30 Қыркүйек, 2020
«Айбын-2020» әскери-патриоттық жарысы қалай өтуде?

Түпқараған ауданының жас сарбаздары VI Республикалық «Айбын-2020» әскери-патриоттық жарысына қатысуда. 

Бұл туралы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығы Нұртай Тобанов мәлім етті. Оның айтуынша, Ақшұқыр мектеп-лицейінің «Альтаир» әскери патриоттық клубынан 15 оқушы «Айбын-2020» VI Республикалық әскери-патриоттық жарысына қатысуда. Онлайн форматта бастау алған сайыс 28 қыркүйек пен 30 қараша айының аралығында 7 бағдарлама бойынша өтеді.

«Жас сарбаздар физикалық дайындығы, АК-74 қарауын бөлшектеп жинау, газқағарды және қорғаныс киімдерін жылдамдықта киіп-шешу және жас сарбаздардың ой-өрісін дамыту мақсатындағы зияткерлік ойындар арқылы бақ сынайды.

Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты облыс атынан әскери жарысқа қатысып жатқан оқушылар өз жұмыстарын бейнежазбаға түсіріп, ұйымдастырушыларға жібереді. Жарыс талабына сәйкес қорытынды жұмыс сол бейнежазба бойынша бағаланады», - деді Нұртай Тобанов.

Еске сала кетейік, «Альтаир» әскери патриоттық клубының жас сарбаздары «Айбын-2019» патриоттық жарысында жекелей жарыстар аясында жүлделі орындарға ие болды. 

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz