18 Сәуір, 2019
Ауылдың иісі бұрқ етіп...

Ауылда өскен баланың бойына қидың түтінімен, қойдың жамыраған дауысымен, қырдың жуасымен, сүттің кілегейімен бір қасиет дариды дейтін атам. Ауыл көрген бала бөлек те, көрмеген бала тым бөлек. Нақтысында ауыл тіршілігін, қазақылықтың негізін көріп аттың жалында өскен, үлкендер айтар әңгімені естіген баланың таным-түсінігі едәуір озық болады-ау. Өйткені ақсақалдар бала күніндегі үлкендерден естіген әңгімелерді айтысады. Ол әңгімелерде бір жылылық бартын. Миымыз жете бермейтін, түсіндіре алмайтын бір жақындық бартын. Бұл ұлттық кодтағы, қандағы ұлттық ерекшеліктер екен. Бүгін білдім. Сезіндім. Атам айтар әңгімені есіттім. Сол мақам. Сол ишара. Сол иіс.


Отырыр кітапханасында талантты қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлының «Алқа» әдеби клубы ұйымдастырған студенттермен, оқырмандармен кездесу кеші өтті. Жақында ғана жарық көрген «Дайағашшы» кітабының таныстырылымы десе де болады. Күй орындалды, өлең оқылды, әңгіме айтылды. Біртүрлі таныс, біртүрлі жылы әңгіме айтылды. Сол турасында...



Әуелі «Дайағашшы». Ол не, бұл кім? Бұл сөзде қазақтың біраз болмысы айтылады. Жә, өзіңіз байқап көрерсіз. Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деген өлеңінде «Бәйге берем жығылған палуанға да» дейтін тіркесі бар еді ғой?! Орайы бар сөз. Қазақ жығылған балуанға да жүлде берген екен.



Бәйге болады дейікші. Сол бәйгеге шамамен 100 ат қатысады дейік. Сол жүз аттың отызына жүлде тағайындалады. Мәрттік, ә?! Содан жаңағы жүлде алатын отыз атты кезек-кезек күтіп алу үшін отыз дайағашшы тағайындалады. Қазақта «Қатының ұл тапты ма, әлде атың бәйгеден келді ме?» деген сөз бар. Осындағы біреудің атының бәйгеден жүлде әкелгенін сүйіншілейтін адам – дайағашшы. Той жасап жатқан жақ дайағашшыны арнайы тұрмысында ахуал байқалған, жақынынан айырылып көңілі құлазып жүрген немесе т.с.с. адамдардан сайлаған көрінеді.Тұлпары топ жарғанға ұлды болғандай қуанатын қазақ сүйінші сұраған адамнан несін аясын? Тіпті «атағы да жетеді, жүлдесі сенікі», дейтін жігіттер де табылса керек. Осындайда жүлдені толық алған дайағашшының: «онда той біздікінде» деуі – жігіттік парызы. Қазақтың жомарттығы, қазақтың тойының қазыналығы осында ма дерсің, шіркін!





М. Әуезовтың «Қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деген сөзі бар. Осыны Қадір Мырза-Әлі ағамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», деп түйіндесе керек. Осы күні кейінгі өлең жолдарын аса мақтанышпен айтысып жүр. Бұл дұрыс емес. Бұл жерде еш мақтан жоқ. Бұл жерде қасірет бар. Қазақтан қазақылық кетті, қазақтан қадір кетті, қазақтан сөз кетті, қазақтың бар болмыс, қадір-қасиеті күйінде ғана қалды деген өкінішін осылай жеткізсе керек. Қазақтан қадір неге кетті? Себебі сөз кетті. Сөз неге кетті? Тұрмыс өзгерді, көшпелі тіршілік тоқтап, отырықшылыққа ауыстық. Көш көрмеген, көшіп көрмеген буынбыз біз.





Міне осындай әңгімелер өрбіп, осындай тәлім айтылған кеш болды. Әлі қорыта қойған жоқпын. Осы және басқа да мәселелер төңірегінде Ұларбек Нұрғалымұлының айтарын алдағы сұқбаттан оқырсыздар.





Ал мен сұқбатқа дайындалайын.



 



Сұлтан Мұстафин,



Ruh.kz


Ruh.kz
Ғаламтор желісінен