтын түстес жапсырмалар Алматы қаласында апробациядан өткізіліп, оның 71, 72, 73, 91 пайыз сынамалы алтын екені анықталып, Алматы қаласындағы «Остров Крым» ЖШС-нде қалыпқа келтіру жұмыстары жасалды. 

Салттық рәсімде пайдаланылған қола қазанның ернеуінің айналасында төрт жерінде аң стилінде жасалған тұтқасы бар. Бұл біздің жерімізден табылған қола қазандардың ішіндегі алғашқы аң стиліндегі тұтқасы бар және бүтін күйінде сақталған қазандардың бірі болып саналады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздегі тарихи-мәдени мұралар мен киелі жерлерді жан-жақты зерделеуде үлкен бетбұрыс әкелді. Бағдарлама аясында Атырау облысында тарих және мәдениет ескерткіштері мен киелі жерлерді зерттеу, сақтау және насихаттау ісі жүйелі түрде жүргізілуде. Оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйіне мониторинг жүргізу, олардың қорғау аймақтарын белгілеу, жаңадан ескерткіштер мен киелі жерлер саналатын нысандарды анықтау бағытында іс-шаралар жыл сайын тұрақты ұйымдастырылуда. Бұл саладағы іс-шаралар өлкенің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталуда. Осыған орай облысымызда төмендегідей іс-шаралар атқарылғандығын айта кеткен жөн.

Облыстың тарихи-мәдени мұрасын насихаттау мақсатында соңғы жылдары тарих және мәдениет ескерткіштері туралы кітап-альбомдар, деректер жинағы және тағы басқа ақпараттық-танымдық басылымдар жарық көрді.

Оның ішінде облыстағы барлық тарихи-мәдени нысандар туралы ақпараттар қамтылған төрт томдық тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы, «История и культура Атырау в русских источниках (ХVІІІ-ХХ вв.)» атты 5 томдық жинақ, «Сарайшық бабалар мұрасы» атты деректер жинағы мен «Атырау даласының тарихи-мәдени мұрасы» фото-альбомы жарық көрді. Сонымен қатар, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіне жататын қорымдардағы құлпытастар мен мазарларда араб эпиграфикасымен жазылған жазулардың қазақша-орысша аудармалары берілген «Атырау қазақтарының эпиграфиялық ескерткіштері» атты сериялы кітап-альбомды шығару қолға алынды. Бүгінгі таңда 1-ші, 2-ші томдары басылып, 3-ші томы жыл аяғына дейін аяқтау көзделуде. Сонымен қатар Атырау қаласының және аудандардың тарих және мәдениет ескерткіштерінің үлкен және кіші масштабты карталары да шығарылды. 

IMG-20191006-WA0024.jpg

Келесі бір басылымдардың топтамасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында шығарылды. Нақты айтқанда «Тарих және мәдениет ескерткіштері болып табылатын киелі жерлер» кітапшасы, «Атырау облысының киелі жерлері» атты баспабаян мен осы атауда облыстағы киелі жерлердің орналасу картасы шығарылды. Осы тұста еске сала кетсек, облысымыздағы 7 нысан Қазақстанның киелі жерлерінің жалпы ұлттық тізіміне енсе, 20 нысан жергілікті маңызы бар киелі орындар тізіміне қосылды.

Өлкенің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау бағытында жыл сайын 18 сәуір Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай тарих және мәдениет ескерткіштері жөнінде семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер, көрмелер өткізіліп келеді. Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында олар туралы ақпаратты әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау тұрақты жолға қойылған.

Тарихи-мәдени мұрамызды насихаттау бағытында келесі бір басты іс-шаралар елімізге танымал ұлы тұлғалардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мен оларды кейінгі ұрпаққа таныстыру бағытында жүрізілуде. Осы мақсатта бүгінгі күні Атырау қаласында белгілі ақындар Жұмекен Нәжімеденовке, Фариза Оңғарсыноваға, Әбу Сәрсенбаевқа, күйші Қаршыға Ахмедияровқа, Халық қаҺарманы Хиуаз Доспановаға, Индер ауданының орталығында Мұрат Мөңкеұлына, Махамбет ауданы орталығында халық батыры Махамбет Өтемісұлына арналған еңселі ескерткіштер бой көтерді. Қазіргі уақытта Исатай ауданында Исатай Тайманұлына арналған ескерткіштің құрылысы аяқталуға жақын тұр. Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөнінде республикалық комиссиядан оң қорытындысын алған ақындар Хамит Ерғалиев пен Төлеген Айбергеновке және ғалым Халел Досмұхамедовке арналған ескерткіштерді облыс орталығында, ал күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішін Құрманғазы ауданының орталығында орнату көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды келер жылы да жалғастыру жоспарда бар. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Атырау қаласынан ұлы ақынға арнап және Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылында ғалым Халел Досмұхамедовке ескерткіштер салу жоспарда тұр.

2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлымен бірлесе ұйымдастырылған «Сарайшық: ұлы қала тарихы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумда «Орта ғасырлық Сарайшық қаласының зерттелуі» жобасы жасақталып, қазіргі таңда жобаны жүзеге асыру мақсатында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің мамандарының қатынасуымен Сарайшық қалашығының орнына қазба жұмыстары жүріп жатыр. Қазбаның алғашқы нәтижесі 2017 жылы қаланың іргетасының орындары ашылып, ортағасырлық кезеңге тән қола айна мен тиындар, құрылыста қолданылған сәндік қыш кірпіштер табылса, биылғы 2019 жылы қазба жұмысы қалаға кірер қақпа мен мұнараның орнын анықтады. 

WhatsApp Image 2019-10-10 at 18.01.40.jpeg

2018-2019 жылдары музей мамандары Атырау қаласына қарасты Томарлы селосынан шамамен 2 км қашықтықта орналасқан Ақтөбе–Лаэти көне қалашығына келешекте тарихи орынның сызбасын жасау үшін қалашықтың жер астында сақталған бөлігіне қазба жұмысын жүргізді. Бұл тарихи орын ХІІ-ХІV ғасырларда Төменгі Еділден Орталық Азияға өтетін керуен жолында орналасқан әр түрлі кәсіпшіліктермен айналысқан алтынордалық қалалардың бірі. Қазіргі таңда бұл қазба орыны және осы жерден табылған жәдігерлер шетелдіктердің, қала қонақтарының, өлкетанушылар мен кейінгі жас ұрпақтың қызығушылығын арттырып отыр.    «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ортағасырлық Сарайшық қаласының зерттелуі, киелі орындарды насихаттау, ғалымдардың зерттеулерін болашақ ұрпақ жадында жаңғырту, Каспий өңірі тарихи-мәдени мұраларын терең зерттеулерді қолға алу мақсатында 2016 және 2018 жылдары «Ибн Баттутаның Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы диалогты алға бастыру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. Конференцияға Түркия, Әзербайжан елдерінен тарих, филология, мәдениеттану салаларының ғалымдары, көршілес Ресейдің Астрахань облысының музей қызметкерлері және Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан музейінің басшылары мен қызметкерлері, республикалық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлері, өлкетанушылар, тарих пәнінің мұғалімдері, студенттер қатысты. Конференцияға қатысушылар бірауыздан көтерілген мәселенің бүгінгі әлемнің саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуында өзіндік ықпалының маңыздылығына тоқталды.

Елбасы патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатындықтан, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Елі мен жері үшін жанын қиған батырларымыз Исатай мен Махамбеттің өшпес рухы да әрдайым ұрпақ санасында сақталып, музейлік жәдігерлер мен тарихи ескерткіштер, мәдени нысандар арқылы насихатталып, 2016 жылдан бері «Туған жер – тұғырым» тақырыбында музейлік квест өткізу жолға қойылған. Музейлік квест тарихи-мәдени мұраны насихаттай отырып, жеңімпаз команданың Қазақстан территориясындағы тарихи орындарға жолдамамен барып, танысуына мүмкіндік береді. 2017-2018 жылдары студенттер арасында өткізілсе, 2019 жылы бұқаралық ақпарат өкілдері арасында өткізілген квесттің жеңімпазы Атырау телеарнасы Ботай-Бурабай қонысына жолдама алып, адамзаттың алғаш қолға жылқы үйреткен жерінің тарихымен танысып қайтты. Бүгінгі таңда музей Атырау телеарнасымен бірлесіп «Атырау КВЕСТ» телевизиялық жобасын іске асырып, квест ойындары арқылы құндылықтарымызды көрерменге насихаттауда.

Ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрған Алаш тарихы да зерттеле бастады, еліміздің тәуелсіздігі тарихын түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге кең мүмкіндік ашылды. Осы мақсатта 2016 жылы Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына орай музейдің ұйымдастыруымен «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» тақырыбында аймақтық конференция өткізілсе, 2018 жылы Алаш партиясының белсенді қайраткері Х. Досмұхамедовтың туған жері Қызылқоға ауданындағы Халел ставкасын анықтау мақсатында тарихи-этноархеологиялық экспедиция жасалды. Музей қызметкерлері Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Орталық архивіне іс-сапарға барып, тың архивтік құжаттарға қол жеткізіп қайтты. Жыл қорытындысымен қараша айында «Халел Досмұхамедов ұлы мұрат жолында» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды.

Жаңа тарихи кезеңдегі рухани жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қанымызға сіңген ұлы құндылықтарымыздың бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету, бата беру дәстүрінің тәлімдік, тәрбиелік маңызын және бата берудің түрлерін, шеберлігін, көркемдік дәрежесін арттыру мақсатында «Батаменен ел көгерер» байқауы 2018 жылы аймақтық деңгейде өтсе, 2019 жылы республикалық деңгейде ұйымдастырылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сай қыркүйек айында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Атырау облыстық білім беру басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоспарланған «Туған өлке тарихы» жобасының тұсауын кесті. Жоба облысымыздың барлық өңірлерінде тұрақты жүзеге асқалы отыр. Мақсаты: музейде өтетін сабақтар арқылы жастардың бойында туған өлке тарихына деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, отаншылдыққа, патриотизмге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу. 

IMG_0728-22-03-19-03-42.JPG

Ruh.kz: Сіздің өңірдегі заманауи мәдениет туралы айта кетсеңіз?

Нұрлан Ноғаев: Мемлекетаралық байланысты нығайту және музей қорындағы құндылықтарды насихаттау мақсатында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі 2018 жылдың 4 желтоқсаны мен 2019 жылдың 20 қаңтар аралығында Ресей Федерациясы Калмыкия Республикасының Н.Н. Пальмов атындағы Ұлттық музейінде «Ұлттық қолөнер – ұлт қазынасы» көшпелі көрмесін, 2018 жылдың 21 желтоқсаны мен 2019 жылдың 20 қаңтары аралығында Ташкент қаласындағы Өзбекстанның қолданбалы өнер тарихы және қолөнершілер мемлекеттік музейінде «Ортағасырлық Сарайшық қаласы» жылжымалы көрмесін ұйымдастырды.

Көрмелерге әр жылдары Сарайшық қаласына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған құмыралар, шырағдандар, сырлы тостағандар, қаптама плиталар, кірпіш, шығыр, құбыр, әшекей бұйымдары, қола айналар, картиналар, кітаптар, ғылыми есептер және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дайындалған қала тарихынан сыр шертетін ақпараттық стендтер, барлығы 122 дана жәдігер қойылды.

2019 жылдың 24 наурызында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен Лондон университеттік колледжінде «Central Asian Spring Festival» (CASF, «Орталық Азия көктем фестивалі») студенттік қауымдастығының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі атап өтілді. Мереке қонақтары үшін ұйымдастырылған шараға Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі қорының тарихи құндылықтары мен атыраулық қолөнершілердің қолөнер туындылары қойылды. Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі қорынан зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, тұрмыстық бұйымдар, ағаш, тері бұйымдары, барлығы 50-ге жуық жәдігерлер көрермен назарына ұсынылды.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі осы күнге дейін жүзден астам шара ұйымдастырды.

31 наурыз күні Қазақстан – Ресей стратегиялық әріптестігін қалыптастыру, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Омбы облыстық филормониясының залында Омбы тұрғындарына арнап Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі ұжымы «Шуақты өлкенің шаттығы» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Халықтар арасындағы достық байланысты нығайту және қазақ өнерін кеңінен насихаттау мақсатында «Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы мәдениет жылына» орай Атырау облыстық Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Хорезм облысының Үргеніш қаласында өнер көрсетіп, қазақ өнерінің қазынасын өзбек сахнасында әуелетті.

