2 Маусым, 2020
«Аунату» мен «туған жерге аунату» бір дәстүр ме?

Көне заманнан қалған бұл дәстүрлердің екеуі де қазіргі таңда өте сирек қолданыста. Атаулары ұқсас болғанымен, бұлардың өзіндік ерекшеліктері бар.

пп.jpg

«Аунату» дәстүрі. Бүкіл ауыл-аймаққа үлгі қария, ақсақал, білімпаз азамат, елге сыйлы, дарынды адамдар әрқашан алдыңғы орында болатыны белгілі. Қазақ мұндай кісілерді үнемі құрметтеп, тіпті балаларын олардың алдынан өткізіп, батасын алуға асыққан. Ескіліктен қалыптасқан аунату дәстүрінің де мәні осында. Бір отбасына жоғарыда атағандай, тәрбиесі мен келбеті жарасқан ірі тұлға қонаққа келгенде ол отырған орындыққа не жатқан төсекке баласын аунатып алған. Аунату салты ұмыт болғанымен, игі істерге бастайтын құндылық екенін мойындау керек. Оны ата-бабамыз бертінге дейін қолданған. Мәселен өткен ғасырда Шыңғыс Айтматовтың үйіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезов келген екен. Сонда ол отырған орындыққа Шыңғыс Айтматов өзінің ұлын аунатып алыпты. Себебі қырғыз Алатауынан жарқ етіп шыққан ұлы жазушы қазақтың Мұхтарын өзіне ұстаз деп қабылдаған. Міне, ғажап! Атағы жер жарған тұлғаларымыз дәріптеп, сенген дәстүрді біз қалайша қайта жаңғыртпайтпыз?!. Қырғыз-қазақ жұртынан шыққан қос тұлғаның ағалық-інілік сыйластығы мен бірі-біріне көрсеткен жылы ілтипаты ұрпаққа үлгі болмақ.

tGqxGhTfyHEftoUY-lg.jpg

Ш. Айтматов ұлдарымен.jpg

Шыңғыс Айтматов ұлдарымен

a33a47bba9795f5daa3e149b04b125b0.jpg

Мұхтар Әуезов

«Туған жерге аунату» дәстүрі. Аталған салт несімен ерекшеленеді: жыраққа көшіп, сонда қоныстанған не болмаса ұзақ уақытқа туған елінен алысқа сапар шегіп кеткен ер балалар араға ұзақ жылдар салып отанына келеді. Сонда оның ата-анасы мен жақын бауырлары туған өлкесіне аунатып алатын болған. Олай жасауының бір себебі – туған жерді ұмытпай, азаматтық борышты өтеу керектігін көздесе, тағы бірі – бұл мекенде әке-шешесі, барлық ет-жақыны тұратынын есіне салғаны. Олардың берген тәлім-тәрбиесін бағалап, қайда жүрсе де ойында сақтап жүрсін дегені. Сайып келгенде «туған жерге аунату» ұлттық дәстүрінің мәні «мейлі сен жердің келесі бұрышына көшіп кетсең де, қанша алыста жүрсең де, түптеп келгенде отаның осы ел, сен осында туылдың, бұл ата-тегіңнің кіндік қаны тамған жері» дегенге келеді.

1-19102413342G54.jpg

Байқап отырғаныңыздай, атам қазақ қалыптастырған қос дәстүр сәл-пәл өзгешеліктерге ие. Дегенмен екеуінің де мақсаты бір – адамды жақсы қасиеттерге баулу. «Аунату» жоралғысынан біз «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену» қажеттігін ұғынсақ, «туған жерге аунату» салты арқылы туған жеріңді, ондағы ел-жұртыңды, қаныңды, руыңды, өзіңнің қайдан шыққаныңды ұмытпау керектігін, отаншыл болу қажеттігін түсінеміз.

IMG-20191104-WA0019.jpg

лл.jpg

Бұл тақырып не үшін қозғалды? Себебі, жоғарыдағыдай терең мәні бар аунату дәстүрін қазіргі жаңа ұрпақ ұмыта бастады. Бұл салттың атын жақсы білсе де, оны орындайтындар қатары өте сирек.

471401505b63d7b7ccecaa84314ff25d.jpg

Қазақта небір салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар бар. Ұлттық кодқа барынша бай халықтың қатарынанбыз. Әрине, олардың ішінде тәлім-тағылымы мол дәстүрлер жетіп артылады. Кезекті мақаламызда арқау еткен дәстүрлеріміздің қоғамға берер пайдалы жағы өте көп. Шежіре қылып, шаң басқан архивке ысырып тастамас бұрын, қай құндылық қандай мән беретінін толығымен біліп, ара-жігін ажыратып алғанымыз абзал.

mg_3624.jpg

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден