6 Қараша, 2017
Әуезов жолы – үлгі, жұлдызы – бағдар

Назарбаев Универ­си­теттің ұйымдас­ты­руымен «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының ұлы жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгілік Елдің рухани байрағы – Мұхтар Әуезов» атты естелік, сырлы сұхбат кеші өтті, деп жазады https://egemen.kz/article/160852-auezov-zholy-%E2%80%93-ulgi-zhuldyzy-%E2%80%93-baghdar">egemen.kz.



Кешке белгілі ғалым, қоғам қайрат­кері Мырзатай Жолдас­беков, абайтанушы, ғалым Ме­кем­­тас Мырзахметов, дип­ло­­­­мат, мемлекет және қоғам қай­рат­кері Мұрат Әуезов қатысты. 



Кештің шымылдығы Назарбаев Университеттің прези­денті Шигео Катсудың құт­тық­­тау сөзімен ашылды. Сөзін қазақша бастаған Шигео Кат­су Әуезовтің жазушылық жолы мен аударма саласындағы еңбе­гіне тоқталып, кешке кел­­ген құрметті қонақтарды құт­тық­тады. Назарбаев Уни­верси­т­еттің студенттік іс­тер және халықаралық қаты­нас­тар жө­ніндегі вице-прези­денті Қ.Даирова елі­міз­дегі ең үздік білім ордасының шәкірт­тері тек қана технократ емес, ру­ханиятқа да жақын екенін айт­ты. Себебі студенттер ор­кес­трі Құрманғазының күйін орындап, «аманатқа адалдық» атты Әуезовке арналған сахналық қойылым қойды. 



«Кісілік – тұлғамен өлше­не­ді. Байтақ тарихымызды тұл­ғалар тарихы құрайды. Бір қазаққа ғана емес, әлемге аяулы ұл болған аса көрнекті жазушымыз, ұстазымыз Мұх­тар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдық мерейтойын ұйым­дастырып отырған универ­си­теттің басшылығына, прези­дентіне алғысымды айтамын. Әуезов туралы аз жазылған жоқ, аз айтылған жоқ. Әлі де ай­тылып, жазылады. Әуезов – қан­ша айтса да таусылмайтын бай­­тақ әлем. Бір замандар­да есік­тен сығалаған, аудитория­ға ер­кін кіруге именген біз енді естелік айтатын жасқа келіппіз. Алғашқы курсымызда халық ауыз әдебиетінен, одан кейінгі жылы абайтанудан, үшінші курста КСРО халықтары әде­биетінен Мұхаң бізге дәріс оқы­ды. Алдыңғы оқығандардан сұра­сақ, оларға сабақ бергенімен, дәл бізге үш жыл қатырынан сабақ бермепті. Біз өте бақытты курс болдық. Оның үстіне бір жыл бір кафедрада ұстазыммен қыз­меттес болған едім.



Оған да Әуезов өзі мұрындық болған. Оқу бітірер жылы әде­би жыл қорытындысында драматургияға байланыс­ты сөз сөйледім. Сол сөзім ұнап қалып, сондағы ректорымыз Дар­ханбаевқа телефон шалып, маған университетте қалуға жағдай жасады. Ұстаздық сол үмітін ақтау бәрімізге парыз болды. Әуезов жолы – үлгі, Әуезов биігі – мақсат, Әуезов жұлдызы – бағдар болып қала бермек», деп ұстаз ұлағатын еске алған Мырзатай Жолдасбеков ке­меңгер жазушының өмірі мен шығармашылығына кеңі­нен тоқталды. Мекемтас Мыр- ­­з­ах­­­­­метов сөзін Абайдан бастады. Абайдың «толық адам» ілімін соңғы уақытта зерттеп, сегіз университеттің оқу бағ­дарламасына енгізген ғалым бұл ұғымның түп-тамырын біздің заманымызға дейінгі дәуірде өмір сүрген Афрасиябтың болмысынан тауыпты.



Оның адамгершілік туралы өсиеті бүкіл Тұран даласына тараған. Ғалым Қытайдың, Үндістанның киелі кітаптарынан да соған ұқсас ұғымдарды тапқанын айтты. Кейін халық санасы өзгергенде Қожа Ахмет Ясауи бұл ұғым­ды қайта жазғанға ұқсай­ды. Ол кемел адам сипатын «толық адам» деп Абай жал­ғас­тырыпты. Ал хәкімнің шы­ғар­машылығымен, өмірімен қазақ халқын жіті таныстырған Әуезов болатын. Мекемтас Мырзахметов жазушының, бірінші абайтанушының осы қырына тоқталды. 



Осы кештің аясында Мұ­рат Мұх­тар­ұлы Әуезов­тің «Ділім» кітабының тұ­сау­кесе­рі өтті. Бүгінгі күні қазақ интел­­лектуалдарының аға буынына айнал­ған Мұрат Әуезовтің өмір жолынан сыр шертетін кітап Назарбаев Универ­си­те­т­тің кітап­ханасына және рухани жаң­ғыру орталығына сый­ға тар­ты­лды. Осымен қоса ай­та ке­тетін жайт, Мырза­тай Жол­­дасбеков та өзінің қол­таң­­басы жазылған кітап­тарын Уни­верситеттің ұжы­мына сыйлады. Мұрат Әуезов сту­дент­тердің көкейіндегі сұрақтарға жа­уап беріп, «Ділім» кітабының тақырыптық, идеялық ерек­шеліктеріне тоқталды. 



Назарбаев Университеттің атқарушы вице-президенті Ердан Құсаин кешті қоры­тын­­дылап, қонақтарға алғыс айтты.    



Бағашар Тұрсынбайұлы, 



«Егемен Қазақстан»


egemen.kz.