Ағымдағы жылдың қараша айында ұлы даланың рухани құндылықтарын насихаттау мақсатында Қазақстан тарихындағы екінші Алтын адамның табылғанына 20 жыл толуына орай РФ Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаж музейінде Алтын адамның шеруін ұйымдаcтыру жоспарлануда. 

WhatsApp Image 2019-09-08 at 21.10.13.jpeg

Ruh.kz: Сіздің өңірдің мақтан етер батырлары мен замандастары жайлы айтып өтсеңіз?

Нұрлан Ноғаев: Атырау өлкесі – қазынаға толы көне шежірені қойнауына сыйғызған құтты мекен. Елбасының Атырауға келген сапарында айтқан сөзі бар: «Міне, мынау Ақ Жайықтың суы шайып жатқан Сарайшық. Еуразияның апайтөс даласындағы көптеген елді өркениет пен ерлікке, бірлік пен тірлікке, ақыл-парасат пен бауырластыққа баулыған Алтын Орда елінен қалған сары жұрт. Ол Қасымхан билік құрған тұста қазақ хандығының астанасы болды. Бүкіл түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары – Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі – Охас, одан бергі Қасымхан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапты». Сарайшық жайлы әңгіме қозғала қалса, алдымен Алтын Орда дәуірі, одан бергі ноғай, қазақ хандықтарының игі жақсылары еске түседі, ел билеген Бату хан мен оның балалары, әсіресе Сартақ, Өзбек хан мен Жәнібек, Бердібек, Қасым хандар, ел қорғаған Едіге, Ер Тарғын, Қамбар батырлар мен Сыпырадай сұңғыла жырау, Асан қайғы мен Жиембеттей ақындар, Жиреншедей шешендер ойымызға оралады. Айтулы батыр Ағатай, «Аңырақай» шайқасында қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайырдың ту ұстаушысы болған Пыштанай, аттары қатар аталатын Исатай мен Махамбет, беріге оралсақ, екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен Боран Нысанбаев, қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанова, бұл тізім тым ұзақ және Атырау топырағында осындай ержүрек батырлардың өмірге келгені – зор мақтаныш, өскелең ұрпаққа үлгі етер ұлағатты есімдер.

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп білген бабаларымыз ұрпағына кең-байтақ мекенді алып жатқан Отанын сүюді аманат етті. Аманатқа адал болған әр ұрпақтың өркені өсіп, болашағы жарқын болмақ. Ал «туған жер» ұғымының санаға құйылып, зердеге тоқылуы ұлт болашағы үшін маңызды.

Батырлық, қаһармандық тек соғыста ғана сыналмайды. Бейбіт күнде де өз мүддесінен ел мүддесін биік қойған абзал жандарды халықтың өзі батыр деп біледі, тұлға деп таниды. Мысалы, қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебаевты, нәзік жанды әйел заты болса да, отты да рухты жырларымен поэзияда найзағай ойнатқан Фариза Оңғарсынованы, қазақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Илья Жақановты осы қатарда атар едім. Үлкендердің ізін жалғаған бүгінгі жастардың арасында да жігерлі азаматтар бар. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, атыраулық спортшы Ержан Сәлімгереев көпке үлгі. Мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, ерік-жігерінің мықтылығының арқасында шетелдердегі спорттық жарыстарда Қазақстанның туын биікке көтеріп жүр. Өзгенің өмірін сақтап қаламын деп өз өмірін құрбан еткен полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиевты да атыраулықтар бейбіт күннің батыры деп біледі.

Ерлік – рухы асқақ адамның ғана қолынан келеді. Ал Атырау – әуелден батырлардың елі. Өрлік пен қайсарлықты, батылдық пен намысты ту еткен, кие тұнған топырақта әлі талай ақын да, батыр да туары хақ.

Ruh.kz: Нұрлан Асқарұлы, сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге жеміс, сіз басқарып отырған өңірге толағай табыстар тілейміз!

Ескерту: сұхбат Атырау облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінің көмегімен дайындалды.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінен алынды